Қараңғы түнде жолға шығып, көрінбей кетті. ~ Екеуі аяқтарын жіті басып, әне- міне дегенше түн қойнына сіңіп кеткен. Қ.Жұм. ~ Тұншыға өксіп қалбақтаған көлеңке түн қойнына сіңіп алыстай берді…Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮНЕК ТҮНДЕЙ ТҮНЕРДІ
Қабағы қарс жабылды, ашулы кейіп танытты. ~ Түнек түндей түнеріп, қара күйе жаққандай қарайып, сыр бермей сазарып отырып қалған кемпір мен шалдың сыңайын таныған қу келін оларды немересімен алдарқатты, ес жиып, етегін жауып, алты жасқа аяқ басқан Қуанышты балдай тілімен, шекердей қылығымен беріп кететінін айтқанда Мәлике сылқ етіп жібіп кетті. Ғ.Біл.
ТҮН ҚҰШАҒЫ
Түпсіз қараңғылық. * Қатшагүл артына қайта-қайта қарағыштап, Жаңылға ілесіп қараңғы түннің құшағына сіңіп барады… О.Сәрс. * Асылып — ақ Шолпанға түн құшағы, Қалуға таңмен бірге тырмысады. М.Мақ. * Түн құшағында мүлгіген елес, Қараша гүліндей солған. … Түн құшағында мүлгіген елес,– Өрмекші тоқыған тордай. Т.Таңж. * Еділ түннің құшағында күрсініп. Әлденендей қалың ойға шомады. С.Мәул.
ТҮНЕМЕЛ ҚЫМЫЗ
Екі тәулік сақталып, сапырылған, пісуі әбден жеткен қымыз. ~ Бүгін, өткен түнде де аз ұйықтаған Абай, ертеңгі оразасын түнемел қымызбен ашып, қызық роман уақиғасына шомды. М.Әу. * Тай қазандар асылып, саба-саба түнемел қымыз әкелінді. Ә.Шәр. ~ Ана қыздардың шімірікпестен, қымсынбастан келіп түней жатып, сайран салулары жақсылық емес. Түнемел қыздың ашуы қатты болатынын білесіз. С.Жүн.
ТҮН МАУЖЫРАП ТҰР
Мүлгіген тыныштық жайлаған түнгі уақыт. * Жып-жылы түн маужырап, Көтерілген жерден бу. Саф күмістей жалтырап Тыныш жатқан тұнық су. М.Жұмаб. ~ Жігіттер қонақ кәдесін жасап ауыл сыртына шықты. Он төртінде туған ай сүттей жарық, түн маужырап тұр. Үп еткен жел лебі білінбейді. З.Шүк. ~ Біз атқа мінгесіп келе жатқанда түн маужырап, дала мүлгіп жатқан кез еді. Ш.Айт.
ТҮННІҢ ЕТЕГІ ТҮРІЛДІ
Таң қылаң берді. * Айнала әлдебір жұмсақ нұр, таңғы сәуленің бояуымен әсте- әсте айқындана көрініп, түні бойы дүниені тұмшалаған қапас қараңғылық ақырындап сейіліп бара жатқан ғажайып сәт. Қаракөлеңке атаулы күн батысқа қарай елеусіз ғана сырылып, түннің етегі түріліп келе жатыр. Ж.Шағ.
ТҮН ПЕРІСІ
Мифологиялық кейіпкер. ~ Шолпысы сылдырап, түн перісіндей биязы қозғалып басып, майда самал үлбіреткен торғын шымылдық ішіне кіріп кеткен айдай сұлу тәкаппар жарына мың мәрте риза. С.Ел. ~ Жүрегі атша тулады. Жанынан жылжып өткен түн перісі дерсің. Бағы ма, әлде соры ма байғұс Қозбағардың? С.Ел.
ТҮНСАТ ҚЫЛДЫ
Қызды түнде жасырын, жедел ұзатып немесе шығарып салу. ~ Құрман: Гүлжанды қашып кетті қылып, Сағит ауылдарының ешқайсысы білмей қалған болмақ па?.. Жоқ. "Түнсат" қылып ұзатып шығарып салатын кісілер бола ма?.. Мұғалім: "Түнсат" қылмақ. Сағиттың. кіші шешесінен туған Кенжебек деген бала һәм Қыстаубай деген жігіт, — деді. С.Сей.
ТҮН ТҮНДІГІ ТҮРІЛДІ (ЖАБЫЛДЫ)
Таң қылаң берді. ~ Нұр сәулесі көк жара Берді аспанға тан қылаң. Сөнді жұлдыз шоқтайын, Түн түндігі түрілді. І.Ес. ~ Ақыры түн түндігі де түрілді. Жұрт дәлізде әрі-бері жүре бастады. Қазір ғана профессор біздің палатаға келіп кетті. Н.Кел.. ~.Алғашқы сәтсіздіктен жілігім шағылып қалса, онда ешқашан еш нәрсе тындыра алмасымды білем. Ертеңіне түн түндігі түріле тағы кірістік. Бұл күні де тілі құрғыр шешілмей, ойға ерік бере алмай, байлаулы бұзаудай бір орынға таңылып, қаңтарылып қалдық. Н.Кел. ~ … жауынды күні, әсіресе, қарашада түн түндігі тым ерте жабылып, онсыз да келтелене бастаған күннің аз ғұмырын қызғанғандай еді… О.Бөк
ТҮП ЕТЕГІНЕН (ЕТЕКТЕН) ҰСТАП АЛДЫ
Шап беріп, етегіне жармасып, жібермей ұстау. ~ Бір уақытта артына қараса, көп балалар көз жазып қалыпты. Қасында бір әйел қалыпты. Қараса — өзінің жеңгесі. Қартқожаның түп етегінен ұстап алыпты. Ж.Айм. ~ . Нағиманың төсегіне жақындаған сайын осы салқындық үдей түскендей болды: төсекке жақындады десе, Нағима мұның мойнынан шап беріп құшақтап, өлердегі сөзін айтып, түп етегінен ұстап айырылмайтын секілденді және Нағима мұны жалғыз Қайдарға істесе бір сәрі-ау жұрт өсегі шын болса — көрінген еркекке істейтіні сол болмақ қой… Б.Май. ~ " – Бұл болмайды! – дейді, – уай, пәлі–ай, жөн, жосық, салт, дәстүр дегеннің ұлығы, ұятсызы болады осындай, билер – дала судьясы, айтты–бітті, үкімі талқыға түспейді, әйтсе де бейшара қазақты түп етектен ұстап кері тартатын дәстүрдің тозығын сілкіп тастап, салт–сананың озығын алсақ болмас па!" Д.Дос. ~ Төртуыл іші бұрын ұрлықтан таза сияқты еді, ақыры ол да жеті ағайынды жұттың бірі боп келіп, түп етектен ұстаған секілді… Қ.Жұм.
