Posted in

ТҮНДІГІН ЖЕЛПІЛДЕТТІ

Әбігер қылды, әуре-сарсаңға салды. * Осындай алып қашты әңгімелер нөсер алдындағы дауылдай талай үйдің түндігін желпілдетіп, шаңырағын шайқалтып бір өтті. Қ.Жұм. * Қалаға қоныс аудар деп кемпірдің түндігін желпілдетіп, әуре-сарсаңға салудан өзгені білмейді. Кеудемде жаным барда кетпеспін туған жерден. С.Сағ. * Ақбоз үйдің түндігін желпілдетіп, Қонды ма кеп қойлы ауыл Қарасуға? М.Мақ.

Posted in

ТҮП НҰСҚА

Негізгі нұсқа. ~ Есіркеген әңгіменің түп нұсқасын бірден түсінді. «Ана кісісі кім екен? Байтабын тобында Қоңырқұлжаның көз–құлағы болған ғой». І.Ес. ~ Бұл жерде көңіл бөлетін тағы бір жай: Орта Азияны, қазақ даласын аралаған саяхатшылардың түркі сөздерге, әсіресе, есімдерге тілдері келе бермейді де, көбін жаңылыс немесе өз тілдерінің заңына сәйкестендіре жазған, олардың түп-нұсқасын айыру қиынға соғады. С.Мұқ.

Posted in

ТҮН ҚАТТЫ

Түні бойы көз ілмей ат үстінде болу. ~ Ай сәскелікке келген кезде, бозбалалар қысыр әңгімеге кірісті. Біреу жылқы баққанын, біреу қала шыққанын, біреу «түн қатқанын», біреу сасқанын, біреу ұялғанын айтысты. Ж.Айм. ~ ~ 1921 жылы маусым айының орта кезінде «Сарысу» деген өзенді жағалап екі кісі түн қатып келе жаттық. С.Сей. ~Үш ай тоқсан болғанда мұз қатады, Бикешті күзді күні ұзатады, Бикешті ұзатат деп естіген соң Арқадан Сегіз серің түн қатады. Ә.Марғ. ~ Оу, түн қатып жылқы айдау оңай ма? Әй, Орынборға жеткенше құр сүлделеріміз қалатын шығар… О.Сәрс. ~ Ол Жәкей ауылындағы солдаттардың араққа араласуы көп ауылдың бүгін түн қата көшетіндігінен хабарсыз екендігін білдіреді деп мөлшерлеген еді. Ғ.Біл. ~ Сарғайып сары белден таң атады, Ақ құба бидай өңді түн қатады. М.Әу.

Posted in

ТҮПКЕ (ТҮБІНЕ) ЖЕТТІ

1.Құртып тынды; сорын қайнатты. * Күләш (жылап тұрып). Ойбай-ай, не істедіңдер? Бетаузының бәрін қан басып кетіпті ғой. Қу тоқал-ай, түпке жеттің-ау! М.Әуез. * Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер, Ойламау келешекті түпке жетер. М.Жұмаб. * «Итаяқ пен Ақпанның түбіне жеткен Шепе дейді, құдай соны неге атпайды?! «Тастаған шоқпар сорлыға тиеді», деп, шоқпардың ауыры Күнтайға тиді. С.Мұқан. 2. Тәмамдады, бітірді, тауысты. * Сүйтіп қиқалақтап отырып, трилогияның да, очеркмақалалардың да түбіне жеттік-ау! Г.Бельг.* Шеттерінен доцент, профессор, академик. Оқудың түбіне жетіп болдық, толдық, енді бізге өзгені оқыту ғана қалды деп есептеді. Т.Сәук.

Posted in

ТҮН ҚАТЫП, ТҮСІ ҚАШЫП (ЖҮР)

Түн демей, күн демей, жайлы төсегінен безіп, көз ілмей жорықта жүрді д.м. ~ Ер төсектен безінбей, Ұлы түске ұрынбай, Түн қатып жүріп, түс қашпай, Тебінгі теріс тағынбай … Махамбет. ~ Түн қатып, түс қашқан жорықтарда қолыңды бастап,туыңды ұстадым. К.Сег. ~ Ел жатып қалғанда түн қатып, түсің қашып, басыңа не күн туып жүр. – Шаруа бар, ақ жеңеше. Шар-у-а!.. Ә.Нұрп. ~ Қаңтардың қара суығында Ертістің екі бетінен жарып жылқы алып, түн қатып, түсі қашып жүретін қызыл көз. Айналасындағы елді ұрлығымен қан-қақсатқан. І.Жанс. ~ «Көз тілдім — бәрімізді бір шұқырға үйіп отырған — Арыппай, кезеніп келгенім Мамозы… Түн қатып, түсі қашып келген де сол мұндар ғой. Ж.Ахм. .

Posted in

ТҮНДІК БАСЫ

Әр шаңырақ, жеке үй. * Түндік басы жылына төрт сом алым төлегені болмаса, әскерге лау, азық бергені болмаса, бұларда не шығын бар? Ж.Айм. * … өз тұқымына түскен алымшығынды түндік басына үлестіру, жинау, олардың арасынан мал табу Көксаудың қолында. Ж.Айм. Патшалық Ресейдің әр үйге салатын салық атауы. * Түндік басы жылына төрт сом алым төлегені болмаса, әскерге лау, азық бергені болмаса, бұларда не шығын бар? Ж.Айм. * Мұндайлық айналма пәленің ашық аты — «Недоймке», «Қарашығын» және биыл түскен «Түндік басы». М.Әу.

Posted in

ТҮПТЕП КЕЛГЕНДЕ

Шынтуайтын айтқанда. ~ Ол қандай құдандалық? Түсінбедім, інішек. — Е, аздап ұқсайтындықтарын айтамын. Түптеп келгенде, құрма дегеніңіз араб жерінің, оазистерінің осыған ұқсас жидесі ғой. Ж.Шағ. ~ Бұл түптеп келгенде, бұрын-соңды еш жерден кезікпеген тың сюжет. Таза, қоспасыз, табиғи шығармашылық шешім. Қ.Жиен. ~ Біз бірбірімізді танимыз, баяғыдан білеміз деп ойлаймыз, түптеп келгенде, түк те олай емес, біз ең әуелі өзіміздің кім екенімізді зерттеп алайық та. О.Бөк. ~ Олардың да түптеп келгенде тірелетіні – түгел нәсілдің түбі бір. Түп атасы – Адам ата. Ү.Жәл.

Posted in

ТҮККЕ ТҰРҒЫСЫЗ

Еш құны жоқ. ~ Бұл жолы шынында өлген екен, шынында деп қосуымыздың өз себебі бар, дегенмен бұл арада оның өз тәжірибесі түкке тұрғысыз екені де айқын еді, өлу турасында ойлауға болатын шығар, қалайда өлуге үйрену қиындау сияқты. А.Әділб. ~ … отырып алып, осы бертінде ғана пайда болған лифт, радио сияқты заттардың түкке тұрғысыз дүние екенін қайта-қайта айта беретін. А.Крис.

Posted in

ТҮЛКІ ҚҰРСАҚ

Дәм татпаған, қарны аш. ~ Әпке, қонақ келді. Өзі азаннан түлкі құрсақ, алдына ас қойсаң, түк қоймай жамсатып асай береді. Менің де қарным аш. Жылы-жұмсағыңызды аямаңыз. М.Қаб. * Баркөлден бергі жол бойында түлкі құрсақ келген Боранқұл тамақтанғысы келді. Ғ.Біл. * Жылы үй, таза төсек. Тек тамағы ғана түлкі құрсақ. Тары ботқа болған күні бір жасап қаласың. Т.Сәу. ~ Кәріпжанның «ауыл дәмі» деп ала келген піскен ет, канистр толы қымызы бар екен, түлкі құрсақ студенттерді бір қарық қылған. Б.Тоғ.