Posted in

ТҮЛКІ ЖОРҒАҚ

Жорта аңқаусып, қулыққа басу. ~ Есенейдің алдын ала Тоқсанмен жолығысқан Құрымсы: — Құрдас-ау, сен түлкі жортағыңды қоя тұрып, тура сұрауға, тура жауабыңды берші: Керей, Уақ осынша қара тер болып шапқылағанда, түпкі мақсатың не? -деді. С.Мұқ. ~ Айбаршаның тік мінезінен қаймығатын Самарқан, өзі білетін сыпайы әдістің бәрін қолданып сөзге келтіріп алды да, туралап айтпағанмен, көңіл күйін сездірді. Оны түсінген Айбарша, есін білген қыздың түлкі жортағына салып, қоштасқанда Самарқанның кеудесіне үміт сәулесін қалдырған сияқтанып кетті. С.Мұқ.

Posted in

ТҮЛКІ ЖОРТПАС ТҮЛЕЙ

Ит тұмсығы батпайтын қалың жыныс, ну орман; меңіреу жатқан есіз дала. ~ Түлкі жортпас түлейден Түнде кетіп барады. Жапалақ ұшпас жапаннан Жалғыз кетіп барады. Ит татпаған ащы көл, Онан да татып барады. "Мұң.-Зар." ~ Жетінші тауға жанасып, Қарсақ жортпас қалыңнан Қарғып өтіп барады. Түлкі жортпас түлейден Түнде кетіп барады. Жапалақ ұшпас жапаннан Жалғыз кетіп барады. "Мұңлық — Зарлық". ~ Қарсақ жортпас қалыңнан Қарғып өтіп барады. Түлкі жортпас түлейден Төтелеп өтіп барады. Құлақтың [түбі] терледі, Терлеген сайын өрледі. "Мұңлық — Зарлық".

Posted in

ТҮН ҚАРАҢҒЫСЫНА СІҢДІ

Қараңғыда алға басып, көрінбей кетті. * Артынан қарап тұрған баласының бұл ұзай бере көз жасына ерік бергенін білді. Өзі де алай- түлей болған толғанысын тежей алмай бірте- бірте түн қараңғысына сіңіп бара жатты… О.Көшб. * Бәрі жиналып, мәшинені гүр еткізді де, түн қараңғысына сіңіп кете барды. Ә.Асқ.

Posted in

ТҮЛКІ КӨЗ

Тіміскілене қараған көз. ~ Бақтыгерей менің ойланып қалғанымды көрді де, түлкі көздерін сығырайтып, баяу ыңыранып, сөзін жалғастыра берді. Б.Тоғ.

Posted in

ТҮН ҚАСАРҒАНМЕН, КҮН ЕРКІНЕ ҚОЯР МА

Табиғаттың заңына бөгет жоқ, болатын іс болмай қоймайды д.м. * Осындай ойлармен қыс бойы Қартқожаның басы қатады. Үйіне барғысы келмейді. Барса қақпанға түсетіндей. Біржола қол-аяғы кесілгендей көреді. Түн қасарғанмен, күн еркіне қояр ма? Ж.Айм.

Posted in

ТҮН ҚАТАР

Түнгі жорық, жол жүру. ~ Сол бетпен ымырт жабылып бара жатқанда қалың таудың күнгейінде отырған үш-төрт ауылға келіп, соның біріне түстік. Ақсақалдар күні бойы үй иесімен әңгімелесіп отырды. Біз шай ішіп алған соң, түн қатардың алдында ұйықтап алмақ болып жатып қалдық. М.Әу. ~ Дүние емес барқытың, Пүлішің де. Еңбек етсе қазақтар — Күні үшін бе?! Телефонды ап әжеміз Берлиндегі Сөйлеседі ұлымен түн ішінде. Бозбалалар, Боздақтар бұл қатарда Батырларша баяғы түн қатар ма?! Маңмаңгердің тарамай құйрық-жалын. Машинасын жуады күн батарда. Қ.М.- Әлі. ~ Салтанат, сауық ханда жоқ, Уақыт-ты ол кез тым қатал! Санатта, сірә, санда жоқ санаса күндер түн қатар. Шығыстан шалқып шықпай күн Шырайы келмей күн батар! Е.Әбдіх. ~ Жыр жазып бұрын түн қатар едім, Оны да бүгін сиреттім. Тіршілік деген, жыр емес екен, Түсіне кірер жыраудың. Ұ.Ес.

Posted in

ТҮЛКІ ҚҰЙРЫҚ

Тіс қаққан қу, айлакер. * Мінез-әрекеті, айла-тәсілі де қилы-қилы олардың. Түлкі құйрық жылмаң. Сығалап атар сыған. Жорға жүрісті жортақы… бірде майпаң, бірде сипаң… Ай, толып жатырау, күл шыққырлар! Ж.Алтайб. * Жұмысы жоқ куәгер, борышы жоқ кепілгер, ат үстінен билік айтқан бай-бағлан кеп. Абыройды аластап, арына сүйенбей барына сүйенген қасқырауыз, түлкі құйрық «жақсылар» жүреді. Ж.Ахм. * — Қырыққа келгенше қыртып жүргенің рас, бірақ, бұл әңгіменің ұшығын ұстай алмадық қой, — деді. Арша істікті төс қалтасынан асықпай алып тісін шұқыды. — Әншейін, балалық шағым есіме түсіп, — деп мәймөңкілеп, түлкі құйрыққа басты Оспан. О.Бөк.

Posted in

ТҮЛКІ ҚҰЙРЫҚҚА БАСТЫ (ҚҰЙРЫҚТАНДЫРДЫ)

Сан қилы айлаға басты. * — Қырыққа келгенше қыртып жүргенің рас, бірақ, бұл әңгіменің ұшығын ұстай алмадық қой, — деді. Арша істікті төс қалтасынан асықпай алып тісін шұқыды. — Әншейін, балалық шағым есіме түсіп, — деп мәймөңкілеп, түлкі құйрыққа басты Оспан. О.Бөк.~ Бір кісінің сауалына тура жауап бермей, сөз арасына сөз салып түлкі құйрықтандырып бұлтарып кете береді. Сұраққа жауап бергеннен гөрі басқа кісіден өзі сұрағанды тәуір көретін–ді. Ә.Нұрп.