Posted in

ТУЫ ЖЫҒЫЛМАДЫ

Жеңілген жоқ; алған бетінен таймады; діттеген мақсатына қол жеткізді. * Сорлы қазақ жан алқымға тығылып, Қара күн кеп, тіккен туы жығылып… М.Жұмаб. * Ақымақ шалдар аман болса, оның да ауылы алыс емес, желкілдеген туы жығылмай әлі талай қырқадан көрінер. Т.Сәук. * Төнсе де өктем табаға қуырғалы, Келе жатыр жыға алмай туымды әлі. Суық көзі ажалдың көп қадалған Өңменімнен жанымды суырғалы. Р.Ниязб. ~ Итжемес әлгі жігіттің артында бәйгі күреңді төпеп келеді. Әрі-беріден соң бәрінің алдына түсті. Анадайда сары ала ту желбіреп көрінді. — Мынау Қарамерген ағам ғой. Жәніке атамның туы жығылмаған екен… З.Шүк.

Posted in

ТУМАЙ ТУА ШӨККІР

Жасыңа жетпей өлгір д.м. қарғыс. ~ — Ой, нағылет жауғыр… Сені оқуға бермей бәлеге берген екенмін. Тумай туа шөккір!.. Құдай — ай, ел алдында масқара болдым — ау. Құдама не бетімді айтам? Жоғал көзіме көрінбей! Н.Сер. ~ Әй, жазушы сымақтар, әдебиетті саудаға салудан басқа кәсіптерің бар ма, Цейлон сапары, Мали сапары, тағы басқа сапарларың жайлы кез келген справочниктен оқуға болатын шатпақтармен әуресіндер. Оны және туынды дейсіңдер-ау, тумай туа шөккірлер!.. Ш.Айт. ~ Алты сан аман тұрғанда, Киелі қырғыз жерімді, Жау табаны басқанша, Асыл қырғыз халқымды, Төбелетіп бөтенге, Құр қарап босқа жатқанша, Тумай туа шөгейін, Тірі жүрмей өлейін! Атқармасам антымды, Ақкелтенің оғы ұрсын, Көк білтенің шоғы ұрсын. Б.Әл: ("Манас").

Posted in

ТУЫ ҚҰЛАДЫ

Жолы болмады, кесірге тап болды, жұлдызы жанбады. ~ Бұл төре тұқымдарының елге бірі болыс, бірі тілмаш, бірі би болып қашаннан қазақ халқына бір уыс төрелер өкімін осы арадан жүргізіп кеткен. Кейін совет үкіметі келген соң төрелердің туы құлап, десі қайтқанда бұлардың қол астындағы ел еркіндеп төрелерге тізе қыла бастаған. І.Жан. ~ Айтқандай, Көкшелер кетісімен, осы күні сәскеде, отауы жығылып, Үмітей ұзатылды. Қызығы мен бақытының туы құлап, оты сөніп, әлдеқайдағы бір зарлы жоқтаумен күңіреніп Әмір кетті. М.Әу.

Posted in

ТУМАСАҢ ҰҚСАМАҒЫР

Айнымай қалыпты д.м. * «Тумасаң ұқсамағыр!» екеуіне мейірімі кең құдайдың әкелерінің батырлығын бере салғаны- ай» … К.Сег. ~ Тумасаң ұқсамағыр, Көккептердің баяғы ұзақ сапарға көлік қып барып, амалдың жоқтығынан алыстағы бөтен ел, бөгде жерде қалдырған үлкен Көккептерден не түрінде, нежүрісінде, не шабысында бір айырмашылық болсашы. Туған ағасын жоқтатпайын дегендей, алқам-салқам пошымсыз сыртқы тұрпаты да, сабырлы, салқынқанды мінезі де содан айнымай қалыпты. К.Сег.

Posted in

ТУЫН ЖЫҚТЫ

Биліктен айырды, тағынан түсірді; жеңді. * Үш жүздің қалың қолы Хантауында, Ойрандап ойраттардың туын жықты. Н.Айт.~ Әсіресе, өздеріне кектеніп қалған хан Әбілхайыр әне-міне шабуылға шыға ма деген үрей бар. Қалайда Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын жыққан жоқ, олар дүниеден өткен соң билік Қасым ханның қолына тиді. Б.Тоғ.

Posted in

ТӨСІ ЖАЙЛАУ, ТӨБЕСІ ҚЫСТАУ БОЛДЫ

Көңілі жайланып, рахатқа батқандай болды. .~ Бала қойшы сүтке шеміршектеді. Анда-санда сұқ саусағымен самайдан сорғалаған терді бір сыпырып тастайды. Ай дала, тойған қойшының төсі жайлау, төбесі қыстау болғандай. Еділ мен Ертіс болып кекіріп қойды. І.Жанс.

Posted in

ТУ АСТЫНДА

Ортақ идея, ұран негізінде біріккен жандардың ынтымағы. * Алаш туы астында. Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді ешкімнің алашты. Қорлығына бермейміз! С.Торайғ.

Posted in

ТӨСІН КЕРДІ

Кеңінен жайылды. ~ Төсін керіп, көк теңіз айнадай жарқырайды. Бір топ тамшы күншуақта жарысып ойнайды, дірілдейді, қалтырайды. А.Байт. * Терісаққанның елі жиылып көшкенде, кей кездерде Кеңөзекте он бес-жиырма ауылдай ел сыйып кететін қоныс бар еді. Қойнын ашып, төсін керген жалпақ шалғынды өзектің ортасында Кеңөзектің жіңішке суы ағатын. М.Әу. ~… ұлы жүз үйсін-дулат, алшын, тама, Аралап арғын, найман елді жара. Есіл мен ерке Еділді өтті жарып, Сахара төсін керген алтын саға. БС. "Алдар көсе". ~ Аспаннан төнген ай сәулесіне төсін кере айнадай жарқыраған Шортанды көлінің бетінде кешкі самалдың екпінімен толқын үйіріледі. С.Бег. Рахаттана кеудесін жазып, тыныс алды. ~ Күндізгі ыстықтан пысынап шыққан дала енді кең жайқын түн аспаны астында тіріліп бой жазып, жуас торғын түн лебіне төсін керіп еркелейтін тәрізді. С.Ел.

Posted in

ТУ БИЕ

Құлындамаған (не құлын тастаған, құлыны өліп қалған) бие. * Болыстыққа қайта сайланған Саурық бірнеше күн бойы той жасады. Ту биелердің бірнешеуі құрбандыққа шалынды. Ә.Шәр. * Ту бие, ту сиыр, құйрығы қазандай- қазандай құнан қойларды алдын ала сойғызып, қақаған қыс ішінде бие байлатып, қымыз ашытты. Т.Рыск.

Posted in

ТӨСІН ҚАҚТЫ

Мақтанды, бөсті. ~ Ұлылықтың ұғынбай Әліппесін Адам ұлы бола ма қағып төсін? Әкім де емес, Хан да емес, Әркім де емес, Біртуарлар бастайды халық көшін! И.Сап. ~ Кедейіне байлық бердік, байына бақ бердік, бағланына тақ бердік – бірін де алмады: кедей кекжиіп қайқайған төсін қақты – менің байлығым кеудемдегі намысым дегені… Т.Сәу. ~ Күпінген желбуаздар төсін қағып, Күнелтер көрінгеннің пешін жағып. Шығады судан алтын балықтай боп, Балтадай батып кеткен есіл ғарып. Н.Айт.