Кесір мінез танытып, кекетіп сөйледі. ~ ─ Ә, Назармысың, – деді жұмсақ жымиып. – Шырағым – ай, тура отырып, қыңыр сөйлеу әдет болды–ау саған. Арғы атаң батыр Жәнібекпен бірге жауға аттанып еді, ал сен бар болғаны май тасып жүрсің… Т.Әл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТУЛАҚТАЙ ТОЗДЫРДЫ
Талап, тартып, аяққа басып, тозығын шығарды. * Бір өрісті тулақтай тоздырып көрген атасы ма, көшіп келген жеріне он күн тұрақтамай жатып: «Ойбай, мына жұрттың миы шығып кетті. Қой, бұл өрістің де оты қашты», — деп, жаз бойы жұрттан жұрт ауыстырып, жыл құсындай жылға қонып жүруші еді. Д.Әш. * Басқыншылар табаны астында туған жер тулақша тозып жатқан кезде бұлар бірінің басын бірі шапқалы келеді. С.Елуб.
ТУРАСЫН АЙТҚАНДА (АЙТСАМ)
Шынын айтар болсам д.м. ~ Ш о қ а н. Әкемнің менен тілейтіні не сонда? П о т а н и н. Турасын айтқанда, сайлауға таласуды қойып, бұл арадан кеткеніңді тілейді. С.Мұқ. ~ Турасын айтқанда, оларға Москваны көру жоқ,– деді Панферов. Т.Ахт. ~ Мысалы, мен үшін махаббат – психикалық аурудың бір түрі. Турасын айтқанда, кәдімгі жүйке дерті. Ә.Асқ. ~ Ендеше жақсылықты жақсылықпен қайтаруым қажет секілді. Турасын айтсам, ішкізіп, жегізуім керек. Б.Соқ. ~ Зүбәржат, мен саған да мықты тірек сүйікті жар бола алмадым. Қайтейтін, қатал тағдыр әу бастан оған жазбаған шығар, турасын айтсам, маңдайымызға оны жазбапты. Ж.Шағ.
ТУЛАҚША САБАДЫ (ҚАҚТЫ)
Иттей қылып ұрып-соқты. * Ей дүние, енді көрсетпегенің осы ма еді. Көз алдымда қатын- баламды тулақша сабатып тірі қойғанда, алмағың не еді менен! С.См. ~ — Кім ол? — Сүйменқұл ғой тулақтай сабаған… Ұлымнан сәл- ақ үлкен еді. Қол жұмсағаны- ақ жанымды күйдірді- ау бәрінен бұрын. С.См. * Үстімнен арыз бар ма, қайдам. Президент әкімшілігінің іс басқармасының бастығы тулақша қағып, шаңымды сілкіп алды. Д.Досж.
ТУРАСЫН АЙТТЫ
Ештеңені жасырмай, төтесінен кетті. ~ Ақырында, не керек, ауылға әдейілеп келіп, әуелі Күләннің өзіне көңіл білдірдім. Ол кезде әзіл-оспағыңды кім білген. Турасын айтып, қарап тұрдым. С.Ом. ~ Автобуста, трамвайда сүйкеніп, тиісіп-қағытып тұратын ана бір жыртақайлардан өзге жігіт екен, бары мен жоғын түгел жайып, турасын айтты. Ал туралықты әйелдер жоғары бағалайды. М.Қаб.
ТУМА ТАЛАНТ
Шынайы, табиғи дарын; саф өнер иесі. * Осы қысқа ғана мысалдардың өзі Төлегеннің тума талант, сезімтал ақын, ойшыл азамат екенін танытып тұр. К.Салық.
ТУРАСЫНА КӨШТІ
Ойын жасырмай, мәймөңкеңлемей, тыңдаушысының бет-жүзіне қарамай ашықтан-ашық айтты. ~ Бұрынғы «Әзекесі» жоқ. «Әзберген» деп турасына көшіпті: «Әзберген, балаңды осы аптаның аяғына дейін жеткізбесең, өзім барып алып қайтамын. Мені босқа қи нама… Пәтер жағына қиналсаң, бала біздің үйде тұрсын…» Д.Әш. ~ Турасына көшейік, бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды, Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің балпаңдар жаза алды ма? Жаза алмаса неге жаза алмай жүр? Бальзак әдебиетінде бетбұрыс жасап, түреннен жол салды, біз сала алмадық, неге? Ж.Аязб. ~ Немене, сені оқытпай тұсап қояр деп пе ең ол? — Көке, жоқ мен… Сізге айтайын деп… Мен үйленбеймін, — дедім әзер дегенде турасына көшіп. Н.Сер.
ТУМАҒАННЫҢ ТЫНЫСЫ БӨЛЕК
Туған баласы болмағасын, жаны ашымайды д.м. ~ Бүйте берсе мойыны ырғайдай, биті торғайдай болмай ма, байғұс баланың. Тумағанның тынысы бөлек деген осы да. Өзегін жарып шыққан өз баласы болмағасын жандары аши ма, бұлардың, — деп бұркылдады Қарлығаш.. С.Дос.
ТУСАҢ ТУ!
"Бәрекелді!" д.м.-ғы қошемет сөзі. * Бағанадан амалдары таусылғандай тығырыққа тіреліп отырған жұрт есін қазір жинағандай, енді ғана тыныстарын кеңірек алғандай. – Өй, тусаң ту! Азаматым-ай, сол! – Бұл кім болды екен? – десіп жұрт гулесе жөнелді. К.Сег. * Жан-жақтан, тұс-тұстан «о пәле, аңыратты-ау, тусаң – ту», –деген сықылды желіктірме сөздер жамырай естіліп, Қамбардың арқасын одан әрі қоздыра түсті. О.Бөк. ~ — Шіркін Нұртазадай болыс бұл ғаламда жоқ қой. Тусаң ту. Аузынан жалын атып тұрған жоқ па. Бүкіл керейіңнің атышулы алашұбар шонжарларын бір-ақ күнде мықшитып, кеудесіне шыққан жоқ па. С.Жүн. * Жастар жағы бірін-бірі құшақтап, сүйіп жатса, шалдар жағы: – Өй, азаматым-ай, тусаң ту! Бәсе, «Қалмақты жығар бір ұлдың тумағаны ма?» деп, қатты қиналып едік. Қобықтан келсе де, Еділден келсе де мейлі, әйтеуір қазақ шықты. О.Бөк.
ТУМАЙ (ЖАТЫП) ТУА ШӨКТІ
Жасына жетпей жер құшты. ~ Еш күнәсіз, еш шүбәсіз сәбимін, Туа шөккен тағдырыма налимын. Өмір бәлкім, ақ сүті ме анамның, Өмірді уыз иісінен танимын. Н.Айт. ~ Кейіннен 1932 жылы Ілияс Жансүгіровтің редакторлығымен «Балға» деген атпен шыққан журнал да тумай жатып туа шөкті. Арада аумалы-төкпелі, қуғын-сүргін, соғыс жылдары өткесін «АраШмель» деген 1956 жылы саяси-сатиралық журнал өз оқырмандарымен қайта қауышты. К.Әмір. ~ Мамай майлы саусағымен аяғындағы мәсінің қонышын жонып — жонып уқалады: — Итпен құда болсаң — тойың боқ сасиды, — деп өзіңнің Жұмабай әкең марқұм айтушы еді, сол айтқандай сенімен туысқан боп туа шөгерміз түге! Туысқан екенің рас болса, елге күлкі, есекке таң қылмай, тыныш отыр, Тұтан. Ш.Мұр.
