Басқа әйел алды; қайта үйленді. * Менің бір таң қалған нәрсем Жауқазын да осында. Сыртта от жағып, отын жарып, қызмет қылып жүргендердің біреуі сол. Бұнысы қалай? Байым жас қатын алды, төсек жаңғыртты деп, қуанғаны ма? Б.Соқп.* Бір танысым төрт рет төсек жаңартты. Ол өз шаруасы. Бір таңғаларлығы, әр үйленген сайын бұрынғы айырылып кеткен жұбайын мақтайды. Р.От. * Әрине, ашыпжарып қатты сөйлеп қарсылық көрсетпесе де, Боранқұлдың төсек жаңғыртуына Мәлике разы-қоштық білдіре қойған жоқ болатын. Ғ.Біләл. * «Япырай, бәйбішесі өліп, жақында ғана төсек жаңғыртып еді, қызуы басылмаған қызға бергісіз әйелі тұрғанда мұнысы қай желіккені? Т.Сәу. * Ұлыстың қарашыларының арасында орасан беделге ие Ергене-бегімге Алғи сөз салады. Ұлы Мүбәрәкшаһты таққа отырғызуға уәдесін алып, Ергене-бегім үшінші рет төсек жаңғыртады. Т.Жұрт. * Қатерге де қимайды. Бірақ, Шекерхан сынды аруды жау қолында шырқыратып қоя беруге де жаны төзбейді. Ару емес, әдеттегі бір қыз болса да жат босағасын қызартып, төсегін жаңғыртсын, тоқалдыққа кетсін дегенге қалай төзсін? Ғ.Біл. * Әкесі Жантөре бәйбішесі дүние салғасын төсек жаңғыртпай, жалғыздың қас-қабағына қарап жүре беріпті. Ү.Жәл. * Марқұм әйелінің жылы өткен соң туыстарының, Қасаңбай ақсақалдың қайта-қайта қыстауымен Әбекең төсек жаңғыртты. Ы.Дәб. ~ Әйелінің қайтыс болып, Сиғаттың жер ортасында қалғанына біраз жыл. Заманында тірліктің думанын сан сапырып, талай сұлудың көз жасы мен ыстық құшағын жалынымен құртатқан керім — ай сал бүгінде тек шаштың атынан сескенетін болуға керек, әлі төсек жаңартпай жүр… Қ.Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТӨТЕСІНЕН АЙТТЫ
Тұспалдамай, турасын айтты. * Төтесінен айтсақ, әлгі алты ай қыс бойы ай сайын табатын он бес, жиырма сом жалақыға не ішіп, не киюге болады?. Қ.Ысқ. * Анатай әуелі бірдеңені айтып міңгірлей бастады да, онысынан ештеңе шықпайтын болғасын: — Білмеймін, — деп төтесінен бір-ақ қайырды. Ш.Айт. * Төтесінен айтсақ, Кейкінің мергендік технологиясының, яғни, мергендік әдіс-тәсілінің, айла-амалының бүге-шігесіне дейін жазылған материалды таба алмайсыз. Ж.Аязб.
ТӨРТ АЯҒЫНАН ТІК ҚОЙДЫ
Қалпына келтірді, түзеді, дұрыс бағыт берді, орнына қойды. ~ — Шіркін, биыл жаз жаңбырлы болып, егін бітік шықса, жүз саулықтан алынатын төл орта есеппен жүздің үстіне бір ілінсе, «Жартасты» төрт аяғынан тік қояр едік — ау! — деді Машанов қиялдап. — Сонда көрер еді жұрт Машановтың кім екенін. Қолдан шығып кеткен ұпайымыздың орны толар еді. Қ.Жұм. ~ Жігіт алақандарын саулықтың жып-жылы бауырына сұқты да, көтеріп, төрт аяғынан дік қойды. Меңірейген мал дел-сал. М.Қаб.
ТӨРТ ТАҒАНДАП ЖАТТЫ
Тартыншақтап, алға баспай қойды, қозғалмай жатып алды, шегіншектеді. ~ Қай жерде жар, қай жерде ор, қай жерде ұшпа жалама барын біле алмай, аттан жығылған жерінде төрт тағандап жатып қалған адам таң ағарып, жол сорабы көрінгенше қандай күй кешер еді? Ғ.Біл. ~ Оның үстіне төре тұқымы бір әке-шешеден туып, бір емшектен сүт ембесе, бірінің қызын, қарындасын бірі алып, күйеуі өлсе оның әкесіне немесе ағасына тиіп шатысады да жатады. Қара қазақтай әйел мәселесінде «ұят», «обал», «ата жолы» деп ар-намысты сылтаулап төрт тағандап жатып алмайды, қашан да болса бос белбеу, көйлек етегі жеңіл, сыпырма, босаң келеді. І.Ес. ~ Асап жіберетін бірдеңе ұсынып тұр деп дәметкен аш қарынның әмірі ме, төрт тағандап жата қап жер бауырлап жылжып келеді. Т.Сәу.
ТӨРТ АЯҒЫНАН ТІК ТҰРҒЫЗДЫ
Түзеді, көтерді, жөнге келтірді. ~ Жоқ, түсіндіретін ештеңесі жоқ,- деп өзеуреді Мәнтай. — Қазір мен ол кемпірді, төрт аяғынан тік тұрғызамын. Б.Қыд. ~ Жалғыз басы осы колхозға келгелі бірер жыл болса да мал жинап, шаруасын төрт аяғынан тік тұрғызып алғаны да сол жібектей мінезінен деседі. К.Сег.
ТӨРТ ТАҒАНЫ ҒАНА ҚАЛДЫ
Құр сүлдесі қалды, әбден арып-тозды. ~ Төрт тағаны ғана қалған мынау хайуанның хәлі қаншама қайғыны қозғап тұр. Сүлдері тұрса да оқыранып қояды, тіршіліктен берген хабары. К.Қаз.
ТӨРТ АЯҚТЫ МАЛ (ХАЙУАН)
Топас, айуан. * Қазақтың мінін көп қаздым, «Адам емес, аңсың», — деп. «Өнер-ғылым білмеген, Біріңді-бірің күндеген, Тура жолмен жүрмеген, Төрт аяқты малсың», — деп. Шәкәрім. ~ Махаббат жел қалай қарай соқса, солай қарай қисая жөнелетін әтештің құйрығы емес. Жоқ, шырағым, ондай махаббат болмайды. Шын сүйсең, мейлі ол әйел тіпті төрт аяқты хайуан болып кетсін — ақ, сен оны оп — оңай жек көріп, тастап кете алмайсың. І.Ес.
ТӨРТ ТҮЛІГІ САЙ
Барынша толып-жетілген, байқуатты, көйлегі көк, тамағы тоқ. ~ Азды-көпті 4—5 жылқы бәрі соның балалары ғой, ұстамай-ақ қоя берсе, әлдеқашан айғыр үйір жылқы болмас па еді? Өйтуге Жұман үйінің қай бір төрт түлігі сай тұр, киім-кешекке де, соғымға да, берімсекке де айналдырған көк биенің тұқымын мінген, шыдатпайды. Сонсоң қайдан құрасын? Ж.Айм. ~ Ұлғайып, ел ағасы болған баласы бар. Азамат, бозбала ортасының мырзасы атанып жүрген немерелері бар, мал-басқа төрт түлігі сай, тіршілікке, тыныштыққа мас болғандай ырза болып жүрген көп байдың бірі еді. М.Әу. ~ Ұлғайып, ел ағасы болған баласы бар. Азамат, бозбала ортасының мырзасы атанып жүрген немерелері бар, мал-басқа төрт түлігі сай, тіршілікке, тыныштыққа мас болғандай ырза болып жүрген көп байдың бірі еді. М.Әу.
ТӨРТ КӨЗ БОЛДЫ
Елеңдеп, мазасы кетті. ~ Колхоз жұмысымен жүріп алдынан шығуға да мұрша келмеді. Күнде әне келеді, міне келеді деп ауданның жолына қарап төрт көз болып жүрміз. С.Жүн.
ТӨРТ ТҮЛІК МАЛ
Қазақ тұрмысындағы негізгі төрт мал түрі — қой, сиыр, жылқы, түйе. ~ Дәулет те елден болады, Еліменен ер жетіп, Емендей өсіп толады. «Елізде өскен» демесін, Елден таңдап сұлу ал, Ақ отау тігіп басыңа, Төрт түлік малдан еншіңді ал, Топтан таңдап тұлпар мін Күлтелі құйрық, сұйық жал. Дулт Баб. ~ Дәулет те елден болады, Еліменен ер жетіп, Емендей өсіп толады. «Елсізде өскен» демесін, Елден таңдап сұлу ал, Ақ отау тігіп басыңа, Төрт түлік малдан еншіңді ал, Топтан таңдап тұлпар мін Күлтелі құйрық, сұйық жал. Ұ.Дәур.
