Оқыс; естен айырылғандай; ойламаған жерден ыңғайсыз жағдайға тап болғанда айтылады. * Тағы бірер шақырым созғыласқан соң қалжаураған аттар төбеден ұрғандай тегіс тоқтаган. Соңымда жалгыз-ақ кісі калды. М.Мағ. * Бегей төбеге ұрғандай тағы тоқтап, тағы да ұзақ- ұзақ ойланып тұрды да: – Мен осы сұрағыңа қолма- қол, соқырға таяқ ұстатқандай жауап берейін, сосын қоясың ба? – деді. З.Қаб. * Балам талпынып кәдімгідей ес болып қалғанда төбеден ұрғандай жайсыз хабар жетті.«Ұлыңыз госпитальда.Тез жетіңіз» деген жедел хатты алысымен әкесі Бақытжанға ұшып кетті. Ү.Жәл. * Төбеден ұрғандай дел-сал күйде қашаға сүйеніп біраз тұрды да шұқанақ — шұқанаққа іркілген қақ — көлшікті жалаңаяқ шапылдатып жүгіре жөнелді. Қ.Ысқ. * Ойласа қиялы жетпес мұндай тағылықты күтпеген Әзиз-Сұлтан төбеден ұрғандай сілейіп тұрып қалған. Т.Сәук.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТӨБЕСІНЕ ҚҰЙ ҚАЗДЫ
Зорлық қылды, қорлады, қиянат жасады; қолынан келген жамандықты жасады. ~ Айтқанын елемей Жақсылық ылғи істей берсе жақсы, бірде болмаса, бірде «Осының төбесіне мен құй қазған жоқпын, билігіне таласқан жоқпын, қатынының қойнынан шығып отырған жоқпын, осы маған неге әкіреңдей береді?..» деп Жақсылықтың шығып кетпесіне кім кепіл? Б.Май. ~ Мына анталаған көгөнкөздер көріп қойса, пәле емес пе, бізге неге әкелмейсің, тоқалдан туыппыз ба деп төбесінен құй қазсын. Т.Сәу. ~ Сонда да қияс, қыңырлығымнан танбай, бір бетімнен қайтпай, балағат араластыра сыбап тұрып: — Танытамын әлі-ақ! Күндердің күнінде әкелеріңнің төбесіне құй қазамын. Жаным тірі болса бастарыңды шешелеріңнің етегіне бір тығармын!- деп айғай салдым. Ж.Сәб. ~ Көп өтпей Гер-аға үйіне шақырды. Өткендегі әңгімені қайта жалаулатып, төбемнен құй қазатын шығар деп қипақтап барғанмын. Т.Сәу.
ТӨБЕЛЕРІНЕ ТАС ҚОЙЫСТЫ
Серттесті, ант ішісті. ~ Жиреншенің ойы дұрыс, алыстан көргендік. Сондықтан бәрі де бірауыздан қосылып, Жиренше жөн айтады десіп жоғарыдағы Күнту болыс болсын деген байламға келеді. Төбелеріне тас қойысады. Бұл көптің Оспаннан түңіліп отырған себебі мынада еді:Өткен қыста бір болыс елдің кеңесі болмақ болып Оспан аулына жиналады. Ә.Кәк.
ТӨБЕСІНЕ ОЙНАДЫ
Қорлады, басынды, ойына келгенін істеді. ~ Сейтеннің мұнысы Ебелекке төбесіне ойнап, кеудесін басқандай ауыр тиді. Ғ.Мүс.
ТӨБЕМЕН (ТӨБЕСІМЕН) ЖОРҒАЛАДЫ
Айтқанын екі етпеді; құлдық етіп, қызмет көрсетті. ~ Қарын ашты, жейтін бірдеңе бар ма?- деді қыз қиылып. — Төбеммен жорғалауға дайынмын! — деп Ғаным базарға тартты. М.б.Т. ~ Қозбағар байғүс бүгінде Пахраддиннің шаруасы дегенде төбесімен жорғалауға бар. С.Елу.
ТОРҒАЙДАЙ ШЫРЫЛДАДЫ
Жан дауысы шықты, безек қақты. ~ Қартқожа — жүзбасы. Көбінесе қолы бос. Аспандағы торғайдай шырылдап жүрген айырпланға қарап, қиялы аспанды кезеді. Ж.Айм. ~ Ертеңінде қалаға қайтпақ болып, Төкешті іздеп, төменгі ауылға қарай беттеп, мектептің қасынан өтіп бара жаттым. — Аға-а-а! — деп торғайдай шырылдаған бір бала дауысы шықты артымнан. Ә.Нұрш. ~ Құлағы жырым-жырым көкжал сияқты айналасын алқымнан шайнап арпалысуымен келеді. Байқұс ата-ана не істесін, ұясын қорғаған торғайдай шырылдап, отқа да, суға да түсті. Т.Сәук.
ТОЯТ ІЗДЕДІ
Ләззатқа құштар болды, рахат іздеді. ~ Бәтима өлген соң, Ақан жаңа түлеп ұшқан тау қыранындай, қиялға көз салып, әр жерден тоят іздейді. Ә.Марғ. ~ Желпініп алған жұрт тарқар емес, әсем әуен, құйқылжыған биден көңілге тоят іздейтіндей. Біреулер «Ломбадаға» заказ берді; одан соң мәңгі жас, мәңгі сұлу вальс кетті шалықтап. Т.Сәу. ~ Кейбіреулері қыздың мінезін ұнатқан болар, ал көбісі-ақ қыздың жайдары, ашық еркіндігіне қарап жеңіл тоят іздеп алуан түрлі сиқырлығының торына ілігіп емескі үмітпен желбуаз болса керек, әйтеуір бұған назары түспеген жігіт сирек болды. Т.Ахт.
ТОРҒАЙША ТОЗЫП, ҚУРАЙША ҚУРАДЫ
Тоз-тозы шығып, құрыды. ~ Бұл күнде малшы, аңшы, кезбе шетінен қырқып, тамырынан жұлып, тонап жатқанда о дүниедегі жарықтықтың сүйегі сырқырамас деймісің! Торғайша тозып, қурайша қурап құруға бет алса сөйтеді. Адамның табиғаттан кіндігі үзілмеген. Үзілген күні — заманақыр болды дей беріңіз. Д.Дос.
ТОЯТ ТАПТЫ
Құмарынан шықты. ~ Қырмызы қызыл түлкі түгінің ертең қалай жығыларын ойламады, шабытты бүркіт тоят тапқанша шеңгелін босатпады. Ж.Нәж. ~ Алдында, бір сайдың тасасында, ынтық кеуденің тоят табар жерінде, сүйген асығы күтіп тұр. Ол – Бекбол. О.Сәрс. ~ Жеңешесі – Салиханың аш белінен қыса, құшырлана қорыс ішінде тоят тапқанын қалайынша, қалайынша есінен шығарсын-ау!… Ш.Құм.
ТОРҚАЛЫ ТОЙ, ТОПЫРАҚТЫ ӨЛІМ
Ағайынның басын біріктіретін кейде қуанышты, кейде қайғылы жағдайлар. * Төке шалдың әділетсіздігі ауылда біраз сөз болды. Әкеміз де көпке дейін өкпелеп жүрді. Торқалы той, топырақты өлімде бәрін ұмытатын қазақ емеспіз бе? Ы.Дәб. * … осындай торқалы той, топырақты өлімде ағайынның төбесін көрсетіп, дұшпан көз болып, берекелілігін әйгілейтін орайы болғандықтан, бұндайда ‹‹қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде›› дегендей сырт елге өкпе назының сиысын білдірмеуге тырысатын әдет қой. Б.Жұм. * Жалпақ елде не көп – торқалы той, топырақты өлім көп, ондайда қазақтың кең дастарқаны кісі алалай ма, ит екеш итке дейін сүйек тиіп қарық болып қалады. Т.Сәу.
