Posted in

ТОПЫРАҒЫН БАСТЫРМАДЫ

Дұшпанның аяғын бастырмады. * Бұл — менің емес, көптің тілегі де болар. Маңғыстауды қу дала болса да, қолымыздан келгенше бір жауға топырағын бастырмаймыз. Өйткені бұл — туып-өскен, ата-бабамыз сүйегі жатқан жер. Тек сақ бол, ешқайсысын шашау шығарма. М.Әбдіх.

Posted in

ТОПСАСЫ БОСАДЫ

Қабағы ашылып, көңілі жібіді. ~ Әлде топсасы босаған көңіл жидіген жүйкенің зырқ-зырқ пергілеген ауыр зеңбірегіне төтеп бере алмай, есеңгіреген шағында ықылас танытқан осынау мейірбан жанарды медеу көрді ме екен? С.См. ~ Қонақтың ең болмаса осы арада топсасы босауға тиіс еді. Қараса, былқ етпеген. Сұп-сұр, безеріп отыр. С.Ел. ~ Жоқ, — деді топсасы босап қалған Күлдәрі әлі де көне қоймай. — Сізбен кездесетінімді білмей, бүгін былай нелеу, ескі костюммен шыға салып едім. М. Мағ.

Posted in

ТОПЫРАҚ АЙДАДЫ

Ажал айдады. ~ Ол от басымен бір аптаның алдында ғана осы ауылға көшіп келген еді, кеше қайтыс болды деп естідім, топырақ айдап келген екен -ау байқұсты. А. Қас.

Posted in

ТОПСАСЫ БОСАҢ

Жеңіл мінезді. ~ Кісі киік емес еді, ұнатсын-ұнатпа- сын құрбыларымен қолтықтасып жүре береді. Сондай-ақ жарқын ашық мінезін біреулер басқаға жорып, оны топсасы босаң қыз атандырып өсекке танды. Ө.Кәр.

Posted in

ТОПЫРАҚ БҰЙЫРДЫ

Марқұмның жерленген жеріне қатысты айтылады. ~ Қайтыс болған адамды қабірге жерлегенде, қабір басына барған адамдар жерлігіне қойылып жатқан сүйектің үстіне бір шым-шымнан топырақ салады. Мұны «көптен топырақ бұйырды» деп айтады. А.Сей. ~ Енді міне бір төмпек жер бетінде, Осы жерде алғашқы тербетілді. Туған жерден топырақ бұйырды да, Назекеңнің жамбасы жерге тиді. С.Назарб. ~ Шердиман Оспанұлы 1952 жылы күзде қызыл үкіметке бағынғанда, әкесінің сүйегін қайтарып алуды бір шарт етіп, батырдың мүрдесін Алтайдың Көктоғайындағы өз мекеніне апарып жерледі. Қан кешіп жүріп, қызғыштай шырылдап қорғаған қара мекенінен топырақ бұйырды. Ж.Шәк.

Posted in

ТОПСАСЫН БОСАТТЫ

Жүрегін елжіретті, көзіне жас алғызды, көңілін босатты. ~ Дәу апаны кемпірлер алма-кезек құшақтап "Қандай-қандай күн болады, көре алмай кетсек бақыл бол!" десіп, аңырап, әндетіп жұрттың топсасын босатты. С.Елу.

Posted in

ТОПЫРАҚ ЖАМЫЛДЫ

Қайтыс болды. * Шешесі қандай болса қызы да сондай, «шешесін көріп қызын ал» дейді». Топырақ жамылғанына он жылдан асқан анасы өмірі отбасы туралы сөз қозғап, «бір басыңды екеу қыл» деп айтпапты. Қ.Түм. ~ Неде болса бір жағында болам деп орыстарға арқа сүйеген Сүйінғараның қара жердің қойнына кіріп, топырақ жамылғанына да он шақты жылдың жүзі өтті. О.Көш. ~ Үмітін өзің кескенде, Талайлар топырақ жамылды. Сұлулык, сұмсың, зұлымсың,., Айыбың да емес ол сенің. Ә.Қайр.

Posted in

ТОПТАН ОЗДЫ

Өз қатарының алды болды. ~ Әдемінің алдынан өте бергенде іркес-тіркес топтан оза шықты, және бір қыр көрсеткісі келді, көрсеткісі келді де, аттың басын қоя берді, қоя берді… Ә.Тар. ~ Сол уақытта сал Сегіз Толғап тұрып былайша Аттарын жайып, шалдырды: – Мен сері едім, сері едім, Сен топтан озған Кер едің… "Мақпал — Сегіз."

Posted in

ТОПЫРАҚ САЛДЫ

Өлген адамның моласына бір уыс топырақ салу ғұрпы. ~ Ерубай мен Бөкен екеуі де… таудың бөктерінде болды да, әкелеріне бір күрек топырақ та сала алмады. Ж.Сәм. ~ "Қобланды, мен сені енді ешқашанда көре алмаймын. Сен қалай сақтанбадың, Қобланды? Мен кеш естідім. Хабарың жеткенде қолымнан топырақ салар едім". С.См.

Posted in

ТОПТАН ТОРАЙ БЕРМЕДІ

Елден ерек өнерпаз, қас шебер, желден жүйрік сәйгүлік, сөзге жүйрік, тілге шебер, сегіз қырлы, бір сырлы адам хақында. ~ Айдасаң алыс жерімді, Алсаң ащы терімді, Өзіне — өзі сенімді, Тоят төс, салпы ерінді, Топтан торай бермейтін Тұлпар аттай қунақпын. Д.Баб. ~ Құрманбай осы бір жерде пайда бақыр таба қоямын дейтін кез томақ жігіт емес- ті. Қайта, әр нәрсенің жөнін білетін, топта торай бермейтін көсілген көсем, суырылған шешен, самыржақ болмағанымен, сөзден ешкімге есесін жібермейтін жігіт еді. Б.Қыд. ~ Егер хан кездейсоқ үстінен түспегенде, топта торай бермейтін саңлақтың бұл бір білегінен күші, сүдінінен түсі, аузынан тісі кеткен шағында қазақтың қай үйінің қазанын шегелеп, қай үйінің жылыжұмсағын жәукемдеп жүргенін білмей, хан төңірегіндегілер тас аяқтай қағысатын еді… Б.Қыд.