Біреуді артынан даттау, қаралау, жала жабу туралы. ~ Жау жетті де, қамауда Кебек қалды, Әрі-бері қанжарлап соғыс салды.Бірталайын жаралы қылса-дағы, Көпке топырақ шашсын ба, ұстап алды. Шәк. ~ Көрінген менен қашады, Артымнан топырақ шашады, Көмірдей жерге басады, Қалдырған жерде — жетімдік! М.Ж.Көп. ~ Ел алдында өсекке таңып, газетке де жазып масқаралады емес пе? Ауылдастары сыртынан топырақ шашып, жерге түкіргеннен өзге не істемеді? М.Сүн. ~ Көпке топырақ шашам деп арпалысып, қалың жұртыңды қанға бөктіру — әбестік! М. Мағ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТОҢ ЕРІДІ (ЖІБІДІ)
Жүзі жылыды, көңілі жайланды. * Бірақ сонда да іште жатқан тоң еріп, екеуінің арасында шын жақындық пайда болғанын сезді. Т.Ахт. * Дәмелі үйге кіргелі Бимендінің тіс жарып айтқан сөздері бұл. Ар жағындағы тоң жібігендей, басын көтеріп, малдасын құра дастарқанға жақындады. Қ.Жұм.
ТОПАЛАҢ КЕЗІНДЕГІ ТОЙ
Үлкен нәубет кезіндегі көңіл көтеру. ~ Қазына. «Топалаң кезінде тойдың» кебін келтіріп, аштан қырылып жатқан кедейді арестпен топырлатуыңа жол болсын? Б.Майл. ~ Көшір жайласып отырып тағы әңгімесін бастады: Ел күйін пайдаланып, "топалаң кезінде той қылып" жатқанын; ел ішіндегі кеңес басындағы адамдардың елді сүйеу орнына өздері масыл болып жүргенін — бәрін де көз алдына елестетіп, суреттеп берді. Б.Майл. ~ Болыстың хабарын өздерің де есіткен шығарсыңдар, жастарды матап списоктап жатқан көрінеді. Бұрысына күйдірсе, онда да бір сәрі ғой. Болыс жалмауыздығын бұрынғыдан да асырып «топалаң кезіндегі қойдың» кебін келтіріп отыр. Азамат жаннан, ел малдан түндегін күн туғанда, болыс абыройды, арды, ел қамы дегенді былай қойып, құлқынын тойдырудың қамына кірісіп отыр. Б.Майл. ~ Көшір жайласып отырып тағы әңгімесін бастады: Ел күйін пайдаланып, "топалаң кезінде той қылып" жатқанын; ел ішіндегі кеңес басындағы адамдардың елді сүйеу орнына өздері масыл болып жүргенін — бәрін де көз алдына елестетіп, суреттеп берді. Б.Майл.
ТОҢ ЖЕР
Қатып қалған жер. * – Есі-дерті күзеннің айғырын тірі ұстау. Ол тірі ұсталса, тоң жерді қазып әуреленудің қажеті жоқ, ұзын қайыс арқанын айғыр күзеннің аяғына байлайды да, басқа күзеннің ініне салып кеп жібереді. Қ.Ш.
ТОПАЛАҢ КЕЛГІР!
Малға айтылатын қарғыс. ~ Әй, көндері жібімейтін, топалаң келгірлер, сол!Қайтбылай! –Малына ұрсып жүрген қойшының осы бір қарапайым ғана сөзін естігенде жолаушының бүкіл тұла-бойын ыстық ағын шарпып өткендей күйге түскен. К.Сег. ~ Әй, албасты қатын! Ана қойларыңды неге егіске қаптатып қоя бердіңдер- ей, а? Қарашы, әне, қарашы, топалаң келгірлер көкпеңбек егісті таптап, отап, тып- типыл қып барады ғой, әне. Д.Әш. ~ Мана тұсап жіберген Шайтанқасқа да жал-кекілі желпілдей қос аяқтап қарғып, топалаң келгірлердің соңынан салып ұрып барады-ай. Ж.Шағ.
ТОҢ КӨҢІЛ
Зәрлі, жылусыз көңіл. * Бүгінде екеуі де бір түрлі жібімес тоң көңілді, суық, тұйық, сырт көзге жұптасқан жұбайлар секілденгенмен, іштей өзара аулақ, ажырасқан адамдардай бірбіріне жат. Ш.Айт.
ТОПАЛАҢ КЕЛДІ (ТИДІ, ТАЯНДЫ)
Нәубет келді д.м. . ~ Малға індет тисе, қайтпек? Адамға оба, топалаң келсе, не қылмақ? Бұл екі апат дәйім қабат келмеуші ме еді! Сондай кездерде бақсы қатынсыз қалай күн көресің? Ж.Айм. ~ ШИМОЙЫН: Солдатовтың қазақ- орыстары переселендерге мөшек — мөшек оқ дәрі, мылтық таратып жүр. Бұларға топалаң тиді ме, әлде осының артында бір топалаң келе жатыр ма? Қ.Ысқ. ~ “Бөкеңнің тоңқаңдауы жаман, топалаң тиген бе?”, деп бара жатқанын естіп есін жиған. Н.Дәу. ~ Жоқ, апай, бұлай етуге болмайды. Оған тықыр таянғанша, қойға да бір топалаң таянады. Қазірден ойланғаны жөн, қазірден. Д.Әш.
ТОҢ ҚАБАҚ
Түсі суық, қабағы қатулы адам туралы. * Одан кейінгісін тартқанда, сықырсыз ашылып, төрден шөмеле шаш әйел адам көрінді. Ақсұр өңді, қасының арасы жиырылған, тоң қабақ. Арқа тұсына Лениннің басы салынған қызыл қыжым байрақ ілініпті. Т.Сәу. * – Ал, ағайындар, түрлеріңіз суық қой, не шаруамен жүрсіздер? Ел іші аман ба, жұрт тыныш па? Арыздарыңыз болса айта отырыңыздар? – деді Қоңыр үлкен-кішінің бойларын кернеп бара жатқан салқындықты таратпақ оймен. Әдеп сақтап, тоң қабақ танытпады. Жайдары қалпынан аумады. Қ.Тол. * Іште кірген адамның бәрімен арпылдасатын тоң қабақ топас біреу отырғандай Зухраның зәресі ұшты. Т.Сәу.
ТОПАЛАҢ САЛДЫ
Қырып-жойды, опыр-топырын шығарды. ~ Арыстан. Өйтер болса, күшке салар мен болармын. Ол алмайды таңдағанын, мен алам. Егесіп көрсін есалаң!.. Шынға кетсем, қалғанын да тигізбей, басына әлек, топалаң да салармын. М.Әу.
ТОҢ МІНЕЗДІ
Ожар, беті қатты, жат бауыр. * Ол Сүйіндіктің кіші баласы — Әділбек. Асылбектей емес, ол ожар, тоң мінезді болатын. М.Әу. ~ Күні кеше қанды қамшы жендеттері таяғының астында шіріткен тоң мінез қара жүректің ел ортасынан аласталғанын қору қандай шерді болса да шешпей ме? Бұлар сол күнді асыға күтуде. С.Бег. * Атадан балаға, атадан ұрпаққа кетер томырық ашу, тоң мінез бен керенау, кердең қылықтың тамырын қырқар құдірет қандай?" С.Смат.
