Мінезі ауыр, ырыққа көнбейтін, томырық кісінің сипаты. * — Бүйткен күні құрысын. Ылғи ілде- алда, іске жаратамын деп қанша тыраштансаң да, икемге келмейді. Жиған- тергені ана тоң мойынның тура өзі секілді. Ондай дүлейге қайдан дені дұрыс дүние бітсін! А.Смай. * Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге көнбейтін кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де барған жоқ па! І.Ес. * Жан дүнием ән салып тұрарын былайғы жұрт біле ме, тоң мойын, ұр да жық деп ойлайды. О.Бөк. ~ Арсалаңдап алдымен жеткендіктерін адалдық, сумаңдап алдымен айтып үлгергендігін ақиқат санайтын кердең көкірек тоң мойын тайыздықтың қолынан тізгін кетпей тұрып, жала мен параның мұртын қай балта шаба алады?! Ә.Кек.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТОПАЛАҢ ТИГЕНДЕЙ (БОЛДЫ)
Опыр-топыр болып, дүрлікті, есі кетті. * – Өзі, әйтеуір, бір күнде топалаң тигендей болды ғой! Ұрғашы жұрты біз қайдан білейік. Сырттан тон пішіп, іштей егілгеніміз болмаса, нені аңғарамыз. Кім ұғындырып, кім түсіндіреді? С.Жүн. ~ Ауыл шаруашылығы басқармасына шақырды. Барды. Ондағылар топалаң тигендей дүрлігіп жүр. «Не болды?», Ә.Ізб. * Ту сыртта айқай- ұйқай, сарт- сұрт құрық- сырық таянғанда топ жылқы топалаң тигендей сапырылысып ауызы ашық қораға кимелеп келіп қалды. С.Елуб. * Топалаң тигендей топырлаған мал иірім бермей, жан-жаққа бытырай қашып, көздері алайып түк түсінбейді. С.Жүн. * Аяқ астында мынадай дүрбелең болар деп ешкім де ойламап еді. Қалың жұрт топалаң тигендей орындарынан бірі қалмай өре тұрып, ағаш арасынан шығып, тура алыстағы ақ үйлерге қарай өңмеңдей тартты. С.Жүн.
ТОЛҒАН АЙДАЙ ТОЛЫҚСЫДЫ (ТОЛЫСТЫ)
Тұла бойы толықсып, назданып, құлпыра түсті. ~ Мына күйі кеше қиялында нағашысының ауылына апара жатқан Торғын сияқты болып кетті. Қиссалардағы толған айдай толықсыған қыздың өзі кәдімгі. Қ.Қаз. ~ …толған айдай толықсыған, хор қызындай үлбіреген хас аруға бір кезде өзінің ынтық болған қызық шағын есіне түсіріп, оның алдында қылыш көтеруді ер басына ар көрді… Ж.Сәм. ~ Бірақ күн өткен сайын қоңырауламай қоңырлап бастал- ған сезімдері жүз жылда жалғыз- ақ рет қайталанар ұлы достыққа, бәлкім, махаббатқа ұласып, толған айдай толысып келе жатқан. О.Бөк.~ Араны қайтадан сағынышқа толы хаттар жалғастырып, екеуі кезекті курстарын аяқтап Алматыда кездесті. Қымбат бойжетіп, толған айдай толысып, көрген жанның көзін арбап жүргенімен өз жүрегі Серіктен басқаны қаламады. С.Досж.
ТОНЫМДЫ ШЕШІП АЛА МА (АЛМАС)
Мағанне қылар дейсің д.м. ~ Әзімбай өзін жалпы батыл жігітпін деп есептейді, Әлгіден бері қибыжықтап, сары қызға тиісе алмай отырғаны үшін өзіне өзі ашуланып, жыны келді. «Жалғыз екенін білдім. Енді кімнен жасқанам? Менің тоңымды шешіп ала ма?» Б.Соқ. ~ Жұмбақ та қызық зат! Сол жұмбақ та қызық, заттың атын естісем де өзін көрмеппін. Барсам барайыншы. Ол үшін тонымды шешін алмас. М.Қаб.
ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ҚЫЗЫЛ ТІЛ (КҮЙ, СӨЗ)
Мән-мағынасы, сән-сұлулығы мол д.м. ~ Қиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағына жетіп қайырған- Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең, өзің біл. Абай. ~ Енді бір жағынан қарасаңыз әлдеқайда ұмыт болып бара жатқан қазақтың ежелгі тұрмыс-тіршілігінің, толғауы тоқсан қызыл тілді ырқына көндірген би-шешендердің қағысуларының «энциклопедиясы» сияқты. Ж.Шәк. ~ Соқ жігіт! Соқ! Соқ! Жігіт! Күйіңді тарт! Тоқтатпа, «Тарт!» дегенім — қылғаным шарт! Толғауы тоқсан күйдің бір-ақ күй бар — Сылқылдат! Бастыр! Бастыр! Қадалт! Қадалт! І.Жан. ~ Қаламгер осылайша сізді өмірдің ащы шындығына, әдебиеттің толғауы тоқсан сөз иіріміне жетелейді. Ж.Шәк.
ТОЛҚЫН ҮСТІНДЕГІ (ЛАҚТЫРҒАН) ЖАҢҚАДАЙ
Дірдек қақты. * Дәл осы қалпында да еш нәрсеге назар салған кейпі жоқ, толқын үстіндегі жаңқадай дірдек қаққан "инеліктің" тұмсығында отырып та тер алдында мүлгіген молдадай бейғам. Қ.Ысқ. * Жастық аңғырттықпен, бірбет асаулықпен қызметке кіріскенде, тіршілік шырғалаң-шиыры толқын үстіндегі жаңқадай қақпақыл қылып ойнады. БАҚ. * — Қайда кимелеп барасыңдар! Бұл не өзі? Кілең мәдениетсіздер. Туфлиімді былғадыңдар құлақ сетіндей ащы дауыспен баж-баж етуіне қарамастан, жұрт Кербезді толқын лақтырған жаңқадай тықсырып, ішке алып кетті. Б.Соқп.
ТОЛЫНЫ ШАЙҚАП ТӨКТІ (ТӨГІП ШАЙҚАДЫ)
Билеп-төстеді, бүлік салды, бүлдірді, берекесін кетірді. ~ Толыны шайқап төгіп, майға бөккен қордалылар сонау кең даланың ырғап ішер ырысын шақтап сыздықтатар ма? Қу мініп, құлан құрықтаған пысықтар көрнеу көзге момын мен жуасты қырқыстырып қойып, өзінше қыр басынан қиялап кеп жөн айтар, сол төрелігінің төлеміне қырқа матап мал айдар жолынан оңай тайсақтар ма?" С.См. ~ Ақсақ Темір көреген, Азуын айға білеген, Дұшпанын саздай таптаған, Досын майдай сақтаған, Алтын діңгек секілді, Патша өткен Тұранда. Азғын тартып шүйіліп, Қасиеті жойылып, Онан соңғы хан мен бек Аталыдан азғын тек Суалып қалды қараңға. Елді судай сапырған, Белшесінен батырған, Шілдеде мұзды қатырған, Толыны төгіп шайқаған, Берілді тізгін ылаңға. Д.Баб.
ТОЛЫСЫ ШАЙҚАЛДЫ
Тынышы кетті, қауіп төнді д.м. * Игілік аулының жұтқа ұшырап, толысы шайқалғаны бір биыл емес. Сонда да ата қоныстан табан аударып, Сырдың бойын сағалаған кезі жоқ-ты. З.Шүк.
ТОЛЫСЫН ТӨГІП, ОРТАСЫН ШАЙҚАДЫ
Жайлы өмірін бұзды, тынышын кетірді. ~ Әлгінде айтылғандай, ретсіздіктер жұрттың соқтасын суытып, елге іріткі салды, толысын төгіп, ортасын шайқады. Қара бұқараны қойдай үркітті. Осыдан келіп, жалпақ қараңғы ел большевик дегенді құбыжық көрді. І.Жанс. * Жазғытұрым ойылған жұт жұрттың толысын төгіп, ортасын шайқап кеткеніне қосыла басқа жайттар да қабаттасып жатты.. Е.Мұхам.
ТОМАҒА ТАРТТЫ
Құсына ерік берді, томағасын босатты. ~ ауға ерте кіргенде бірен-саран қорымның-тұсынан томаға тартып қалуға да болушы еді. Сондай белгілі ұрымтал шоқылардың біразы да кейін қалды. М.Әу.~ Өзінің аржақ төрінде де, онан соң сол жақ қатарында да екі ұрымтал шоқы бар екен. Соның екеуінен де томаға тартамыз деп келе жатыр еді. М.Әу. ~ Әулиенің бір биігінде Тұрғанбай томаға тартты. Ар жағындағы бір жотаға барып, Шәке томаға тартты. Үшінші жотада томаға тартқан, Абайдың, Айғыздан туған інісі, осы сапардағы аңшы жолдасы — Смағұл болатын. Абай мен Ербол әдетте қағушы қасында емес, Тұрғанбай маңында жүреді. М.Әу. ~ Бір тасты қағып шығып, екіншіден томаға тартқанда жылпос қағушының алдындағы қорымға томағасы алынған жалаңбас қыран белсеніп кірпік қақпай қалады. М.Әу.
