Posted in

ТОҚАЛДАН ТУЫППЫН БА?

"Менің басқадан қай жерім кем?"- д.м. ~ Кекетпе! Сен ғой түртпектеп, мазасын алып… Ойың белгілі. Орнынды қайтып алмақсың. Бізге моральдық бейнесі таза маман керек. Партия нұсқаған жолдан табан аудармайтын. Мен ше? Тоқалдан туыппын ба?! Ө.Кәр. ~ Ақсақал көңіліңізге келсе де айтайын, сізге пенсия болмайды, — деді. — Ау, неге, немене мен тоқалдан туыппын ба? Т. Нұрм. * Мына анталаған көгөнкөздер көріп қойса, пәле емес пе, бізге неге әкелмейсің, тоқалдан туыппыз ба деп төбесінен құй қазсын. Т.Сәу.* Онан соң, аудан басынан салынған пионер лагерінің жалпақ елге қаншалық пайдасы бар?.. Бұл жақтың балалары тоқалдан туып па?.. Қ.Ысқ. * Мына анталаған көгөнкөздер көріп қойса, пәле емес пе, бізге неге әкелмейсің, тоқалдан туыппыз ба деп төбесінен құй қазсын. Т.Сәу.

Posted in

ТОҚЫМДЫҒЫНА ДА МІНГЕСТІРМЕЙДІ

Көш ілгері, әлдеқайда артық, шаңына да ілестірмейді д..м. ~ «Зал озвучания» дейтұғын көрдей қараңғыда тұншығып отырып бір байқағаным, қазақ тілінің мәйегіне ешбір тіл жете алмайтын сияқты, тіпті ағайындас қырғыздың өзі қазақ тілінің бояуы мен нюанстарын бере алмады, ал теңеу сөзге келгенде қайран тіліміз бөгдені тоқымдығына да міңгестірмейді екен. Қ.Ысқ.

Posted in

ТОҚПАҚ ЖАЛДЫ (АЙҒЫР)

Жалы күдірейіп, бөлек-бөлек бөлініп, топталып тұратын айғырға қатысты. ~ Жүріп кеттік. Мінген атымыздың бірі байдың желісінің басынан ұсталған тоқпақ жалды көк айғыр. Көк айғырға біздің жігіт салт мінді. Айдаңқырап жүріп кеттік. С.Сей. ~ Тоқпақ жалды торы айғыр мінген Тұмабай қасындағы бір топ кісімен көз алдындағы ұбақ-шұбақ көшті қыр басынан шолып тұр. Бір бүйірден жаңа болыс Шайгөз шыға келді. Б.Тоғ. ~ . Ұрғашы жылқының да қылықтысы, тоқпақ жал айғырды өзіне тартатындай сүйкімдісі болады. Су ағары тұшымды екен деп омыраулай бермейді көзіне көрінгенін. Ө.Кәр.

Posted in

ТОҚЫМЫ КЕППЕС

Тынымсыз шабыс, дамылсыз қарақшылықта жүрген адам туралы. ~ Тоқымы кеппес ұры едің. Түн жастанып жүр едің, Қабанбайдан бұрын найзаңды. Қашан жауға тіредің? Бұхар ж. ~ «Жүйріктің тоқымы кеппес, сұлудың тақымы кеппес» дегендей, ересен «еркіндікте» өмір сүріп жатқан Ақпатша түбінде бір мықтының етегінен ұстап, отана болуды есінен шығармайды. А.Нәрік. ~ Барымта, сырымтамен жүрген телі тентектердің тоқымы кеппес ұрлығын тезге салып түзетер болар; елге пана, жерге қорған болар қасиетін оятар тұстың туғандығын Жайылғандай батыр жария етпес пе, жалпақ жұрты батыр ұранын ұлықтап, атқа қонбас па. Т.Қажыб. ~ Биғали жасы үлкендігіне қарамай Боранқұлмен ептеп қалжыңдасып жүретін, бұл ауылға келіп сіңерден бұрын «тоқымы кеппеген ұры» болыпты. Ғ.Біл.

Posted in

ТОҚПАҚ МҰРЫН

Дөңкиген дәу мұрын. * Нұрымның зұлымдығы мен атағы болмаса, әліпті таяқ деп білмейтін надан, пішіні де жаман, аузы толған боғауыз бен былш-былш насыбай, ішпей мас, әрі нас елу шамасында жасы бар, қой сақтардың басындай басы бар, жай формының өзі сұп-суық бүйі секілді түксиген, бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, добыра сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлі нысаналы жануар еді. С.Тор.

Posted in

ТОЛАРСАҚТАН ҚАН КЕШТІ

Басына түскен зор қиыншылықты кешіп өтті. ~ "Туыстарымыз майданда толарсақтан қан кешіп, жанын шүберекке түйіп жүргенде мұнда, елде, мынадай арамзаларды жайына жібере алмаймын мен!" С.Шай. ~ Өзің ойлашы сен бір ауыз сәлем айтқан екен деп толарсақтан қан кешіп, оқ пен оттың ішінде жүрген саған қай досың артыңнан іздеп келеді? Ә.Нұрш. ~ Бұдан кейін арада елу жыл өтті. Осылайша азат халық өз бостандығын жоқтап елу жыл толарсақтан қан кешті. Ақыры дегеніне жетіп, жеңістік алды. Ж.Шәк. ~ Сөйтіп, елі мен жері үшін толарсақтан қан кешіп күрескен батырымен халқы қайта қауышты. Ж.Шәк.

Posted in

ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗДІҢ ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНІ

Ұзақ сөздің тұжырымды, түйінді тұсы. ~ Ал Кеңеке! «Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір». «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей, сіз кәрі, мен жас болсам да, тілегі бір адамдармыз ғой. Сөзімнің тоқ етерін айтайын енді. С.Шайм. * Енді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің жасырмай- шаппай кесіп айтуға рұқсат ет: сен менен қыз ретімде бас тартсаң да, әнші-ақын ретімде бас тарта алмайсың. Ш.Айт. * Морт мінезді жандар кейде ұзақ мылжыңды сүймейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ғана білгісі келеді. Әліп те сөздің ақыр-аяғына дейін күткісі келмей,төтесінен тартты:–Тоқетерін айтыңызшы, маған не істе дейсіз? Ж.Шәк.

Posted in

ТОҚСАН ТОЛҒАНДЫ

Терең ойланып, ұзағынан тебіренді. * Түрленіп тоқсан толғанып, Аударды көптің назарын. Сұңқылдап үні қозғалып, Ашты тілдің базарын. А.Байт. ~ Ал, ауруханада санамен сарғайып жатқанда, ой түбіне жетпек боп, қиял қойнауының қатпар-қатпарын ақтара беріп, шақшадай басым шарадай болды. Кешегі бір түннің өзінде төсегімнен тоғыз тұрып, тоқсан толғандым десем өтірік емес. Н.Кел. ~ Сөйтіп, тоқсан толғанып ойланған Оспан: «Комунистердің сөзі мен іс-әрекеті бірдей емес екен, бұларға да сенуге болмайды екен» деген шешімге келеді. Ж.Шәк,

Posted in

ТОҚСАН ТОРАП ЖОЛ

Сан қилы тағдыр, сансыз бағытты жол. ~ Семеннің айтқан қызы Ақботаға ұқсамай тұрса да — майданда кездесіп қалуымыз мүмкін ғой деген ой келеді. Неге мүмкін емес!.. Соғыстың тоқсан торап жолдарының бірімен бір машина неге өтіп бара жатпайды?.. Ол машинада Ақбота неге болмайды?.. Ғ.Мүс. ~ Жолдас автоматчик деп жазам ба, болмаса, жолдас пулеметчик деймін бе? Тоғыз емес тоқсан торапты соғыс жолдарының қай тарауынан іздер екемін енді?.. Ғ.Мүс.

Posted in

ТОҚ ПЕЙІЛ

~ Енесінің сүтке жарыту, жарытпауына, т.б. байланысты: күнқақты құлын – енесі мініліп жүріп, жөнді ембей, сүттен қағылып қалған құлын; мәйекті құлын – енесінің сүтіне тойған, тоқ пейіл құлын. А.Аман.