Іші тар, қытымыр, сырдаң адам туралы. ~ Айрылып жұрттан жалғыз жүрген кезде, Көрмегей жолықтыра бейілі тарға. Мақалы бұрынғының дұрыс болса, «Көп кешер, – деген сөз бар, – сынық арба». Қ.Қож.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕЙІЛІ ҚҰЛАДЫ
Көңілі кетті, қызықты. ~ Байдың өзін жаңылтады, білмегенін біледі. Несін сұрайсың, бай қызығып кетті. Он мың алтын десе де, алуға бейілі құлады. Сыртына шығармаса да, әлдекім қағып кете ме дегендей, бастығын шақырып алды да, алмақшы болды. БС. «Сат. ерт.»
БЕЙІЛІ ҚАШТЫ
Ниетінен айрылды, іші тарылды, сараң тартты. ~ Жортуылға кісі аттандырғандағы Байжан батырдың батасы немене еді?— деп сұрады Имақан. — «А құдай! … Текеметін тұйықтағаннан безе гөр! Майға тойып, түшіркеніп ұйықтағаннан безе гөр! Бейілі қашқаннан безе гөр! Мейманасы тасқаннан безе гөр! Ж.Айм.
БЕЙІЛІ КЕҢІДІ
Көңілі жайланып, қабағы ашылды, ~ Әрі-беріден соң жұрт қарбытайын деді білем: «Сендер шыдатпадыңдар ғой, ал жеңдерші! Жылқы сойса да шақ келмес» деп біріне-бірі ақыл айтқан болып, бейілі кеңіп кесейін деді. Манағыдай емес, табаққа тураған ет те түсейін деді. Ж.Айм.
БЕЙІЛІ КЕҢ
Қолы ашық, жомарт, ақ пейіл жан. ~ Бәйбіше мырза, бейілі кең. Сүйекті сырлы піспекпен. Күңірентіп келіп пісетін. Аралас сырбаз жас етпен. Бар еді әдет ішетін. Б.Күл. ~ Былтыр, оқу бітер кезде, алған әйелінен ажырасып, екінші әйел алып үлгерген. Жора-жолдасқа бейілі кең жігіт. Қысылғам жоқ сонда келіп түстім. Б.Соқ. Орман мен Олжабайдан туды төбет Бір қудай аямақ-ақ берген дәулет. Кеңес қылар үй екен бейілі кең Атанған жиылыста «құтты суат». Жаяу Мұса. ~ Сырт көзге түксиіп, жұғымсыз көрінгенмен Сегізбай, жалпы, жаман адам емес. Әсіресе, жора-жолдасына бейілі кең. Б.Соқ.
БЕЙІЛІ ЖОҚ
Көңілі, ықтияры жоқ. ~ Қаралы көңіл ашылмастай боп екі иығынан басып алды. Үстіне киген киімге, мінер атқа, ішетін асқа да бейілі жоқ. М.Әу. ~ Келіп жатқанның барлығы момын ағайын. Араз-құразға ынтасы мен бейілі жоқ, жай шаруаның ауылдары еді. М.Әу.
БЕЙІЛІ БӨЛЕК
Ерекше ілтипат көрсету, кеңпейілдік таныту туралы. ~ Әсіресе, майданнан жараланып қайтқандарға ел бейілі бөлек. Оларды сыйламайтын, құрмет етіп қарамайтын жан сирек. Б.Соқ.
БЕЙІЛІ БАР
Ынта, ықыласы, ниеті бар. ~ Мен ойласам, мұсылманша оқуы жаман емес екен, өзінің оқуға зейіні де, бейілі бар көрінеді. Мына Рахымды ілгері оқытайық. М.Әу. ~ Бұл ауылдардың адамына өзгеше бір мінезділік пен адал момындық бар. Және жақсы көрген адамынан қолда барын аямайтын шыншыл бейілі бар. М.Әу.
БЕЙІЛІ АУДЫ
Көңілі түсті, ықыласы ауды. ~ Абай жүзінде аң-таң дағдарыс бар. Жұрт амандасып жатыр, Абай оны сезген жоқ. Ешкімді көрер емес. Жалғыз ғана бір жанға ынта, бейілі ауған да құлаған. Б.Тоғ.
БЕЙІЛі ТАРЫЛДЫ
Қызғаныш, көре алмаушылық, сараңдық етек жайды. ~ Жер емес, бейіл тарылды, — деді Жанқожа, түнерген бойда келеді. – Бір Ақиректің астында қарақалпақтың жиырма қыстауы бар еді. Қазір отыз үй алтынбай мен жиырма үй құрманай сыйыспай отыр. З.Шүк.

