АЛДЫ-АРТЫНА ҚАРАМАЙ ЗЫТТЫ

Жанын сауғалап, тұра қашты. ~ «Көзіңді қазір жоғалт, кәрі түлкі! Әйтпесе милицияға барып, қояңды ақтарамын!» — деп ем, жан керек, алды-артына қарамай зытты. М.Қаб. ~ Күжбаннан жерағаш сұраймын ғой деп отыр едім. Сағындық өкінді. – Алды-артына қарамай зытқан екен. З.Шүк.

АЛБЫРТ ШАҚ

Балауса, балғын, пәк кездер. ~ Менің тәңірі қосқан Гүлжиһаным! Қайтып келер ме, сол «Шеген құдықтың» түбінде қол ұстасып тұрып, бүтін әлемді бір қауызға сыйғызған албырт шағым! Бақытты шағым! Х.Ес. ~ Бұл хатты Фарида қалтама қашан салып жүр? Ә, ұқтым, үйінен мен аттанар күні салған екен ғой… Осы бір хатты со бір албырт шақта неге оқымадым? Қандай аянышты! Неткен аңғалдық? Қап!.. Т.Бер.

АЛБЫРТ ІС

Ойланбай, қызбалықпен жасалған әрекет. ~ Мынандай бөлiп алып, қуып кету дегенiңнiң аты «барымта» ғой. Бауырлас ел, барымталас болмас. Албырт iс жасап, арандап қалмаңдар, – деп ақыл айтқан. К.Сег.

АЛҒА БАСҚАН АЯҒЫ АРТҚА КЕТТІ

1. Жүре алмады, аяғын әзер басты, кежегесі кейін тартты. ~ Бірақ кешеден бері қыздарын көрмегені есіне түсті. Оларды өте сағынып қалған еді. Алға басқан аяғы кейін кетіп, үйіне әзер жетті. І.Ес. ~ Iшi удай ашып, жүрегiн әлдекiм қос қолдап тартып тұрғандай, тызылдап ауырды. Бойын үмiтсiздiк билеп, алға басқан аяғы кейiн кеттi. Басына сан қилы ой оралды. Р.Рай. ~ Тіпті бір мезетте атының басын бұрып алып, кейін қарай шапқысы да келіп кетті. Алға басқан аяғы кейін кетіп, әзер дегенде өз аулына жетті. І.Ес.
2. Алға жылжи алмады, кедергіге тап болды, әлде бірдеңе жолын бөгеді. ~ Алға басқан аяғыңды кері кетіріп кеудеден итерген боран мынау. Т.Сәу. ~ Сұмдық-ай, мынаған не болған? – дедi ол қасқырдан қорыққан елiктей селт етiп. Анардың алға басқан аяғы кейiн тартты. Шегiншектеп барып, табалдырыққа тiреле кiдiрдi. Р.Рай.
3. Жолы болмады, ісі өнбеді. ~ Бірақ неге елдің бәрінен қормын? Неге менің

АЛҒА БАСПАДЫ

1. Дамымады, бір орында қалып қойды. ~ Жұмыс ахуалы бұрын да үлкен-кішілі бастықтың алдына айдап апарған; ұзақ жыл бір орында отырып қалған, алға баспаған адамдар бір-біріне қимыл, сөз саптау жағынан ұқсас келеді. М.Қаб. ~ …Партияның алты шарты орындалмайынша, өндіріс алға баспайды. Ғ.Мұс.
2. Жолы болмады, ісі өнбеді. ~ Пітірімді берем, намазымды қаза қылмаймын… сонда да ісім бір алға баспайды. Бұл қалай? Т.Сәу.

АЛҒА БАСТАДЫ

Артынан ертті, жол көрсетті, көсемдік танытты. ~ Уәли кеше өзінің жауынгерлерді алға бастап, жауды қуып бара жатқан ерлік кейпін көзіне елестетіп еді. Т.Ахт. ~ Ал бұл не үй дейсіз ғой. Жүріңіз, енді ішін араласайық, — деп есіктерге қалдырған ашық орындардан кіріп, алға бастады. С.Жүн.

АЛҒА БАСТЫ

Дамыды, жақсарды, ілгері жылжыды. ~ … біз жан жүйеміз бен үміт-арманымызды дамыттық, біздің алға басқан жаңалығымыздың өзі осы. О. Бальз. ~ Егер артық көрмесеңіз, олармен әңгімеде менің де қалыс қалмауым, істің алға басуына септігін тигізер… С.Жүн. ~ Тап тартысына бұрын шыныққан орыс пен Еуропа пролетариаты қазақтың тәжірибесіз жас жалшысын орталарына алып, езілген басқа да ұлттар сияқты қатарласып алға басайық дейді. І.Жан. ~ Бәрi түкiрiгi түйме алтын саналған мысық мұрт тиранның «қоғам неғұрлым алға басқан сайын, тап тартысы солғұрлым шиеленiсе түседi» дейтiн сандырағына көзсiз сенгендiктен ғой. Т.Сәу.

АЛҒА БАСТЫРДЫ

Дамытты, жаңа қарқын қосты. ~ Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығын алға бастыруда. Ғ.Қаб. ~ Сондықтан Ақметше Мұшаметшеұлын біз қайта қорғауымыз керек. Оның ісін алға бастыра беруге жәрдемдесуіміз керек,— деді Әлен Әлеуов. Х.Ес.

АЛБАСТЫСЫ ҰСТАДЫ

Жыны келіп, құтырып кетті. ~ Үй иесі тіпті итпісің, кісімісің демеген соң, қанша төзімді болса да шыдамап еді, Нұржан: – ата, жол соғып шаршап келіп едік. Рұқсат етсеңіз, жатып дем алсақ… – Пожалуста,– деді шал. Аманжанның шыдамы шарт сынды. Албастысы ұстап орнынан атып тұрған. О.Бөк.