Дамытты, жаңа қарқын қосты. ~ Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығын алға бастыруда. Ғ.Қаб. ~ Сондықтан Ақметше Мұшаметшеұлын біз қайта қорғауымыз керек. Оның ісін алға бастыра беруге жәрдемдесуіміз керек,— деді Әлен Әлеуов. Х.Ес.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛБАСТЫСЫ ҰСТАДЫ
Жыны келіп, құтырып кетті. ~ Үй иесі тіпті итпісің, кісімісің демеген соң, қанша төзімді болса да шыдамап еді, Нұржан: – ата, жол соғып шаршап келіп едік. Рұқсат етсеңіз, жатып дем алсақ… – Пожалуста,– деді шал. Аманжанның шыдамы шарт сынды. Албастысы ұстап орнынан атып тұрған. О.Бөк.
АЛҒА ТАРТТЫ
а) Ілгері басты, жылдам жүріп кетті, ілгері тартты.
ә) Үлгі қылды,
б) Бәлденді, міндетсінді, бұлдады.
АЛБАТЫ АДАМ (КІСІ)
Кездейсоқ, бөтен, көлденең адам. ~ Алғашында бірнеше ит болса, бара-бара бес-алты итке көбейіпті де бұл маңға албаты адам аттап баса алмайтын болыпты. Ж.Шәк. ~ Ол кісі жалған дүниеде де албаты адамға кезіге бермейтінін естуші еді Көпжасар. Т.Рыс. ~ Балам, ол біздің атажұртымыз, – деп шуақтанды, – бірақ сен мұны албаты кісілерге айта берме. Таудан асып кеткен адамдар қайта оралса естіп қалып жүрмесін. Олар естісе… Ж.Шәк.
АЛҒАН (АЙТҚАН) БЕТІНЕН ҚАЙТПАДЫ
Өз дегенін істеді, райынан қайтпады. ~ Не ойласа да, мейлі. Жақан, бәрібір, алған бетінен қайтпайды. Ә.Кек. ~ Бірақ Ақан алған бетінен қайтпады. С.Жүн.~ Қыз әуелi шешесiне айтқызып, әкесiне Жосалыдағы темiржолшылардың мектебiне барып оқысам деген тiлегiн жеткiзiп көрген болатын‚ бiрақ Пiрмақан алған бетiнен қайтпады. Б.Алд. ~ Ұлжанның денесі қандай ауыр болса, мінезі де сондай тиянақты. Айтқан бетінен қайтпайды. Ә.Тар.
АЛБАТЫ АЙТПАЙДЫ
Беталды, жөнсіз сөйлемейді, айтса, айтқанын орындайды д.м. ~ Әдетте көп сөйлемейтін, сөйлесе албаты айтпайтын бұл кісіні жұрт көріпкелі бар киелі адам деп имене қараушы еді. Ж.Шәк. ~ Басында көнгісі келмесе де шалының албаты айтпайтынын, айтса қайтпайтынын білетін кемпірі көзіне келген жасты жаулығының ұшымен көлегейлей сүртіп, үнсіз күйзеліспен бас изеді. Ж.Шәк.
АЛҒАН БЕТІНЕН ТАЙМАДЫ (ТАНБАДЫ)
Өз дегенін істеді; өзгенің сөзін елемеді; табандылық танытты. ~ Бірақ олар алған бетінен таймай, еңбекші, қаналған халықты төңірегіне жинай-жинай күш алды. Ақыры ақ патшаны құлатты. К.Қаз. ~ Саптамасының сауырына тебінгінің тері әбден сіңген шалың сол алған бетінен танбай, капотты көтеріп тастап, сыртқа лап берген будақ-будақ буға бет шарпыта әлденені шұқылап жатқан шофердің жанына талтақтап барды. М.Қаб.
АЛБЫРТ ЖАС
Өмірге терең бойламаған, жауқазындай балғын.~ Асығат өлең жазуды ерте бастаған. Алғашқы дастаны да ерте туды. Бірақ ешкім ол дастанға елең етпеді. Өмір көрмеген албырт жас, өзінің уыз махаббатын ғана арқау етіпті. І.Ес. ~ Тақсыр, өлімге жұмсардай Қуаттың мен білмейтін күнәсі бар шығар. Ол сұмдығы мына бұйрығыңыздан сезіліп тұр. Бірақ албырт жастың аңғырт қадамын кешірер үлкендігіміз қайда? С.См. ~ Ал жалғызсырасын. Сонда біз не қамсау боламыз. Əлде түйенің жарты етіндей дөңкиген Дос маңынан тіпті Мұхаңа да ықтасын болар бос қуыс табылатыны ма? Осының бəрі албырт жастың аңғырт ойы екен. Оны мен кейін білдім. З.Қаб. ~ Құлағында тынымсыз сыңғырлап әдемі үн тұрды. Сол үн қаяу түсіп көрмеген шаттық көңілден, таза пәк сезімнен хабар бергендей. Албырт жастың, сымбатты тұлға, сирек ажар ай құшақ қауып табысқан айырықша бақытты жан. Ә.Кек.
АЛҒАНЫ АС БОЛҒЫР
Істеген жақсылығының қайырын көрсін д.м. тілек, бата. ~ Алғаны ас болғырдың еңбегi шығар, өлiп-талып ақыры бiр рет көрдi ғой баласын, тергеу бiтiп, iсi сотқа кеткен кезде. Үстi-басын тiнткiлеп, әкелген тамағының жартысын өткiзбей, оның өзiн пышақпен тiлгiлеп қарап, есiк-терезесi темiрмен торланған абажадай бөлмеге кiргiзген. Т.Сәу.
АЛБЫРТ ЖҮРЕК
Балауса, арам шалмаған, алып-ұшпа, сенімпаз жүрек. ~ Біл, жаным, оның албырт жүрегінің жалынып, өзгелерге жағынбасын… Өмірде, қарап тұрсам, бағың да сын, тек жаның жалынынан арылмасын! Ф.Оң. ~ Арап әнші келісімен ол қыздан көзін айырмайды, екеуінің махаббаты күн-түн сайын арта береді. Бірақ олардың тілегі оразды бола ма, жоқ па, албырт жүрек оны керек қылмайды. Ә.Мар. ~ Құшағында тұрған жас сұлудың көзінен аққан ыстық жасы жігіттің албырт жүрегін қорғасындай балқытып жіберді. І.Ес. ~ Әрнеге алабұртып, алаң болған албырт жүректер бір мезгіл байыз тауып, алаңсыз жастық шақтың, мөлдір махаббаттың тасқынды әсеріне беріліп кетіп еді. С.Ом.
