АЛА ҚОЙДАЙ ЕРДІ

Қыр соңынан қалмады. ~ Шошайып атпен көшеде жүргені ұят шығар. Біреу болмаса біреу танып, сөз етіп жүрер тегі. Онсыз да соңынан ала қойдай ерген өсекке кенде емес қой, сөзге сөз жамап қайтеді. Ә.Асқ.

АЛА ҚОЙДЫ БӨЛЕ ҚЫРҚУ

Бөліну, алауыздыққа салыну, үй ішінен үй тігу. ~ Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды деген. Аталарымыз дұрыс айтқан. Мемлекет пен мені бөлуге бола ма? Б.Қыд.~ Болмысы — ала қойды бөле қырықпай‚ Ауасын бiр аспанның бөле жұтпай‚ Адамға болса екен деп тiлейтiнi‚ Көңiлiн еш пенденiң және жықпай. К.Мыр.

АЛА ҚҰЙЫН

Аласапыран, астан-кестен уақыт, жүгенсіз, бірбеткей мінез, өрекпіген көңіл. ~ Мен бұл әйелді алты дуанға атағы жайылған ханша бар еді ғой, сондай өркөкірек, ойына келгеннің бәрі де бойыма жараса береді деп ойлайтын ала құйын тұрғысында көретін шығармын деп қауіптеніп келіп едім. Ғ.Мүс. ~ Жаңа өкіметтің кедейлерді жақтайтынын тез ұққан ақын атқа мініп, төңкерістен кейінгі ала құйынға араласады. Б.Тоғ. ~ Күн шығады ай аунап, түн күледі, Сана төрін сұрақтар үңгіледі. Арман қуған жылдарым – ала құйын, Не күтіп тұр алдымнан, кім біледі? Ж.Шәк.

АЛА ҚҰЙЫН БОЛЫП

Ентелеп, алды-артына қарамай. ~ Солқылдақ шыбығын қолына оңтайлана ұстап, жан-жағына қарады. Арттан емес, біреу оң бүйірден ала құйын боп келеді екен. Р.Рай. ~ Бір кезде ауыл жақтан «қағанақ бас» Ысқақ дейтін бала ала құйын боп жетіп келді де, осы түнде болған қолайсыз жағдайды хабарлады. Т.Берд. ~ Қойлыбай құлағын қос қолымен баса сыртқа атылып шықты: ала құйын болып атыла шықты далаға. Қойлыбай ала құйын болып жүгіріп бара жатқанын бір-ақ сезді. Қалт тоқтады. Т.Ор.

АЛА КӨЛЕҢКЕ (ЖҮГІРДІ)

Қараңғы үйіріліп, үй-іші күңгірт тартқан кез. ~ Бір кезде Нағима да бері кірді. Шамды өшірді. Ай жарығы түскендіктен үй іші
ала көлеңке. Б.Соқп. ~ Клуб іші әдеттегідей ала көлеңке екен. Адамдар көп жиналыпты. О.Бөк. ~ Таң жаңа атып келе
жатса керек, үй ішіне ала көлеңке жүгірді. Б.Тоғ.

АЛА ҚҰЙЫН ЗАМАН

Астан-кестен, аласапыран уақыт. ~ Е, келін-ай… Арман, зар қайсымызда жоқ дейсің. Алды артымызға қаратпайтын, өзіміз
таңдау жасай алмайтын ала-құйын заман тап келді ғой, мына бізге. Н.Дәу.

АЛА КӨҢІЛ

Алаңдаулы, беймаза, екі ойлы. ~ «Солай де… Ал, өзің ше? Өзің не істеп жүрсің? Ала көңіл емеспісің? Жүрегіндегі жылылық кімге арналған? Айтшы, кімге? М.Сүн. ~ «Е, бәсе!» дегендей ала көңілі енді орныққан ел жайлап тарай бастады. Т.Сәу. ~ Бұлар өздерінің жазықсыз әділдігіне сенеді. Және қалың ел жалғыз ниетке ала көңілсіз жұмылып отыр. М.Әу.

АЛА ҚҰЙЫН КӨҢІЛ (МІНЕЗ, СЕЗІМ)

Аласұрған, аптыққан, астан-кестен, өрекпіген көңіл. ~ Басынан кешкен жаңағы сұмдық өңі емес, түсі екенін білсе де,
абыржыған ала құйын көңіл аптығын баса алмай, қол-аяғына енген діріл әл-дәрменін әкетіп барады. Ә.Нұрп. ~ Анасының ала құйын мінезіне әбден сыралғы болған ұлы ұлпа қарды омбылап жүгіре жөнелді. О.Бөк. ~ Қыбыр етуге қорықты. Бұның ояу екенін білмеуі керек Сұржекей. Ала құйын сезімі әрең дегенде сабасына түсті ішкі бөлме жаққа еппен құлақ түрді. С.Ел. ~ Қанша жынды болса да жүрегіне балдай тәтті сезім шырыны сорғалап құйылғанда бір ауық ала құйын мінезінен арылып, әлдеқандай албырт жігіт сипатын тапқандай. C.Ом.

АЛА КӨҢІЛДЕНДІ (АЛА КӨҢІЛ БОЛДЫ)

Әлденеге елегізіп, тынышсызданды, дегбірі қалмады. ~ Мен кейде сұрақ қоям өзіме өзім: «Жанарды неге ойлай берем? Оны көрмесем, ала көңілденіп, тынышым кетіп тұратыны несі? Б.Соқ. ~ Ал асыққан, ала көңіл болған жолаушыға уақыттың тез өтуі — мың да бірден табылмас шипалы ем сияқты болатыны айтпаса да түсінікті ғой. С.Шай. ~ Ол әуелі атасынан сытылып шыққанына қуанып еді, артынша жапан дүзде жалғыз қап кеткені есіне түсіп, жаны ашыды да ала көңіл боп жол үстінде біраз уақыт кідіріп қалды… Қ.Ысқ.

АЛА ҚЫСТАЙ

Алты ай қыс бойы. ~ Күн-күйеуін жер көксеп ала қыстай, Біреуіне біреуі қосылыспай, Көңілі күн лебіне толғаннан соң, Жер толықсып, түрленер тоты құстай. Абай.