АЛА САПЫРАН ЗАМАН

Ел басына күн туған, қиын-қыстау, жаугершілік уақыт. ~ Шырағым, ел тыныштығын жоғалтқан бір аласапыран заман болып кетті емес пе, – деді ақсақал уһілеп, – жылы–жылы сөйлесе жылан інінен шығады, қатты–қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады. І.Ес. ~ …бақ шiркiн қонайын десе, кiсi таңдамайды екен ғой. Аласапыран заманның ала құйын желi жапа шеккен жарлы, кедей деген дақпыртпен алақанына салып, аспанға көтерiп алды да кеттi. Т.Сәу. ~ Дейінгіні айтпағанда, кейінгі жиырма ғасырда небір қарағай басын шортан шалған аласапыран замандар өтті. Ж.Аяз.

АЛА САРСАҢҒА ТҮСТІ

Әуре болды, әбігерге түсті. ~ Беткейде үйір жылқы шүйгіннен бас көтермей жайылып жүр. Осы кеште жігіттер асау қуып, ала сарсаңға түсіп еді–ау. Құрық тимеген ту қашаған желмен жарысып жеткізбей–ақ бағады. Б.Мом.

АЛА ТАЙДАЙ БӨЛІНДІ (БҮЛІНДІ)

Ел арасына іріткі түсті, жік-жік болды, дауласты, араздасты.
~ Күн өтті, ай өтті. Бір уақытта елдің іші ала тайдай бөлініп адам басы дал болды да қалды. Жылағанда басы қазандай болған қатындардың біразы үн-түн жоқ, басыла қалды. Ғ.Мүс. ~ Ғұмыр бойы отымен кіріп, күлімен шықты; ал, ел ала тайдай бүлініп, ақтар қашып, қызылдар қуып дүрлігіп жатқанда … О.Бөк.

АЛА ТАЙДАЙ БҮЛДІРДІ

Ел арасына лаң салды, бүлік шығарды, елдің ішін дүрліктірді, тынышын кетірді. ~ Бiз сiзге екi дүниеде ризамыз! Алайда, жауымыз бiздi iндетiп келiп отырса, екеуiмiз ел iшiн ала тайдай бүлдiрiп, шап-қыншылықтың, майдангершiлiктiң басталуына себепшi болғымыз келмейдi. К.Сег. ~ Айжан ордадан безгенмен, Шоқан одан безген жоқ, оны көруден, ойнатудан, сыйлықтар апарудан тоқтамады. Ақпан үйіне орнаған сүйкімділікті Итаяқ қана ала тайдай бүлдірді ғой… С.Мұқ. ~ Ел алыс-жұлыс, атыс-шабыс, барымта-қарымтадан көз ашпады. Қайран жұрт ала тайдай бүлдірген алашапқынмен ғұмыр кешіп, алаң көңіл өмір өткізді. О.Бөк. ~ Аңдамай айтып, ел ішін ала тайдай бүлдіретіндер көбейіп кетті. Ж.Аяз.

АЛА ТАЙДАЙ ШЫРҚЫН БҰЗДЫ

Мазасын алды, берекесін кетірді. ~ Момын жатқан елімнің ала тайдай шырқын бұзған қандай мақұлық екен? — деді Бөлен. Ә.Шәр.

АЛА ТАҢНАН ҚАРА КЕШКЕ ДЕЙІН

Күні бойы, таң қылау бергеннен қараңғы үйірілгенше. * Күні бойы ештеңе істемей ішің пыспай ма? – деп ауызын сылп еткізді шешесі. Өзі байғұс үйдің, қора-қопсының тірлігінен ала таңнан қара кешке сүрсігіп жығылатын. С.Досж.

АЛА ТОПАЛАҢ

Алй-түлей, астан-кестен. ~ …Ұлы Отан соғысы кезінде қолына қалам алудан гөрі қару алыңқырап, тыныштықта ой ойлау емес, ала топалаң сұрапылда Отан қорғау жағына көп ойысып жүрді. З.Қаб. ~ Үскірік жел ала топалаң боран тұрғызды. Қыраттардың қарын суыра қуалап әкеліп жыра-жықпылға тықпалады. Ж.Тіл.

АЛА ТІЛЕУ

~ Иісі қазақтың құдай сүйген қылығы жоқ. Ала жылан аш бақа, ала тілеу оңдырмасын бек біледі. Қара қыпшақ Қобыланды батыр Ақжол биді өлтірген соң арғын– қыпшақ айрылған. А.Кем.

АЛА ШАБУЫЛ

Жөн-жосықсыз, ерсілі-қарсылы шабыс, дүрлігіс. ~ Бүкіл бір әулеттен қалған жалғыздың жәйі батырдың жанына батыңқыраған сияқты. Оның үстіне осы ала шабуыл жүрісіміздің соңы неге ұрындырар екен деген күмән да ойында жоқ дейсің бе! Ә.Кек. ~ Ақтөс бейшара шәуілдеген өз даусы мен мына бір мағынасыз ала шабуылдан басы қатып кетсе керек, аяр түлкінің оны әдейі қиынға бастап келе жатқанын аңғармай қалды. Ш.Айт. ~ Осы өзі келе жатқан Ырғыз алабында да ноғайлардың көк алалы жылқысы мен қарақұрым қолы талай ойнақ салған-ды. Енді, міне, сол аламан-асыр ала шабуылдар өлкесі жымпиып тыныш жатыр. Ә.Кек.

АЛА КӨҢІЛДЕНДІ (АЛА КӨҢІЛ БОЛДЫ)

Әлденеге елегізіп, тынышсызданды, дегбірі қалмады. ~ Мен кейде сұрақ қоям өзіме өзім: «Жанарды неге ойлай берем? Оны көрмесем, ала көңілденіп, тынышым кетіп тұратыны несі? Б.Соқ. ~ Ал асыққан, ала көңіл болған жолаушыға уақыттың тез өтуі — мың да бірден табылмас шипалы ем сияқты болатыны айтпаса да түсінікті ғой. С.Шай. ~ Ол әуелі атасынан сытылып шыққанына қуанып еді, артынша жапан дүзде жалғыз қап кеткені есіне түсіп, жаны ашыды да ала көңіл боп жол үстінде біраз уақыт кідіріп қалды… Қ.Ысқ.