Ақырына дейін, өлгенше. * Қаланың өңкей байлар бастаған хүкіметі қызылдардың дегеніне көнбей, тамшы қаны қалғанша қарсы тұратындығын білдірді. Ж.Айм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАНАУ ҚАҚТЫ
Барын салды, қан сорпасы шықты. ~ Аудандық қаладан шығып, Асқар мен Асан асығып келеді. Аттары қан сорпа боп, танау қаққан күйде ауылға кеп түсті. М.Әу. ~ Қазір де бүгінгі күннің бар ауыртпалығы соған түскендей, астындағы атын танау қақтырып, арбаға жол ашып, көшедегі бейсауат елді қуып жүр. Қ.Жұм.
ТАМЫР ЖАЙДЫ
Бір жерге, бір ортаға орнығу туралы; кең таралды, кеңінен қанат жайды. ~ Арғы атамыз XIV ғасырда, Даланың қуаты қайтпаған кезде өз еркімен Ордадан келіп, орыс туының астына тұрған екен. Шоқынып, үйленіп, біржола орнығыпты. Ұрпақтары өсіп-өніп, басқа әулеттермен туысып, кенінен тамыр жайған. М.Мағ. ~ Қабыр басына бір кезде шаншыған сайғақ тамыр жайып, мәуе болған. Т.Сәу.
ТАНАУДАН ТІЗДІ
Бір-бірлеп санап шықты, түгендеді. ~ Осы кеңес тобында Кімдер бар да, кімдер жоқ? Кімдер жоқтан бастайын, Қысқа қайырып, саспайын. Танаудан тізіп санайын: Жалпы айтқанда, жоқ жауыз – Жатып сорар жалмауыз Еңбекші момын маңайын. М.Жұм. ~ Жалпы айтқанда, жындар жоқ. Жоқтарды осылай көгендеп, Танаудан тізіп түгендеп, Кімдер барға келейін. М.Жұм.
ТАМЫРДЫ ДӘП БАСТЫ
Әлдебірдеңенің себебін, шығу тегін нақ тапты.* – Таза реализм мен ирреализм қым-қиғаш аралас… Себебі не, айтамысың? Елтай оны өзі де білетін, мойындайтын. Мына кісі тамырды дәл басады екен. М.Қаб.
ТАНАУЫ ДЕЛДИДІ
Тұла бойын ашу кернеді. ~ Қабағы қайрақтай боп, танауы делдuіп тұр екен, дәу де болса көкайыл, долы шығар, — депті. Ж.Айм. ~ Махамбетшенің қолында тобылғы сапты сары ала қамшы, ашуланғаны сонша, кең танауы делдиіп, демінен ұзын сақалы желп-желп етеді. Қамшымен бір тартқан сайын ұрыға бір сұрақ қойды: — Айт шыныңды, Мұстапаның боз биесін қайсың ұрладың ? Ғ.Мұст. ~ Онсыз да үлкен көздері шарасынан шығардай, пісте мұрнының танауы делдиіп кеткен. Ә.Тар.
ТАМЫРЫ ЖУАНДАП КЕТТІ
Іс насырға шапты, тереңдеп кетті. * Ботабай не уәж айтады. Іші қыз-қыз қайнайды. Қатынын жақтан тартып-ақ жіберейін десе, пәленің тамыры жуандап кеткен. Н.Дәут.
ТАНАУЫ ЖЕЛБІРЕДІ
Көңілі алабұртып, ерекше сезімге бөленді, елірді. ~ Разия үн қатпай кемпірдің бетіне сазара қарады. Бұл да кірпігін қақпай қадалып қалды. Екі танауы желбіреп, сұрлана түсті. Ж.Сәм. ~ Осы сәт қапелімде тұрып кете алмай тыпырықтап жатқан торы айғыр басын қақшаң еткізіп, оқыс көтеріп, қос танауы желбіреп, жан дәрмен қышқырып-қышқырып жіберді. Н.Сам. ~ Қайсардың үнінде сенім мол. Танауы желбіреп барады. — Әй, қайдам, сөзі көптің ісі аз деуші тұғын. Ха- ха- ха… Б.Мом. ~ — Тайыз екен деп барып, қойып кетсең аман бол… қайтып шығуың неғайбыл шығар.- Саламаттың танауы желбіреп кетті. М.Сүн. ~ — Вася атай, қараңызшы! Шыңына алау тұтатқан Алатау қандай әсем! — Балтаның танауы желбіреп кетіпті. С.См.
ТАМЫРЫ СУАЛДЫ
Қартайды, күш-қуаттан айрылды. ~ Біреудің алашасын тоқысты, біреудің жүнін түтісті… шамалары келетін шаруадан тартынған емес. Өстіп ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып, тамыры суалған кәрі емен еңкейіп шөгіп, саясындағы қос шыбық күнге бой созып биіктей берген. Сафура оныншы класс бітіретін жылы әжесі қайтыс болды. Т.Сәу. ~ Жалау майданға кетерде өзінің туып өскен елін, өзінің береке құтындай көретін колхоздың жапырағы қуарып, тамыры суалған бәйтеректей болдың– ау деп кеткен еді. Соңғы жылдарда келген ел хабары колхоз жайы онан гөрі басқаша баяндайды. Ә.Әб. ~ Сенсіз менің өмірімде мағына жоқ, тамыры суалған, жапырағы қуарған теректей мәнсіз. С.Дос.
ТАНАУЫ ЖЕЛПІЛДЕДІ (ЖЕЛПІНДІ)
Елірді, ерекше күйге түсті. ~ — Құлады, құлады! — деді Володя. Көзімен емес мұрнымен көріп тұрғандай, екі танауы желпілдеп кетіпті. Ғ.Мүс. ~ – Абдолла! — деп саңқ ете қалған дауыстан селк ете түсіп, жалт бұрылып төмен қарады. – Тәтем үйде ме? — деп сұраған ер баланың танауы желпілдеп, алқынып тұр. С.Ғабб. ~ Аузың дуалы әйтеу. Секратар да сескенеді сенен. Қанатпен қауыштырғаның абзал болған екен оны. Мақтаған сайын көпсіп, көңілі түлеп тұратын Айдынбай, алшаң басып, еңсесі көтеріліп қалды. Танауы желпініп, тамағындағы күре тамыры білеуленіп, бүлкілдеп тұр. Т.Рыск.
