АҚ БОРАН

Алай-түлей, бет қаратпай түтеген қаһарлы жел. ~ Жолды босат деп азынаған паровоздың әзірейілдей үнін есітпес үшін, ақ боранмен, үйінді қармен арпалысқан аламан шақта, мұндай азаптан гөрі өле кеткен жақсы-ау деген кездер де болған. Ш.Айт. ~ Сен немене кісінің өз тамағын өзіне жегізбейсің бе? — деді аузынан ақ боран бұрқылдап. Ә.Нұрш. ~ Оның көзіне ақ боранмен алысып көшіп келе жатқан қарақалпақ ауылдары елестейді. З.Шүк.

АҚ ДИДАРЛЫ

Бет-жүзінен мейір төгілген, ақ жүзді, шырайлы кісі туралы. ~ Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса ажарлы, ақ дидарлы кісі екен. Б.Мом.~ … қызыл көпірдің өте берісінен Нәзиләға ұшыраса кетті. Қыз күнінде ғашық болған ақ дидарлы аруды ары қарап кетіп бара жатқан сымға тартқандай сыртқы тұлғасынан таныған … Ғ.Біл.

АҚ БОРЫҚ

Аппақ, мамықтай, жұп-жұмыр. ~ Бұрын кірпігіне кір жуытпай, ақ мысықтай ширатылып отыратын Мырзағұлдың ақ борық келіні сүметіліп, үйден бетін басып далаға атып шықты. І.Ес. ~ Онан ақ борық саусақтарына, құлағына, мойнына соңыра сұғанақ көздердің жанарын тартып жаутаңдатып қоятын бар-бар жалтырақ пен жылтырақты тағып сәнденіп баққаны қайда? Ә.Нұрп. ~ Өзі болса міне…Осының бәрі анадай ақ борық сәбидің жоқтығынан. Сол ғана! Қанат ауыр күрсінді. Ғ.Сл.

АҚ ДОС, АЙНЫМАС СЕРІК

Ниеті таза, сенімді, сөзге берік жақын жолдас. ~ Екеуің де бір- бір үйдің жалғызы екенсіндер. Біріңе бірің ақ дос, айнымас серік боп өтіңдер. Әрқашан да адал болыңдар. Ә.Нұрш.

АҚ БОРЫҚТАЙ

Әйелдің тап-таза, балғын, аршыған жұмыртқадай аппақ бітімінің сипаты. ~ Қалай барып қалғанын өзі де білмейді, Бисара бір уақытта қараса төргі үйдегі айнаның алдында тұр. Ар жақтан қос жанары мөлдіреген, ақ борықтай әдемі келіншек бұған мұңдана көз салады. Қ.Жұм.~ Басына ақ жаулық салып, үстіне қос етек бүрмелі көйлек, қыжым камзол, аяғына былғары мәсі киген соң түр-түсі ақ борықтай, көк көз Алла қазақ ауылының қызындай болып құлпырып шыға келген. Б.Тоғ.

АҚ ЕДІЛ

Жылы жүзді, көңілі таза, пейілі ақ. ~ Өз төңірегіне күш топтап, зорлық, зұлымдық үстінен үстемдік жүргізуге құлқы соқпайтын, мақсұт етпейтін ақ еділ адалдығында, адалдық әрқашан бойын таза сақтайды. Ғ.Біл. ~ Айхай, ақ еділ аналар, ақ жайқау жеңгелер-ай, қосақтарыңмен қоса ағарып, өмірдің жазы өтіп, күзі қалған, ыстық-желігі басылып сызы қалған шақтарыңа дейін сүйіс орнына тістесіп кетпей, сүйкімділіктеріңді сақтап, «ары жат та, бері жатпен» шайқасып шайналыспай, қағысып ойнап отыратын қағылез жарасымдылықтарыңнан жазбағайсыңдар! Ғ.Біл. ~ Шөке осы күні жатқан орнынан қозғала алмай мынау жайдары, ақ еділ жандарға кезіккеннен ме, келістіріп ұйықтап, тынығып қалды. Б.Жұм.

АҚ БОСАҒА

Тірлігі жарасқан ақ отау, отбасы.~ Ақ босаға аттадыңдар сәтті күн, Сезіп тұрмын сезімдердің пәктігін. Көктемдегі дариядай тасысын Көптен күткен қуанышым, шаттығым. К.Ахметова. ~ Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, оң жаққа арулап жатқызып, қара жамылып қаза да талай жөнелттік. Ақ босағамызды қуанышқа кенелтіп, келін де түсірдік, немере де сүйдік қаншама. Д.Әш.

АҚ БОТА

1. Түйенің жасқа толмаған сүйкімді төлі. ~ Жүндері үлпілдеп түнгі самалға желпілдегендей сезілді. Түйелердің арасымен жүріп келе жатып мен мамық жүнді ақ ботаның қасына еріксіз тоқтадым. Б.Мом. ~ Ақан терезеден төменге көз салды. Өркеш–өркеш қаз бауыр бұлттар қалқи қатып тұр. Алып теплоходқа ұқсай ма, әлде монтиып тұрған ақ ботаны еске түсіре ме? М.Қаб.
2.Ұл-қыз, сүйікті перзентті еркелете атау. ~ Үмітім менің ақ ботам ғой, көзімнің қарашығы! Үш ұлдан кейін сағынтып туған жалғыз қызым. Т.Сәу.

АҚ БӨКЕННІҢ ТАҢЫНДАЙ

Сұлудың аппақ тәнінің, күн шалмаған, жел тимеген балғын мүшесінің сипаты. ~ Ләм деместен төргі бөлмеге кіріп бара жатқан келіншектің шамнан түскен сәулеге аппақ балтыры шағылысып, тұра қашқан ақ бөкеннің таңындай бір жарқ етті де, көзден ғайып болды. Ә.Нұрп.

АҚ БАУЫР (БҰЛТ)

Мақтадай ақ, ұлпа. ~ Көкпен тірескен кәрі көз Алатаудың ақ бауыр ұлпа бұлттары үлбіреп тіл қатқан-дай болды. Ә.Шәр. ~ Ай сәулесіне малынып қалқып жүрген ақ бауыр бұлттың тасасына еніп, жоқ болды да, қайта көрінді. Т.Әб.