Сәбиді еркелете, ерекше жақсы көре, әлдилей атау. ~ Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем, Бурыл тайға мін, бөпем! Ауыз әд. ~ Əсиқаның: Əлди.. əлди.. ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем. Жілік шағып берейін Таңдайыңа тат бөпем…– деп əндеткен даусынан балақан жүзі балбырап ұйқыға кетті. С.Досж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚ БӨРТЕ
1.Ағы басымдау көкшіл түс. Ат шабылды. Ақ бөрте ат алдымен келді. Бұл да Бадырақтікі еді. Аттың температурасын өлшеп, қазақ докторлары жазып шығып, бәйге комиссиясына беріп жатыр. І.Жан. ~ – Ақтала шыққан абыржыңқы жіңішке дауысқа ілесе апалақтап Мүкарама апайдың өзі де кірді. Омырауы ойық, қоңыр шақпақ ал¬жапқыш тартқан. Күйеуіне шәкірттей жалтаңдап қарап, иығына көлденең асқан ақ бөрте ұзын сүлгінің бір ұшына қолын жүре сүртіп келеді. Т.Сәу.
2. Бетінен қаны тамған, жүзі шырайлы, келісті. ~ Кең мандайы дүңкиіп тұратын қызыл шырайлы, ақ бөрте Қуандық ағамыз тотығып, арықтап қалған екен. Сонда да әлі әдемі. Қ.Шаб. ~ «Төрлет!» — дегендей орындықты нұсқаған Алшағыр жаман киімін шешіп, төр үйге кірді. Іле қайта көрінді, үстінде көнелеу бридж. Соңында — ана қаздай мамырлап басқан ақ бөрте келіншек. М.Қаб.
АҚ БҰЙРЫҚТЫ ӨЛІМ (АЖАЛ)
Жазмыштың дегенімен; кездейсоқ опат жағдайда емес, жасы жетіп, қартайып, өз кезегімен болған қаза. ~ Адалл еңбекпен ерінбей мал табуға жігер қыла алмайсыз. Кеселді жалқау, қылжақ бас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың пысық, ішің нас, Артын ойлап ұялмас, — болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық. Абай. ~ Бұл сапар менiң ендiгi қалған тiрлiгiмнiң мұраты. Бәрiңе айтар бiр өтiнiшiм, осы жолда ақ бұйрықты ажал сағатым жетiп, қаза тапқаным естiлер болса, сол шақта да бiрде-бiрiң менi аяп, мүсiркеп: «әттең өкiнiп өлдi-ау, арманда кеттi-ау» деп еске алма. М.Әу. ~ Жаратқан ием, я кәрiм алла, менiң қолымнан өлтiртпедiң. Бендең болған бар тiлегiм, ақ тiлегiм со болсын. Ал мынау екеуiн! Жiбер өзiңнiң ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрiн өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерiн, жоғалғырлардың! – деп қолының сыртымен терiс батасын етiп салды. М.Әу.
АҚ БІЛЕК
1. Сұлу қыздың күн шалмаған, жұмыр, борықтай аппақ білегі. ~ Магниті сұлу қыздың күшті емес пе, Жігітті көңілі сүйген қайтіп тартпас, Астынан ақ тамақтың деміңді алсаң, Мойныңнан ақ білекті қайтіп артпас?! М.Дул. ~ … қаладан далаға келсе болғаны құла– қасқасын қамшылап дамыл көрмей, баукеспе ұрыларша сырт көзге жымын білдірмей мысықтабандап барып күнде құшақтасып қайтатын ақ білек, бұраң бел, күлім көз келіншек: «Қайтесің, қамшылама қасқа атымды, қыздардан артық көрем жас атынды… » деп əндете жөнеледі. М.Әу.
2. Ақсүйек, кербез. ~ «Абай» романындағы жүзге тарта қатын — қыздардың бəрі – шетінен ақ білек, сылқым, еркін, ерке. Ылғи ғана шолпылары сылдыр қаққан сұлулар». З.Қаб. ~ Бір сілкінді көк пен жер, «Бұл қайнаған неткен күш? Мынау дүбір не дүбір?» Деп тыңдады бұл шалың: Алыстағы қалада Тапқа, сапқа тартылды. Бір жағы-өңшең ақ білек, Бір жағы-өңшең құс білек. І.Ес.
АҚ БІЛЕКТІҢ КҮШІ, АҚ НАЙЗАНЫҢ ҰШЫ
Туған жерін қорғап қалу мақсатында жанкешті арпалыс, қырғын қантөгістерде көрсетілген теңдессіз табандылық, асқан ерлік хақында. ~ Қастың аты қас, сенің дос емес екеніңді Ташкент құшбегі білмей ме, басыңды име. Одан да өз керегіңді өзің көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен тартып ал. Сонда ғана жауың сеніменен санасады, ал қолыңды жайып, тізе бүксең, сені ол құл санайды. І.Ес. ~ Жаугершілік заманда қашанда батырлардың мерейі үстем, мәртебесі биік. Әз-Тәукенің өзі «Жеті жарғыда» қарулы сарбаздың бағын асырып кеткен. Бұл күнде азаматтың абыройы ата даңқымен емес, ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен өлшенеді. Қ.Жұм. ~ » Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен қорғаған осынау ұлан байтақ ұлы даланы өртке шалдырмай сақтаудан, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік туын берік ұстаудан асқан мұрат та, міндет те жоқ, — деп ойлады… С.Дос.
АҚ ГВАРДИЯ (-ШЫ)
Сәбет үкіметіне қарсы күрескен қарулы топтың мүшесі. ~ Зорлыққа шыдамаған халық ашынды. Россияның Һәр жерінен ақ гвардия, казак– орыс, афесерлер қосылып, күш жинап большевикті жоюға қам қылған. Соның аяғы — осы майдың ішінде бүкіл Сібір қалаларындағы большевиктер қүйыла бастады. Ж.Айм. ~ Помещиктердiң, дворяндардың бұл «принципшiлдiгi» ақыр соңында революциядан кейiнгi Азамат соғысы жылдарында Ақ гвардияның жеңiлуiне, мыңжылдық Ресей империясының күйреуiне себеп болған. Т.Әс. ~ Орыс ақ гвардияшыларымен ауыз жаласқан қытай милитаристтері бұрыннан келісіп, шартпен пайдаланып отырған КВЖД-ға шабуыл жасады. Ә.Нұрш.
АҚ ДАМБАЛ, КӨК ДАМБАЛ ЕЛ
Қатарлас, шамалас, сыйлас д.м. ~ Үйге келген бетте:– Мәлке, қатар жатқан ақ дамбал, көк дамбал ел едік. Қатігез құдай шұнтитты деп міселіңді қайтаруға болмас, маңырап тұрған бір саулықты жетектеп кет! – деді.Т.Әл.
АҚ ДАСТАРХАН (ДАСТАРҚАН)
1. Қонаққа жайылған таза ақ жайма. ~ Нан – ардақты адал ас Кәрі, жас одан аттамас. Ақ дастархан үстінде, Қол жумай оны ұстамас. Ө.Тұр.~ Әп-сәтте-ақ дастархан жасалып, сары май мен ақ құрт, орауы қызылды-жасылды кәмпит мерекенiң мерейiн асырды. Ә.Ыб.
2. Ақ көңілмен ұсынылған дәм-тұз, қонақасы. ~ Рудаки мавзолей музейіндегі көк кітапқа әсерлерімізді жазып қалдырдық та ауыл адамдарымен таныстық. Атап өтетін бір жай – біз қайда бармайық, кіммен әңгімелеспейік, көргеніміз қошамет, ақ дастарқан. С.Шай.
АҚ ДЕГЕНІ АЛҒЫС, ҚАРА ДЕГЕНІ ҚАРҒЫС
Айтқаны — заң, әмірі жүріп тұрған адам туралы. ~ Ендеше Бүркітбайдың бұрынғы бұйрығы — бұйрық, оның бұрынғыдай, ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс! Ә.Нұрш. ~ Біздегі жігіттердің бірде-бірі Ләпбаевтың жел жағынан жүре алмайды. Өйткені бастық алдында оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Ж.Алт. ~ Күләш. Апам әлгі сөзге ашуланып: «Тоқалды өтірік бейшара қылғаныңды қойшы осы. Тоқал бұрынғы тоқал ма? Осы күнде сен ауған соң, есеге қолы жетіп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып отырғанын кім білмей отыр? М.Әу. ~ Менің ақ дегенім – алғыс, қара дегенім – қарғыс. Кім маған немесе мен жұмыс істеп отырған үкіметке қарсы шығатын болса,көзіне көк шыбын үймелетіп, тұқымын тұздай құртамын! –деген дөң айбат көрсететін болды. Ж.Шәк.
АҚ БОЛДЫ
1. Малдың мезгілсіз суалуы туралы. ~ Олар да қанша үзіліп-сүзілгенімен Қамарға сөздерін тыңдата алмай, ақ болған қойдай түңіліп, ендігі бар мақсаттары: Қамарды қаралау үшін, сыныққа сылтау табу еді. С.Тор. ~ Олар да қанша үзіліп-сүзілгенімен Қамарға сөздерін тыңдата алмай, ақ болған қойдай түңіліп, ендігі бар мақсаттары: Қамарды қаралау үшін, сыныққа сылтау табу еді. С.Тор.
2. Адал жүрді. ~ Әрине, керек, — деп мақұлдады Кусков. — Ол әрбір адамға қажет қасиет. Бірақ, достым, адал болып, ақ болып бос қарап отыруға болмайды. Іс керек. Т.Ах.
