Әйел баланың тырсиған анары. ~ Кім көреді? Ешкім де көрмейді, — деймін мен оны кеудесіндегі тырсиған ақ алмасынан аймалап. Ә.Нұрш.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚ БЕРЕН
1. Батырлардың мықты сауыты. ~ – Ақ берен сауыт киетiн, Ақырып, жауға тиетiн, Өлгенше елiн сүйетiн Батыр болар ма екенсiң?! Әлди бөпем, әлди– ай! – Қасқақ атаң сияқты, – деген Құлжекең жаңағы мақамымен. К.Сег.
2. Асыл болаттан жасалған қару түрлері (қылыш, семсер, қанжар). ~ Бірақ хан тағына отырғаннан бері, Тайдоллаға деген кектен көрі, өз басына, тағына қауіп тудырар –ау деп ойлаған ағайын–туысын құрту ісі маңызды көрінген… Сондықтан да Тайдоллаға сақталған қамшы әлі күнге сілтелмеген. Түсі суық ақ берен әлі күнге қынабынан шықпаған. І.Ес.
3. Алмас қылыштай жарқылдаған, өткір. ~ Өмір жайлы жазатұғын отты өлең, Миллион ақын туады әлі ақ берен. К.Ахм. ~ Ақыры Қаз дауысты Қазыбек би бітуаға келтіріп, құн төлеткізіп бітістірді. Бірақ күн дегенің сонау адал досым ақ берен Ақмырзаның бір күндік күлкісіне татыр ма?! С.См.
АҚ АЛМАС
Ерекше өткір, жүзі мұқалмайтын, қымбат қанжар, қылыш, пышақ. ~ Қолындағы алмас қанжарын баппен созып, көкірек тұсына тақай берді. Қағып жіберейін десе, қолы қимылдамайды. Ақ алмас жалаң-жалаң етеді. Ә.Кек. ~ Шықпаған енді жалғыз Жармақ қалды, Ойламас сол уақытта бас пен малды. Бекініп түгел типыл қиратуға, Қолына ақ алмасын тағы да алды. БС. «Сәтбек б.» ~ Түйеден Мақпал да іле түсе қалды, Қолына бір ақ алмас пышақ алды. Шешесі шешуіне қарамай-ақ, Түйенің қос арқанын қиып салды. БС. «Мақпал — Сегіз».
АҚ БЕСІК
Туған өлке, кiндiк қаны тамған жер. ~ Барлық әлем – бір-ақ бесік Ана үшін. Ж.Нәж. ~ Атажұрт анау ақ бесік, қарайсың жолға не тілеп, Ауыл тұр анау жетімек. Жел үрлеп көрді санамды, Аранның мынау шеті деп. С.Ад.
АҚ АРУЛАП ЖЕРЛЕДІ (ШЫҒАРЫП САЛДЫ)
Өлген адамды салт-дәстүрге сай, құрметпен жерледі. ~ Әрине, соғыс құрбандықсыз болған ба. Осында екі-үш күн аял жасап, ата жұрты үшін шайқаста шейіт кеткен алпыстай азаматты ақ арулап жерледі. Қ.Жұм. ~ Тақа болмаса, моллалармен бірге пәленшекем-түгеншекемнің жаназасына кіріп, ақ арулап, ақирет сапарына шығарып салғандарын айтып, қасындағы кісіге жалтақтап отырғаны. Ә.Нұрп.
АҚ БЕТІНДЕ КІРШІК ЖОҚ
Сұлудың мінсіз аппақ жүзі туралы. ~ Бұл секілді сұлуды Көрген емес өмірде. Мысалы жанған жалындай, Ақ бетінде кіршік жоқ, Ақ тауықтың қанындай. БС. «Болат — Жанат». ~ Қыз сипатын қараса, Ақ бетінде кіршік жоқ, Айдын көлдің қуындай, Екі көзі жалтылдап Ханның тіккен туындай. «Қыз Жіб».
АҚ АУЫЗ
Кім-көрінгенге алданып қалатын, тиісті үлесінен, несібе-сыбағасынан айырылған адам туралы. ~ Е, немене осыдан қырық жыл
бұрын осы заводты ағылшындар билеп тұрған заманды есіңе түсірші. Тайман екеуің бе едің, жоқ мен бе едім он екі сағат істеген
жұмысынан он тиын ақы ала алмай «ақ ауыз» аталып, сорлап жүретін. Осы күннің өзінде сендерден кем істесем құдайдың өзі алып ақ
кетсін мені. Ә.Әб.~ Тақсыр, тақсыр, мен қазір, мен қазір барайын, міне барайын, ақ ауыз қыла көрмеңіз! -деп жаңағы жалқау
тізесін бүгіп отыра қалып еді, Мұрат жетіп келді де желкесінен ұстай алды. Ә.Әб.
АҚ БОЗ ҮЙ
Ақ жүннен басылған ақ киізбен жабылған еңселі киіз үй. ~ 1440 жылы қытайға жорыққа аттанып бара жатып, жолай Шыңғыс ханның әруағы қонған «сегіз ақ боз үйге» тәу етеді. Т.Жұр. ~ Мынау Шегенің жаман қоңыр үйі. Анау ауыл ортасында айдыны шығып тұрған үлкен ақ боз үй — Хансұлудың үйі. Сыртта қазықта қаңтарулы Қаракер құнан тұр. Хансұлудың құнаны. С.Ел.
АҚ БАЙЛАДЫ
Киелі саналатын жерлерде өскен ағашқа, бұтаға, ғимаратқа матаның жыртындысын байлап кету ырымы; әлем байлады. ~ Бастарына іс түскен шақты ойлаған, Ағашыңа пәнделер ақ байлаған. Құлан жортса құтылмас құла-дала Құлазыған, иесіз жатты айнала. М.Мақ.
АЙЫП-ШАМ КӨРМЕДІ
Кінәлаған жоқ; кешіріммен қарады. ~ Алғашқыда Әріп: «Бұл күнде қойды біз үшін соя ма? Сонда қалған етін қайда жібереді? деп жүрді. Кейін оның басты қасаптан алатынын байқады. Бірақ, бұны Әріп айып-шам көрмеді. Т.Әл.
