АЙЫП-ШАМЫ ЖОҚ

Оғаш емес. ~ Мәселен, жандаралдың өзіне де бере алада. Және соларға берсе, сондай орындарға арыздар түсірсе, дұрыс бола ма екен, тақсыр?! «Өзіңізге бағынышты халқыңыздың тап ортасында бүлдіріп отырған осындай бұзақы адам бар» деп, содан көрген қорлығымызды айтсақ, айып-шамы жоқ па екен?!— деп сұрады. М.Әу. ~ Ал уақыт өте келе көзқарас өзгеріп, жағдай басқа әуенге түскен уақытта федеративті демократиялық республика идеясына ауысудың еш айып-шамы жоқ. К.Ахм. ~ Құла дүзде, иен далада Мәлік малайдан «өзге еркек кіндікті жоқ» екені рас болса, одан құпия жасаудың еш айып-шамы жоқ. Т.Жұр.

АЙЫР КӨМЕЙ

Қас шешен, тілінен бал тамған жез таңдай ділмар. ~ Алтынжан, сен де Керей мен де Керей, Ән салсам бүлкілдейді айыр
көмей! Алтынжан, домбыраңды маған берші, Тағы да істеп берер арық Керей. Біржан с. ~ Баянауыл топырағы талай-талай
айыр көмей шешен, әншілер, ақындар, композиторлар, жазушылар, ғалымдар, өнегелі өнерпаздар туғызған-ды. Н.Бая. ~
Толыбай сыншы арқадағы Керей руының басшысы, атақты әскер басшысы болған. Сонымен бiрге ол … айыр көмей, жез
таңдай шешен, ат сүрiнгенше ақыл табатын дейтiн адам болған. Гүлтөбеде көп жыл бойы қазақ, ноғай, қарақалпақ
халықтарының бiрiккен әскерiн басқарып, ордабасы-баһадүр деп атанған. Ж.Шәк.

АЙЫР КӨМЕЙ, ЖЕЗ ТАҢДАЙ

Сөзге жүйрік, қызыл тілдің шешені. ~ Толыбай сыншы Дәулен ұлы (1603 —1681 жж.) өз тұсында Арқадағы керей руының
басшысы, атақты әскер басы болған. Сонымен бірге, ол алдағыны болжайтын көреген, адамды да, атты да, құсты да
сынайтын сыншы, қара қылды қақ жарған әділ би, айыр көмей, жез таңдай шешен адам екен. Н.Әбу. ~ Толыбай сыншы …
айыр көмей, жез таңдай шешен, ат сүрiнгенше ақыл табатын дейтiн адам болған. Гүлтөбеде көп жыл бойы қазақ, ноғай,
қарақалпақ халықтарының бiрiккен әскерiн басқарып, ордабасы-баһадүр деп атанған. Ж.Шәк. * «Оқып та қалған қыз екен,
заң-законге жүйрігі-ай, сабаздың!», «Айыр көмей, жез таңдай деген осы шығар! Шешені-ай, шіркіннің! Сөйлегенде судай
ақтарылады, ерні ерніне жұқпайды! С.Мұқ.

АЙЫРЫП АЛҒЫСЫЗ

Өте ұқсас, бір-бірінен аумайды. ~ Ауыздағы үлкен бөлмеде бес кісі отыр. Үстерінен жол бойы әбден сіңіп үлгерген қырдың ауыз қуырар ащы шөбінің исі аңқиды. Үшеуі – бірінен бірі айырып алғысыз сыптығыр қара. Ә.Кек. ~ Қай жағынан қарасаң, айырып алғысыз, күлгінді — жасыл жібектен көздің жауын алдыра кең шалып, бос төгіп тіккенде нұр жайнайды. Ж.Ахм. ~ Өзінің қай ұлт екенін сайтан білсін, жебірей ме, әлде сыған ба, айырып алғысыз, бәлкім, негр мен ақ нәсілді біреудің қоспасы шығар. А.См.

АҚ (ӘППАҚ, АППАҚ) БОРЫҚТАЙ

Ашық жүзді, аппақ, сүйкімді. ~ «Аппақ Айша ақ борықтай келіншек болады-ау…» Д.Қуат. ~ Қазір ат үстінде, ұзақ сапарда келе жатқан кезінде де жас әйелдің ақ борықтай балғын жүзі көз алдынан бір сәт кетпейді… Қ.Жұм. ~ Борықтай ақ білектерін айқындай түскен сарғыш, шолақ жең жұқа кофтаның тереңдеу ойығынан тып-тығыз қос анардың ортасындағы сызық байқалып, ақ төсіндегі әдемі сай боса-болмаса көз суырған…Ж.Шағ. ~ Әппақ борықтай әдемі келіншек. Тостағандай қап-қара көздерінен тарам-тарам аққан жасы жүзін жуып кеткен. Т.Сәу. ~ Көз алдында Қадиша: аппақ борықтай денесін жалаңаштап, арқасына, жонына шыпқыртқан жас көк шыбық жыландай ысқырады. С.Жүн.

АҚ АДАЛ ЕҢБЕК

Маңдай терін төгіп, адал ниетпен істелген жұмыс, көрген бейнет. ~ Бірақ сізден ақ адал еңбегімді сұрап тұрмын. Бес жыл бойы малыңызды бағып, шашау шығарған жоқпын. С.Жүн. ~ Задында, Темірбек бала күнінен қатал тəртіпке тəрбиеленген. Тəртіп бар жерде еңбек бар; Темірбек адам атаулыны шын мəніндегі Адам ететін ақ адал еңбекке тəрбиеленген. З.Қаб.

АЙЫПҚА БЕРДІ

Жасаған қылмысының не әлдебір кінәсінің өтеміне малын не әлдебір мүлкін беру. ~ Мә, мынау шапаның болсын… Сорлы- ау, жалғыз шолағыңды айыпқа бергенде, өзін қалай күн көресің? Қ.Жұм.

АҚ АДАЛ МАЛ

Қара тер, адал еңбекпен келген мал-мүлкі. ~ Асан. Ой, тәңірі–ай, ақ батамен қосылған, ақ адал малы төленген, күйеуі ұрын келген қалыңдық қайтып қана, не деп қана тұсаушы еді сендей — нардай жігіт күйеуін?! М.Әу. ~ Өз қолына алған екен, енді мазаламаңдар, іздемеңдер. Өзінің ақ адал малы ғой, мініп кетсін. Жылына басқа мал табыңдар, – дейді. Ө.Жл. ~ Ертең, Гүлшаттың қырқы!.. Батиханың ренішіне қарап, арам өлтірер жәйім жоқ. Ақ адал малымды балама құрбандыққа шалсам, оның не айыбы бар… М.Сүн.

АЙЫПҚА БҰЙЫРМА

Ренжіме, көңіліңе алма, әбестікке балама. ~ Отағасы, – деді Сақан даусын жұмсартып, – біз адасқан жолаушылар едік. Айыпқа бұйырма. Қазақша үйіңе кіріп, тіземізді бүгейік, сосын отырмай жүріп кетерміз. Т.Әбд. ~ Үй иесі үнсіз біраз отырған соң: — Тұрмамбет, бәріміз де түбіміз бір мұсылман баласымыз, еліңе тез жетуіңе көмектесейін, айыпқа бұйырма, әлгі айтқан жасақтың ішінде менің де ұлым бар. А.Өт. ~ Айыпқа бұйырмаңыз, кеш жатып кешігіңкіреп қалдым,—деді Мейрам, Сергей Петрович қалжыңға айналдырды ол сөзін: — Уақасы жоқ. Жастардың жұмысы түнде көбірек болады. Ғ.Мұст.

АҚ АДАМ

Нәсілшілердің көзқарасы бойынша — ақ нәсіл өкілі. ~ Езгіге, түспей, миы шырмалмай түрған әуелгі кезде ең төменгі сатыдағы жабайы өзін ақ адамнан артық санайды. М.Мағ.