АЙТЫП АУЗЫҢ ЖЕТПЕС

Сөзбен суреттеп болмайсың, ғажап, керемет д.м. ~ … қарсы жолыққан арбалар мен салт аттылар да, аттардың тұмсығына тиіп кете-тиіп кете жаздап, кескестей ұшқан қарлығаштар да — кемерінен асып төгіліп жатқан мол бақыттың, айтып аузың жетпес тылсым сұлулықтың көріністері секілді. Ш.Айт.

АЙТТЫ НЕ, АЙТПАДЫ НЕ

Болары болды, енді бірдеңе дегеннен пайда жоқ. ~ Жігіттің жолы жолбарыстай жіңішке деуші еді! Сіздің жолыңыз тал түсте қойға шабатын бөрінің жолына мең-зес болмаса неғылсын… Оқасы жоқ, айтты не, айтпады не!.. Ғ.Слан. ~ Білмеп едім… Кешіріңдер, айналайындар. Бір тығыз жұмыс болған соң… Енді оған айтты не, айтпады не… С.См.

АЙТЫП ЖЕТКІСІЗ

~ Тура әлгі қайтыс болған ағамның көзқарасынан аумайды. Ең жақыны мендей, соңғы сырын маған шаққандай айтып жеткісіз жалынышпен қарады. Жүйем босап, сай сүйегім сырқырап кетті. Дәтім шыдамады. Жүгіре жөнелдім. Т.Ахт. ~ Біріншіден, өлеңнің адами-қоғамдық, өмірлік-өнегелік миссиясы айтып жеткісіз. Ол – ар мен ұяттың жоқтаушысы. Ол – жетім мен жесірдің қорғаны. Ол – ождан мен намыстың найзагері! И.Сап.

АЙТТЫ-АЙТПАДЫ (НЕ)

Не десең де, қалай болғанда да. ~ Əлдебіреу Байманның қайда жүргенін айтар ма екен деп: – Құдалармен ойын қылып отырмай, осы ауылдың көп бозбаласы қайда жүр? – деп, қасындағы қыздарға қарап сөйлеп еді, олардан жарытымды жауап шықпады: – Айтты-айтпады қайда жүр?.. Ж.Айм. ~ Айтты-айтпады, дарынды алғыр халық еді. Көмейі бүлкілдеп, бес-алты шет тілінде емен-еркін бұлбұлдай сайрайтын. Тек ана тіліне келгенде тілі мүкіс, көңілі кердең. Т.Сәу. ~ Жә, саған бұны айтты-айтпады не. Есіңде болар, сол күні сен қатын-бала у-шу боп, бетін алып-салып жатқан қаралы ауылда дәйек тұтып тұра алмай, жоқты сылтаураттың … Ә.Нұрп.

АЙТЫП СОЙДЫ (СОЙЫЛДЫ)

~ Сол күні рухы бір көтерілген қазақ жігіттері жаңа тоғанның басында бір көкқасқаны айтып сойып, жеңіс қуанышын тойлады. Қ.Жұм. ~ Берекенің, амандықтың ақ жолына арналып, айтып сойған көкқасқа тайдың ет– сорпасы да елбасылардың жұтқыншағы¬нан түйіліп өтті. Т.Рыск. ~ Айтып сойылған көкқасқа амандықтың, берекенің дәмі болсын! Ас ішіп алған соң, түгел атқа қонайық. Т.Рыск.

АЙТТЫМ — БІТТІ, КЕСТІМ — ҮЗІЛДІ

Айтқаным айтқан, сөзімде тұрамын д.м. ~ Қозы құшақтаған Алшекең күлкіге булығып, өліп тұр. Елтайдың қасынан өтіп бара жатып сыбыр етті. — Ой, өлдім-ай! Жарайд, айтпайм, айтпайм ешкімге. Ақысына бір жартылық! Айттым — бітті, кестім — үзілді. М.Қаб.

АЙТУҒА АУЗЫ БАРМАДЫ

Шындықты жеткізуге дәті шыдамады; батылы жетпеді. Әлденені айтуға тартыну, ұялу, жүрексіну туралы. ~ Ұрлық жасады деуге аузың бармайды. C.Шай. ~ – Ол не ызғар? Қандай зәр? — деп Барақ даусын қатайтты. – Бар ғой, тақсыр! Соғып тұр ғой екіленіп. Сұмдық қиянат санаймын ба, айтуға аузым бармайды. С.См. ~ Сағатты да, қолды да танып түр. Қайталап қараған сайын көңіл түбінде айтуға аузы бармай тұрған бір күдігін растаған сияқты. Ә.Нұрп.

АЙТУҒА АУЗЫ САРАҢ ТАРТТЫ

Сөйлеуге ерінді. ~ Бірақ арығаны, талғаны, бой қуатының біткені соншалық, енді тіпті көңіл ойы біліп жатқан, тілеп жатқан сусын тәрізді қажеті болса да, айтуға аузы сараң тартты. М.Әу.

АЙТУҒА ТІЛ ЖЕТПЕЙДІ

Ауызбен айтып, сөзбен сипаттау мүмкін емес. ~ Айтуға тіл жетпейді тәтті жырын. Мәжнүннің атын білер, жайын білмес, Қазаққа ұқтырайын біраз сырын. Шәк. ~ Зағираның қаншама қиналғанын, біздің аяқ-қолымыз суып, қалай үрейленгенімізді айтуға тіл жетпейді. М.Мағ. ~ Ох, шіркін-ай. Адам өмірінде сыпаттап айтуға тілің жетпейтін неше алуан бақытты минуттар бола береді-ау. Б.Соқ.

АЙТУҒА ТІЛ ЖОҚ

Ойын, ыстық ықыласын жеткізуге батылы бармайды; айтуға жүрегі дауаламайды. ~ Сылдыр еткен шөп, шәу еткен ит болмастан жыландай сумаңдап, сұқсырдай сүмеңдеп сұр атқа таман келе берді. Кермеде елегізіп тұрған ақсұр ат суық қолдың келгенін сезіп, айтуға тіл жоқ, айбар қылғандай керме астында бұлаңдап тықыршып тура алмады. І.Жан. ~ Бірақ сол тілегімді оған ашып айтуға тіл жоқ. Тіл бар-ау, тілге тілекті жеткіздірер тәуекел жоқ. Ә.Нұрш.