АЙТУҒА АУЗЫ БАРМАДЫ

Шындықты жеткізуге дәті шыдамады; батылы жетпеді. Әлденені айтуға тартыну, ұялу, жүрексіну туралы. ~ Ұрлық жасады деуге аузың бармайды. C.Шай. ~ – Ол не ызғар? Қандай зәр? — деп Барақ даусын қатайтты. – Бар ғой, тақсыр! Соғып тұр ғой екіленіп. Сұмдық қиянат санаймын ба, айтуға аузым бармайды. С.См. ~ Сағатты да, қолды да танып түр. Қайталап қараған сайын көңіл түбінде айтуға аузы бармай тұрған бір күдігін растаған сияқты. Ә.Нұрп.

АЙТУҒА АУЗЫ САРАҢ ТАРТТЫ

Сөйлеуге ерінді. ~ Бірақ арығаны, талғаны, бой қуатының біткені соншалық, енді тіпті көңіл ойы біліп жатқан, тілеп жатқан сусын тәрізді қажеті болса да, айтуға аузы сараң тартты. М.Әу.

АЙТУҒА ТІЛ ЖЕТПЕЙДІ

Ауызбен айтып, сөзбен сипаттау мүмкін емес. ~ Айтуға тіл жетпейді тәтті жырын. Мәжнүннің атын білер, жайын білмес, Қазаққа ұқтырайын біраз сырын. Шәк. ~ Зағираның қаншама қиналғанын, біздің аяқ-қолымыз суып, қалай үрейленгенімізді айтуға тіл жетпейді. М.Мағ. ~ Ох, шіркін-ай. Адам өмірінде сыпаттап айтуға тілің жетпейтін неше алуан бақытты минуттар бола береді-ау. Б.Соқ.

АЙТУҒА ТІЛ ЖОҚ

Ойын, ыстық ықыласын жеткізуге батылы бармайды; айтуға жүрегі дауаламайды. ~ Сылдыр еткен шөп, шәу еткен ит болмастан жыландай сумаңдап, сұқсырдай сүмеңдеп сұр атқа таман келе берді. Кермеде елегізіп тұрған ақсұр ат суық қолдың келгенін сезіп, айтуға тіл жоқ, айбар қылғандай керме астында бұлаңдап тықыршып тура алмады. І.Жан. ~ Бірақ сол тілегімді оған ашып айтуға тіл жоқ. Тіл бар-ау, тілге тілекті жеткіздірер тәуекел жоқ. Ә.Нұрш.

АЙТУДАЙ-АҚ АЙТТЫ

Жетесіне жетердей қып айтты. ~ 20 жыл бойы қазақ тілінің қажеттігін айтудай-ақ айтып, мұқтаж етіп келеміз. БАҚ ~ Мен айтудай-ақ айттым, әке-шешем де, қыздың өзі де көнбейді, мен қайтейін,—деп міңгірлеген Жаңабаевтың даусын естігенім болмаса, өзін кере алғаным жоқ. Ә.Әб.

АЙТУЛЫ АДАМ (АЗАМАТ)

Ел назарындағы, беделі бар, абыройлы кісі. ~ Ыбырай дейтін кісі болыпты. Ел басқарған айтулы адам екен. Соның бір құрдасы Төлебай дейтін кісі қамшыгер екен. Ж.Баб. ~ Жүрегiм уiлжiп, майдай ерiп барады. «Құдайым-ау, осы қос құлыншағымды менен көрi бақытты ете гөр! Аман-есен ержетіп, айтулы азаматтар болсын! » — деп күбiрледiм iштей езiлiп тұрып. Ж.Шағ.

АЙТУШЫ ЕРДІҢ ҰСТАСЫ

Сөзге шебер, ділмар. ~ Ендігі сөздің қысқасы, Айтушы ердің ұстасы, Сығалап атқан ақ перен, Қалаған жерден ұрады. «Қыз Жібек».

АЙТУЫНА ҚАРАҒАНДА

Пәленшенің сөзіне сенсек д.м. ~ Ақпар хаттың айтуына қарағанда, жиналған жұрт бұл жолы сын туралы сырласпақ екен. Ғ.Қаб. ~ Вице-министрдің айтуына қарағанда, бұл бағытта 2019 жылы 100 млрд теңге бөлінгелі отыр. БАҚ.

АЙ-ТҮЙГЕ ҚАРАМАЙ

Артық сөзге келмей, салған беттен. ~ Әли келген бетіне бет алды ыржаңдап, қыздардың алдын орап, тоқтатып қойды. Ай-түйге қарамай итарбадағы қаптарды сүйреп алып, тезегін жан-жаққа шашып тастады. С.Ом.

АЙТҚАНЫ КЕЛІП, АТҚАНЫ ТИДІ

Болжамы дәл шықты, шешімі дұрыс болды. ~ Енді тек мына жаз жақсылығымен шығып, орыс ұлығы сөзінде тұрып, жаңа шаһарына шақырып, жарқыратып той жасаса, Әбілқайырдың қуғаны жетіп, қашқаны құтылды, айтқаны келіп, атқаны тиді дей беріңіз. Ә.Кек.