Әжептәуір алыс. ~ Мына жол да сондай. Түркістан-Сібір темір жолының біздің ауыл тұсындағы Теріс бекеттің жалғыз ақ үйі жап-жақын сияқты көрінгенімен талай жер. Ш.Мұр. ~ Сейдін ауданының орталығы «Бозтөбенің» арғы жағында талай жер болғандықтан біздің жігіттер сапарды совхоздың өзінен бастамақ болған. Т.Әл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАЛАНЫНА БІТТІ
Маңдайына жазылған тағдырды көрді. ~ Еңбек үшін жаралған екі қолы мен бойындағы күшінен басқа бұл өмірде сенері де, сүйенері де жоқ. Тауыққа шашқан тарыдай, таланына біткен там–түм несібесін теріп жеп, осы дүниеде о да тірлік кешіп жүр. Ә.Нұрп.
ТАЛ БОЙЫНДА
Бүкіл денесінде, бітім-болмысында. ~ Бабасына сыйынып, Жалбарына қалмады. Пірі үстіне қонбады, Баяғы қайрат болмады; Оймақ құрам сау жері, Тал бойында қалмады. А.Байт. ("Ер Сайын"). ~ Тал бойында «жастықтың оты жалындап, талаптың аты арындап» тұрған Мұхтар өз кезінің мұншалық мағыналы, мерейлі, мәрт тартыс– тағдырынан сырт қала алмады, басымен сүңгіп араласты да кетті. З.Қаб. ~ Әлдеқалай құрдас– құрбылары: «Ақжан саған несімен ұнады?» — деп сұраса, ол әрине тап басып айта алмағы кәміл; әйтеуір оның бір білері адам біткеннің тал бойында бөлекше көзге түсіп, көңіл қуантар қасиеттің болатыны; бірі езу тарта күлгенімен, енді бірі үнімен, не өзі ұнатар кісіні көргенде жарқ ете қалар жанарымен, жүріс– тұрысымен әдемі. М.Сүн. ~ Ойпаңдау жерде іркіліп, Сүлкей мықынынан төмен байқастап көп қарады. Бөксе құрылысын сипады. Тоқтағаны несі? Қарағаны несі? Әлде тал бойында шынымен жат тамшы тірілді — ау деген күдігі ме екен? С.Ел.
ТАЛАЙ КӨРГЕН ҚҰҚАЙЫ
Мұндай қиын жағдай бұрын да талай басынан өткен. ~ Бет қаратпай тура маңдайдан сабалаған боранды қақ жарып, қасарыса ілгері жылжыған аспан шал қойнынан кіріп, тұла бойын қуалаған суық қаншама сумаңдап мазақ еткенмен ырық бермеді. Талай- талай көрген құқайы. О.Бөк. ~ «Тұрыңдар! Алға- үш, артқа- төрт қадам аттаңдар! » Ойбай- ау, мұның несі құпия, талай көрген құқай. «Күйеулеріміз» бір тесіктен сығалап, «қалыңдық таңдау» акциясын өткізіп жатқан болар. Қ.Жиен.
ТАЛАПАЙҒА САЛДЫ (ТҮСІРДІ)
Тонады, талан-таражға салды, талады. ~ Күйеу бала — Жоламан күйеу дәстүрінің сан түрлі қитұрқы құбыжығынан, ысқаяқ қатындардың ырым — жырымдап талтүсте талапайға салған кәдесінен әупірімдеп зорға құтылып, аппақ үзік — туырлықты он екі қанат үйдің табалдырығынан аттаған- ды. С.См. ~ — Бұ, жүдә, адам дегенді қойсайшы, ә. Жақсы ем пыртнай туфляға таласқандай почташының әкелген тегін хатын да талапайға салады. Ойпыр- ай кимелеп кеп жүдә, жол берсе болар ма?!. М.Сүн. ~ Көтеріліс алғаш бүрк ете қалғанда, халдай біткен бас сауғалап, Шәуешек пен Дөрбілжіндегі бекініске барып тығылды да, желігіп алған қазақтар олардың иесіз қалған мал- мүлкін пышақ үстінен талапайға салып әкетіп жатты. Қ.Жұм. ~ — Дұрыс айтасың, жан-жағыңның анталаған жау екені рас. Еркек кіндіктің бәрін жоңғарға қарсы салады екеңсің, сонда қалған жағыңа қатыныңды қалқан қылмақпысың? Сол жоңғармен қан төгісіп жатқанда былайғы дұшпандарың жан-жақтан жапыра кіріп, арттағы еліңді талапайға салса, қайтпексің? Ә.Кек. ~ Тағы да бір қызыл көз жау шығып, тағы да бір талапайға түсіргенше, қайтадан ызғындай қалаға айналып, қайтадан жұрттың көзін қызықтыра бастайды. Ә.Кек.
ТАЛ БОЙЫНДА (БІР) МІН ЖОҚ
Бүкіл бойынан кемшілік таппайсың. ~ Жұрттан асқан шеберді іздеткенде ханның бір бегі тұтқын арабты жіберді. Тал бойында бір міні жоқ, сүйріктей қара торы жігіт шатырға кіріп келіп іркілмей бас иді. Ж.Айм. ~ Асылы, сұлулық, шіркін, тек әйелге ғана емес, есебін тапса еркекке де жарасады екен– ау! Солай! Мәліктің тал бойында мін жоқ. З.Қаб. ~ Тәңірім– ау, мұндай да адам баласы жаратылады екен! Тал бойында бір міні жоқ. Қ.Жұм.
ТАЛАЙ ҚҰҚАЙДЫ КӨРГЕН (ҚУ)
Әккі, кәнігі; тәжірибесі мол; өмірдің қиындығын көп көріп, әбден шыныққан. ~ Мен шарасыз қалыпта айран-асыр болсам, бұдан бұрын да талай дауды өткерген, талай құқайды көрген журнал редакторының өзі басын шайқап, жерге түкірген. М.Мағ. * – Әлгіге Ақтөсті қосып жібердім. Салпаңқұлақ та құлағын жымып барын салды. Ол неме де талай құқайды көрген қу екен, бұлтылдап қашып, атты тіпті шаужайлатар емес. Д.Досж. ~ Бірақ аш мәлін дереу қайта оралыпты. Соған қарағанда, талай құқайды көрген кәрі. Әйтпесе, былай-былай айнала жүріп, теке мен қошқарды қорқытып қуып жіберуді ойламас еді. Б.Ыб.
ТАЛАПАЙҒА ТҮСТІ
Басы бәлеге қалды,. ~ Астарындағы көлік талапайға түсіп, әр қазақтың алдында кетті. Ә.Кек. ~ Болат таққа отырып, жұрт ханталапайға аттанып жатқанда: «Жақсы хан таққа мінсе, өзі талапайға түсер, жаман хан таққа отырса, елі талапайға түсер. Осы немеңді бала кезінен білетін едім… Иә, жасық шығар. Иә, пасық шығар. Қайсысы болғанда да, айдарларыңнан жел есе қоймас», – деп анықтап айтқан да жалғыз сен едің. Ә.Кек. ~ — Е, тәйір- ай, елге келген енші ме десем, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін берекесіз бірдеңе десейші. — Ағайын келесінен аттап, тал түсте талапайға түскен дүниеде не қасиет болушы еді? Қ.Жұм.
ТАЛ БОЙЫНДА ҚЫРЫМ АРАМ (АРТЫҚ БІТКЕН СЫЛЫМ) ЕТІ ЖОҚ
Тұла бойында қырып аларлық та еті жоқ, денесі тарамыстай,, арық. ~ Шаршы ғана аласа бойлы, тал бойында қырым арам еті жоқ, қаршығадай сары жігітке сүйіп қосылды. Ү.Жәл. ~ ~ Бұрын керген адамым емес. Аққұбаның әдемісі. Тал бойында артық біткен бір сылым ет жоқ, таң асырған жарау аттай жұп-жұмыр, жеп-жеңіл, жып-жинақы. К.Қаз.
ТАЛАЙ СУ АҚТЫ
Көп уақыт өтік кетті. * Ел құлағы елу емес, жүз болып тұрған мынау апай-тұпай заманда біреу болмаса біреу біліп, бетіне басар депсес кенген. Міне, сол сандалбай жылдардан бері де талай су ағып, ағаш басы бүрлепті-ау… О.Бөк.
