Posted in

ШҮҢІРЕК ҚАБАҚ

~ Қазақша-өзбекше араластырып, анда-санда түркпен мен тәжік сөздерін араластырып қойып сөйлеп жүрген мына қыздың қай ұлт екенін түсінбей-ақ қойды. Қабағы шүңіректеу демесең, қазақ қызы сияқты. Бірақ қазақта да көп қой, шүңірек қабақтылар. Мейлі, кім де болса, сүйкімді сұлудың өзі екен. АҚ. "Арпалыспен.."

Posted in

ШҮБӘ ТУҒЫЗДЫ (ТУДЫ)

Күмән келтірді; сенімсіздік пайда болды. ~ Бертінде жалғыздыққа өзі де үйреніп, еті өліп, күйеуінің бейнесі солғын тарта бастағаны кәміл; мүлде ұмытты деу қиын, дей тұрғанмен Майраға кейде соның жарық дүниеде болғанының өзі шүбә туғызып, ертеде көрген бір түсі сияқтанады. М.Сүн. ~ Алғашқы бетте жақсы танысымдай боп көрінгенімен, дәл қазір, менен гөрі назары кітапқа ауып отырған қыз, осы бір секундта бейтаныстана бастап, оны білетіндігіме де шүбә туып қалды. М.Иманж.

Posted in

ШҮҢІТ КӨЗ

* Солаң етіп қай жақтан шыға келгені белгісіз, сидам бойлы бір жігіт көлеңкедей қалқайып қасыма тұра қалды. Шашы, қасы қап-қара, шүңіт көз, аққұба, әдемі жігіт. Т.Сәу.

Posted in

ШҮЙ (ШҮЙДЕ) ЖЕЛКЕ

~ Сайқын мен Ақмоланың арасы ит өлген жер. Оны не ғып білмедіңіз, – деді Меруерт. Даусы сыңғырлай әсем шықты. – Оттамай, тыныш отырсаңшы, – деді шүй желке байы шүңірек көзін сүзіп. – Сайқын мен Ақмоланың арасын Сәкеннен ұрғашы артық біле ме? Келіншек төмен қарады. Т.Әл. ~ Жылы сөз шырағым, деп айтар жан жоқ, Жүргенін ескереді жатта қойшы. Анау бай жуан қарын, шүйде желке, Қолында ақ таяғы тұрып ерте: «Атаңа нәлет, ит–ау, тұрсайшы!» деп, Бүйірін ауыртады түрте–түрте. Б.Май.

Posted in

ШҮРЕН АТТАП, ШҰРҚАН САЛДЫ

* Қайың сауу қалың қазақ алғаш мың жеті жүз жиырма үшінші жылы қалмақтар шабуыл жасап, сүрен аттап, шұрқан салып, тұлымдыны тұл, айдарлыны құл етіп, қазақ шығарға өр, кірерге көр таппай, бет-бетіне тентіреп кеткенде болды. Б.Қыдырб.

Posted in

ШҮЙДЕСІ КӨТЕРІЛДІ

* Қайта творчестволық шүйдесі бұрынғыдан көтеріліп, шабыт қанаты қомдалып, толқын атқан жүректен бір кесек туындыны жарыққа шығарамын деп талпынады. А.Жұбанов.

Posted in

ШҮЙІЛЕ АҚТЫ

Тігінен төмен қарай ұшты. * – Ешкішек – Іле өзені бойын мекен еткен торғай аты. Көктем айларында осы торғай әуелеп аспанға шығып алады да, екі қанатын қомдап, жерге қайта шүйіле ағады. Сол кезде ол дыбыс шығарады. Оның дыбысы маңыраған лаққа ұқсайды. Осы дыбысқа орай бұл торғай «ешкішек» атанған. Ешкі сияқты, ешкі секілді, ешкіге ұқсас деген ұғымдарды береді. Түлкішек, ешкішек деген сөздердегі «шек» жалғау сахалар мен қазақтарға ортақ ұғымда болып тұр. Ж.Баб.

Posted in

ШӨП ЕТКІЗІП СҮЙДІ

~ Әжемнің әжімді маңдайынан шөп еткізіп, бір сүй­дім де, жүгіріп тысқа шығып кеттім. Шіркін, бүгінгі кеш қандай әсем еді. Б.Соқ. ~ Жүрегі тарсылдап соққан жігіт көзін жұма түсті, қазір келеді де, шөп еткізіп мұның бетінен сүйеді. С.Шай. ~ Намысың бар екен, − деп, қыз бетімнен шөп еткізіп бір сүйді. Сүюге сүюмен жауап беру керек пе деп бата алмай тұрғанымда, қоңырау зарлап қоя берді. Ш.Мұр.

Posted in

ШУ ДЕГЕННЕН (ДЕГЕНДЕ)

Бірден, салған жерден. ~ Сенің осал жағыңды тауып алып сығалап, ішіңе кіріп кетеді. Міне, сендер, шу дегеннен оларды бойларыңа дарытпауларың керек; алдауына түспеу керек… Ж.Айм. ~ Оның үстіне мен оған елінің азаттығы үшін күресіп жүрген бір батыр жігіт боп көрінген тәріздімін. Қысқасы, біз шу дегеннен тіл таптық. Сөйтіп, бір-екі кездескеннен кейін, екеуміз қол ұстасып елге қашпақ болдық. І.Ес. ~ «Біздің осылай уәделескенімізді Фондерсонға айтып едім, ол шу дегенде жаман ашуланды. І.Ес.

Posted in

ШӨП ЖЕЛКЕ

~ Сізді бір күн демалсын деп әдейі мазаламадым. Телевезер шіркін анық көрсетті, патшаның өзі тура кеп құшақтап, бауырына басты ғой. Неге төрге отырғызбағанын қайдам. Бірақ, төрге отырған шөп желке көк¬-көздерден абыройыңыз асып кетті, — деп бір тоқтады. Қ.Түм. ~ Бұл институтта оқитын қыздар ауылдан келгендер жəне жұрттың аңыздауына қарағанда, қаланың ұшып– қонған шөпжелке «сəкəкулері» емес, даланың талшыбықтай бұралған сұлу, шетінен салиқалы, ибалы, Абайша айтқанда: «Білектей арқасында өрген бұрым, шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын» есіңнен тандыратын арулар. Демек, ылғи Тоғжандар… З.Қаб. * Бағданның төбесінен жай түскендей дүйім жұрттың аузында жүрген, «талантты суретші» деген атақ әперіп, мұны даңққа бөлеп келе жатқан картина мына бір шөп желкеге ұнамайды. Кім өзі бұл соншама?! С.Шайм.