Патша, хан, ел билеуші билігінен айырылды. ~ Пері патшасы тақтан түсіп, Болатханның қасына келіп бетін ашып, қанаты мен сипап өтті. Ж.Шәк. ~ Он жетінші жылғы революция, патшаның тақтан құлауы, болашақ коммунизм заманы туралы Сағатбай майын тамызып айтады. Б.Соқ. ~ Ат үстінен бәрін көріп тұрған Сарыбала біріне түсінген жоқ. Патша тағынан қалай тайды? Тайдырған кім? Патшадан мықты да болғаны ма?! Сол мықтыны көрсем! деген құмарлықпен келе жатып, Пақрейдікіне атының басы тірелгенін бір-ақ білді бала. Ғ.Мұст ~ Аязы әлі қайта қоймаған ақпанның аяғына қарай, қалаға қатынаған кірешілер: «Николай тақтан құлапты, елді енді Уақытша үкімет басқаратын болыпты», «барша халықтарға теңдік, саяси тұтқындарға бостандық жарияланыпты» деген хабарды құм ішіндегі елге лезде жеткізген. Б.Тоғ. ~ Уезд орталығы Қапалға соңғы барғанында Әкімбек патшаның тақтан тайғанын, елді енді қос өкімет билеп тұрғанын өз құлағымен естіген. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАЙЫНШАСЫ ЖАРАСПАДЫ
Тұзы жараспады, ерлі-зайыптылық өмірі ұзаққа бармады. ~ Ақыры октябрь айында Қызылжалауда тұратын Құрбанкүл Асанбаеваға үйленіп, бұл заңды некесін санағанда жетінші әйелі екен. Онымен де тайыншасы жараспай, құр құйысқаны босап, қырқылжыңы, кикілжіңі біліне бастапты. Б.Қыд.
ТАЙЫП ТҰРДЫ
Заматта жоқ болды; кетіп қалды; алды-артына қарамады; табанын жалтыратты. * Ол да отыр. Түрі жоқ хал сұрамақ. Сұқтанған жат көздерден жасқандым да, Тайып тұрдым. Қашанғы әл шыдамақ. М.Мақ. * Түлкі бұрылып алды да, бүлкілге басып тайып тұрды. Ш.Айт. * Бір жазда кесек құйып там соғып алды. Қарашада ел құмға қарай көшерде кенже інісін қолынан жетектеп тайып тұрды. Т.Әлімқ. * — Жазда тағы оқуға тайып тұрмайсың ба? — Тайып тұрам. Б.Нұрж.
ТАҚА БОЛМАҒАНДА
Ендігі жерде, енді болмағанда, тым болмаса. ~ Жол жүргенде генерал Черновтың қасына жақын болуға тырысады. Тақа болмағанда көп дүрмектің арасында ілесіп, атын құйрықтастырып отырады. Ә.Нұрп. ~ Көзді ашып қараса, кландық һәм рулық, жершілдік принциптерден арылса – болды. Адам табылады. Тақа болмағанда жанына ештеңеден қаймықпай, ақиқатты айта алатын, ұлт пен мемлекеттік мүддені қоя тұрайық, тікелей өзіне шынайы жаны ашитын бірер адамды тартып, солардың ақыл-кеңестеріне құлақ асса – кәнекей?! С.Мұқт.
ТАҒЫСЫН ТАҒЫ (ТАҒЫЛАР)
Сол сияқты. ~ Вокзалдағы қоймаға шабаданымды тапсырып, буфетке бардым. Осы жолы бір тойған шығармын. Жұмыртқа мен ет, апельсин шырыны, кофе, тәтті тоқаш, тағысын тағылар. Дж.Сэл. ~ Тағдырды мейлінше бір қарғап-сілегісі келгені соншалық, бұдан арғы жерде ол "он екі әулие", "дөңге қаққан қазық" "Мүфтидің шешесі" тағысын тағыларды түгел сықпырта боқтады. В.Шук. ~ …Айта берсең, табылар Тағысын тағы, тағылар. Жігіттер, осы Шәмілдің Пәлсапасының жаны бар… М.Мақ.
ТАЙ ҚЫМЫЗ
Қатты ашымаған жұмсақ қымыз; сүт құйғаннан кейінгі екінші күнгі қымыз. ~ Бүгінде ақ қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, кәрі қымыз, күздік қымыз, қою қымыз, сіргежияр қымыз, тай қымыз, тосап қымыз, түнемел қымыз дейтін қымыздың түрлерін қайсымыз ішіп жүрміз? Д.Төл.
ТАЖАЛ БОЛЫП ТИДІ (ЖАЛАҢДАДЫ, ТӨНДІ)
Ажалдай қорқынышты, суық, ызбарлы кейпін танытты, обырдай тиді. ~ Жалғыз жолбарыстың да әкесі нән еді. Тіпті жолбарысқа тажал болып тиген, оның жалпақ табанынан қалған мөрді жазбай танитын, сөйтіп ізге түсіп соғатын Келдібайға да шалдырмаған екен. Б.Қыд. ~ Жан алғыш, тажал болып жалаңдаған, Жабыңқы елдің күйі жаман болған Кездерде Әннің ғана арқасында, Осындай Бірлікпенен аман қалған. К.Шалқ. ~ Қашсам-дағы зілзала заманақыр Тажал болып төнер-ау маған ақыр. «Ей, жалған дүние» деп мысқыл жүзбен Күліп жатқан өлікке қара да тұр! Г.Дәу.
ТАЙ ТҰЯҚ
1.Үлкендігі тайдың тұяғындай кесек алтын, күміс. ~ Толғамбай ақын Сүлейменнің туған- туыстарына көңіл айтып, тоқтатып, су құйып, беті-қолдарын жуып, дастархан жайып, Құран оқиды. Дастарханға бір тай тұяқ тастайды Маманның алдына әкеліп. (Zharar.kz.) ~ Бөкеннің даулайтыны кісі құны, Икемге ап Сұлтан отыр енді мұны. Дәрігердің қалтасына тай — тұяқ сап, Аузын тығындады,— шықпас үні. Кенен. ~ Қозыдай қауын, қарбыз көгендегі, Тай тұяқ алма күміс төбеңдегі, Қол жайғыш бая қуып тақыс шалдың Ұстады қойын, тонын шегелдегі. І.Жанс. ~ Тұлпардың аунағаны туған жерің, Биеден туа бермес сендей құлын. Жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тайтұяқ, Бір жолда әперіп ең ердің құнын. Ақан сері. ~ Жабырқап жаным сағынды, Шалқысын шабыт-дариям. Сымбатың сыбдыр қағатын, Бозбалақ бала қайыңдай. Келбетің көпке жағатын, Тай тұяқ туған айымдай. М.Раш. 2. Ат тұяғынан жасалатын қазақ халқының музыкалық аспабы. ~ Тай-тұяқтың 3 түрі дүкенімізде сатылады. Тай-тұяқ аспабы оркестр және ансамбльдерде аттың шабысын келтіретін ырғақты аспап ретінде қолданылады. БАҚ.
ТАЖАЛДАЙ ТҮСІ СУЫҚ
Түр-сипаты қорқынышты, зәрлі. * Жүрегімнің дүрсілі болғай еді деп, қолын кеудесіне басып еді — тас, тас емес-ау темір, темір емес — ажал шықыр еткендей, құйқа тамыры шымыр етті. Апан көр сияқтанды. Өйткені тажалдай түсі суық, саудыраған үш адам келіп қалды. Ж.Айм.
ТАҒДЫРЫ ТӘЛКЕККЕ ҰШЫРАДЫ (ЖОЛЫҚТЫ, ТАП БОЛДЫ)
Басына іс түсті, қасырет шекті. ~ Кімнің басына іс түспейді, кімнің тағдыры тәлкекке ұшырамайды… И.Сап. ~ Әркім әртүрлі жаңашылдықты іздей тәжірибелік тәсілдер жүргізіп, көптеген тағдыр тәлкекке ұшырады. Ә.Ыб. ~ Жаны қандай терең еді, ойы қандай тұңғиық еді Ыбанның. Егер Ыбанда тіл болса мұның да ғұмыры келте қайырылып, тағдыры тәлкекке жолығар ма, еді… Р.Мұқ. ~ Оның удай ашыған сезімдері қанаттанып, азаптан қиналғанды, құсамен жылағанды, тағдыры тәлкекке тап болған көпті ойлап, жүрек басына зәрдей болып түйілген шер тасқыны өлең болып ағытылғалы тұр. Т.Рыск.
