Қыс бойы басып жатқан қалың қар тесіліп, жер беті алақаншықтаған, қарақатқақ, шыңылтыр көктемде жерге жаңбыр да емес, қар да емес, ұсақ түйірлі мұздақ жауатын күндері болады. Аспанды бұлт қаптаған соң аздаған желемік тұрады да, мұз түйірлер жерге сырғи түсіп, кедір-бұдырға барып тоқтайды. Қазақ халқы түскен жерінде қалмай сырғып барып тоқтайтын осы мұз түйіршіктерін «сырғақ, сырғақ жауын» деп атаған. Ж.Баб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫР БЕРДІ
Нашарлады; әлсіреді; әлсіздік танытты. * Әсіресе Ғалым мінген жирен бие сиыр түс болмай жатып-ақ сыр беріп, тұла бойы ақ көбіктеніп, терлей бастаған. К.Сег. * Шәлиғаның күземнен алған жүндерін боятып иіртті. Таупанға көкірекше тоқыды. Әйтеуір қыс та сыр берді-ау. Тап мұндай ұзын, мұндай қорқынышты, мұндай мағынасыз қыс Хадиша ес білгелі болмаған шығар-ау. С.Досж. * Кейбір салақ кісілердің бел ағашы борсыған мал қамайтын қоралары сыр беріп алды — топ етіп төбесі ойылып түсіп жатыр. О.Бөк. * Мына зор бітіміңізге, сексеннен асқан жасыңызға қарамастан босаңсып, қазіргі екеу ара әңгіменің үстінде тым тебіреніп, көз жасыңызды сүртіп, бір-екі рет сыр беріп алдыңыз. А.Жақс. * Әрі денсаулығы да ақауланып, сыр бере бастаған. Халифа Алтай.
СЫРҒАҚ ЖҮРІС
Өзін жұрттан бөлек ұстап, көптен шет жүруге тырысты. ~ Мен білмен ұйымыңды, құйыныңды, Әлгі айтқан сырғақ жүріс сұйығыңды. Қорлықтан қолымызға ақау түскен, Сондықтан қазағымның күй мұңлы. БС. "Қожеке". ~ Сырғақтау жүрісіңді дейді сұйық, Пәлелік пікірің бар, ойың тұйық. Ел бұзып домбыраңмен жүрсің білем,Тыңдайтын себебі оны жұрттың ұйып. БС. "Қожеке". ~ Ақ жүрек әріптес аз бір қалыпты. Әркімде ақ жем қақтырар шырға мықты. Тік тұрар төбе шашың, жүрек айнып, Көргенде сырғақ жүріс зырлауықты. Е.Нүс.
СЫР БЕРМЕДІ
Ойын жасыра білді; ішіндегісін бүгіп қалды. * Іштеріндегі мосқалдары ғана сыр берген жоқ. Ә.Кек. * Ақ тұлпардың құлақ түбі қоңырқай тартып тер білініп тұр. Кешегі бәйгеден кейін сыр бермей келе жатқаны… З.Шүк. * Жақсылығың өзіңдікі, тартып алмаймыз. Ал жаманнан құтылу әсте қиын.—«Қалайсың бұған?» дегендей көзілдірік астынан шақырайды. Жігіт сыр бермеді. М.Қаб. * Нияздың жеті ұлының біреуі Сегіздің әкесі Топы. Бірақ, есті жігіт Балпанның сөзіне намыстанып сыр берген жоқ. З.Шүк.
СЫРҒАҚ СӨЙЛЕДІ
Турасын айтпай, жалтара сөйлеп, бойын аулақ ұстауға тырысты. ~ Соңынан қуған құрық сауырсына тиген қашағандай сырғақ сөйлеп, сырттап құтылып кететін бригадирдің мойны бұрыла алмады. І.Жанс. ~ Ребаконның да, өзінің де менімен сырғақ сөйлесуіне ңғайсызданғандай болды. С. Мұқ.
СЫР БІЛДІРДІ
Түпкі ойынан хабар берді. * Жастың біреуі үсік колын шошайтып: – Оларды не белгісінен табуға болады? – деп сұрады. Бұл арада «болдомошын» кібіртіктеңкіреп қалды. Әйткенмен, сыр білдіргісі келмеді. Ж.Айм. * Қанша қиналып жатса да мұның көңіліне кірбің түсірмейін дей ме, қашанғы жаны сірі көнбіс дағдысымен сүйегіне қарысып, сыр білдірер емес. Т.Сәук. ~ Мойнымызға су кетіп, езіле бермейік! Сырт көзге сыр білдіріп ұнжыр-ғамызды түсірмейік. Болмаса мына дегбірлеп қалған бала-шаға, қатынқалаштың ес-ақылы шығып кетер. Жайраң қағып сергек аттанайық. С.Ғабб.
СЫРҒАСЫ ТАЙДЫ
Ат оқыс жығылғаннан артқы аяғындағы сырға буыны орнынан қозғалып кетуі. ~ Атасы Қыдырханның үйінде жалғыз ат бар еді. Ол да жырғаған көлік емес. Жазда аяғын қорыққа тығып алып, сырғасы тайған коммунаның қой торысы. Әкесі ақыры осы торыға ер салып, Жарболды алдына алып тауға беттеді. Ж.Шәк.
СЫҢСЫП ТҰР
Сансыз көп, толып тұр. * Екі қабырға түгелімен том-том қалың кітапқа сыңсып тұр. Шетел, орыс классикасы, философия, тарих, экономика, социология… М.Қаб. ~ Бұрын тек техникалық қозғалыстарға ғана бағынатын кеше-көшелердің барлығы да, жаяу жүретін адамдарға ғана лайықталынып, қатарласа сап түзей, мәуелеп өскен ағаштармен сыңсып тұр. С.Ғабб. ~ — Мен, — деді Мұқағали. — Мен. Сен атты, ошаққа сен жықты деп отырған мен бар ма. Атқан да, жыққан да мен, Рекең екеуміз. Қара ормандай сыңсып тұрған жұртпыз ғой, бес ағашқа — бес жігітке қалтырап құдай атты деймісің… Жігітке нелер келіп, нелер кетпес. А.Сүл. ~ Вагон іші сыңсып тұр. Ине шаншар бос жер жоқ сияқты. Жұрт тіпті жүк қоятын сөреге де жайғасып алыпты. К.Жүн.
СЫР БҮКТІ
Түпкі ойын білдірмей, жасырып қалды. ~ Бірақ колхоз белсенділері сағынып отырған адамша бірден шолп ете түспейік деп сыр бүксе керек, көп кешікпей көпшілік жиналысы шақырылды. Сәбит колхозға қайта мүше болып кірді. С.Шайм. ~ Көзі ұйқыда, көңілі ояу, сол ай астында жайын құм өлкесінің бозамық нұрға малынып, тып-тыныш ұйыған сәтін көргендей. Жұмбақтанып, сәл-кем үрейлі сыр бүккен түнгі медиендегі моп-момақан жалғыз үйін, үй сыртындағы желіде күйіс қайырып көлбеп жатқан түйелерін көріп, сезіп жатқандай. Есік жабулы. С.Ел.
СЫП ЕТТІ
Көзді ашып-жұмғанша сумаң етіп шыға келді, (өте шықты, жоқ болды). * Көз байлана сып етіп шал да келді, Әзім де есік ашты, дайын еді. Абай. * Өтіп кетіп жатқан жол қараушы ма, жолды оңдаушылар ма, бірде-бірі қайрылмайды. Сып етіп өте шығады. Ғ.Слан. * Қойнына сып етіп кіріп, ұятты жерін ашып көрсетіп, қанын қыздырып: «Қазір-ақ бастап кетейікші», — деді қалыңдығы. Д.Дос. * Бізді жұмсап тұрып, өзің майданға сып етіп кетіп қалатын сол бір жылды тегі ұмытар ма кісі? Р.Рай.
