~ "Тостағанды иіскедің" деп айып таққанына қарағанда, өлеңшілік өнерін әлі ұмыта алмай жүрген кеспектей қарындасын кесапат қонағына қарсы айдап салып отырған Андастың өзі болғаны да! Сонда сырты — күлім, іші — жылым мырзаның діттеген жері қайсы? О.Сәр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫРТ БУЫН
Қартайып, ел тірлігінен көз жазып, бөтенсіп кеткен адам туралы. ~ Дос тапса да, жау тапса да, бұлар енді өздерінің тұстасынан табады. Өз заманының тілін де бұлар сырт буын кәріден оңай ұғынады. М.Әу. ~ Дуылдап Маралдының атырабы, Бір қыздың тойы болып жатыр әлі. Таянған таяғына сырт буын да, Ұйықтамай таңды кезбен атырады… Мүшеден дәмесіз де дәмелі дә, Осында ой елі де, тау елі де: Сүйіндік, Апай-Бөрі, Қозған-Қақсал, Қыпшақ пен Бұқа-Күбір, Сәмегі де… М.Әлімб. ~ Енді мұндай жорыққа шығудан қалған бірен-саран сырт буын ақ бас қарттарды орталарына алып, әлі оттасып жүр. Ғ.Мүс. ~ Жасымда ел қорғаған ер едім, енді үй қорыған шал болдым. Сексен жас аз емес. Қартайып сырт буын болсам да ел-жұртқа қадірсіз емеспін. Бұған да шүкір. Ш.Мам. ~ Көп жылдай бірімізден біріміз адасып көз жазып та қалдық, сөйтіп сырт буын болып кеттік қой. С.Талж.
СЫРТЫ БҮТІН, ІШІ ТҮТІН
Сырттай сыр бермегенмен, әлдебір қайғы жанын жеп жүрген адам хақында. ~ Мен көрдім дүние деген иттің көтін, Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін. Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші түтін. Абай. ~ Ашуланбағанда, осы күні сыртым бүтін, ішім түтін болған шақ, – деп Толқын Бикешке үлкен ала көзімен бір қарап қойды. Ә.Шәр. ~ Сіздер енді ескіліктің қалдығымен күресіп қана қоймай, сол жаңа өмірден орын алып үлгерген жат қылықты адамдарға қарсы күрес ашу керек. Ондай сырты бүтін, іші түтін сарқыншақтар бізде әлі бар». О.Бөк. ~ Қалт-құлт еткен аз өмірі… Сырты бүтін, іші түтін тіршілігі… Д. Ис. ~ Өзі үйренген, көзі үйренген жандар оған қам жемес, Сырты бүтін, іші түтін дертті қала ләм демес.Н.Айт.
СЫРТ БУЫН ТАРТТЫ
Бөтенсіді, жатсынды. ~ Адам қартайған сайын өмірден сырт буын тартып, жана заман, жаңа ықылымның көп қитұрқы– қалтарысын дәл аңғара бермейді екен. Қарт адамның бағыт– бағдардан тез жаңылатыны да содан. Қ.Жұм. ~ … көсемнің көшедегі тас мүсініне арлы– берлі өткендер суық қарап, томсара жылыстайды. Ішінара біреулер неге екені беймәлім, сырт буын тартып, сыздап тұр. Т.Рыск.
СЫРТ ЕСТУІМ
Жұрттың сөзіне қарағанда д.м. ~ Күнтуарды енді кенет басқа жағдай қобалжытқан. «Иә, иә, мұндай адамнан өгей балаға қандай рахат, қандай рахым? Сырт естуім, о бишара да құр оқу бітірді деген аты болмаса маскүнем, ештеңеге қабілетсіз боп өсіпті. І.Ес. ~ Сырт естуім, бұрынғы істеген жерінде ақша санағанынан шатылып, бірер жылға сотталса керек. Б.Тоғ. ~ Бірінші әйелі Балтакүлдің домоуправлениеде істеп жүріп бастығымен көңілдес болғанын. Бірақ сырт естуім. Рас-өтірігін білмеймін. З.Нұрт.
СЫР БЕРМЕДІ
Ойын жасыра білді; ішіндегісін бүгіп қалды. * Іштеріндегі мосқалдары ғана сыр берген жоқ. Ә.Кек. * Ақ тұлпардың құлақ түбі қоңырқай тартып тер білініп тұр. Кешегі бәйгеден кейін сыр бермей келе жатқаны… З.Шүк. * Жақсылығың өзіңдікі, тартып алмаймыз. Ал жаманнан құтылу әсте қиын.—«Қалайсың бұған?» дегендей көзілдірік астынан шақырайды. Жігіт сыр бермеді. М.Қаб. * Нияздың жеті ұлының біреуі Сегіздің әкесі Топы. Бірақ, есті жігіт Балпанның сөзіне намыстанып сыр берген жоқ. З.Шүк.
СЫРҒАҚ СӨЙЛЕДІ
Турасын айтпай, жалтара сөйлеп, бойын аулақ ұстауға тырысты. ~ Соңынан қуған құрық сауырсына тиген қашағандай сырғақ сөйлеп, сырттап құтылып кететін бригадирдің мойны бұрыла алмады. І.Жанс. ~ Ребаконның да, өзінің де менімен сырғақ сөйлесуіне ңғайсызданғандай болды. С. Мұқ.
СЫР БІЛДІРДІ
Түпкі ойынан хабар берді. * Жастың біреуі үсік колын шошайтып: – Оларды не белгісінен табуға болады? – деп сұрады. Бұл арада «болдомошын» кібіртіктеңкіреп қалды. Әйткенмен, сыр білдіргісі келмеді. Ж.Айм. * Қанша қиналып жатса да мұның көңіліне кірбің түсірмейін дей ме, қашанғы жаны сірі көнбіс дағдысымен сүйегіне қарысып, сыр білдірер емес. Т.Сәук. ~ Мойнымызға су кетіп, езіле бермейік! Сырт көзге сыр білдіріп ұнжыр-ғамызды түсірмейік. Болмаса мына дегбірлеп қалған бала-шаға, қатынқалаштың ес-ақылы шығып кетер. Жайраң қағып сергек аттанайық. С.Ғабб.
СЫРҒАСЫ ТАЙДЫ
Ат оқыс жығылғаннан артқы аяғындағы сырға буыны орнынан қозғалып кетуі. ~ Атасы Қыдырханның үйінде жалғыз ат бар еді. Ол да жырғаған көлік емес. Жазда аяғын қорыққа тығып алып, сырғасы тайған коммунаның қой торысы. Әкесі ақыры осы торыға ер салып, Жарболды алдына алып тауға беттеді. Ж.Шәк.
СЫҢСЫП ТҰР
Сансыз көп, толып тұр. * Екі қабырға түгелімен том-том қалың кітапқа сыңсып тұр. Шетел, орыс классикасы, философия, тарих, экономика, социология… М.Қаб. ~ Бұрын тек техникалық қозғалыстарға ғана бағынатын кеше-көшелердің барлығы да, жаяу жүретін адамдарға ғана лайықталынып, қатарласа сап түзей, мәуелеп өскен ағаштармен сыңсып тұр. С.Ғабб. ~ — Мен, — деді Мұқағали. — Мен. Сен атты, ошаққа сен жықты деп отырған мен бар ма. Атқан да, жыққан да мен, Рекең екеуміз. Қара ормандай сыңсып тұрған жұртпыз ғой, бес ағашқа — бес жігітке қалтырап құдай атты деймісің… Жігітке нелер келіп, нелер кетпес. А.Сүл. ~ Вагон іші сыңсып тұр. Ине шаншар бос жер жоқ сияқты. Жұрт тіпті жүк қоятын сөреге де жайғасып алыпты. К.Жүн.
