Қиын кезде көмек беретін жақынына балады, демеу көрді. ~ Қасіретті 1932 жылы он бір жасар ол әкесі Жадырасыннан айырылады. Оның үстіне өзіне сүйеніш тұтып жүрген әкесінің ағасы Отарбай да дүние салады. М.Тем. ~ Әріптес іні, сіңлілері, оқырмандары оны сүйеніш тұтып,хат жазып ақылдасып тұрды. М.Қож.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СҮЙЕККЕ ҚЫЗЫНДЫ
Шыққан тегін місе тұтты, әулеттің намысын ойлады. ~ Азаматтың айбарынан айдынатын заман ғой бұл. Мұндайда сүйекке қызынып, дауыңды қуып, жоқшың болып беретін туыс – туғанның түрі анау. Ж.Сәм.
СҮЙКЕНЕРГЕ ҚАРА ТАППАДЫ
Қалай, кімге тиісерін білмеді. * Екеуміз тәуір жолдаспыз. Ауылдағы осы күні сүйкенерге қара таппай жүрген басы бос қыз — келіншектерге, кейде бірлесіп қырындайтын да кездеріміз болады. Б.Соқп. * Тек, Құрдас, өзіңнен өтінерім – істің оңтайы келіп, сәті түскендей болса, әйтеуір «аюды сол атып еді» деген сынық сөзді аузыңнан шығара көрме. Сүйкенерге қара таба алмай жүрген жұртты білесің ғой. К.Сег.
СҮЙЕККЕ МӨР БОЛДЫ
Намысын аяққа басты, ұятқа қалдырды. ~ Білем ғой онысын. Пай-пай, сүйегімізге мөр болмаған күні бар ма о шіріктің. Н.Сер.
СҮЙКІМ ТАППАДЫ
Ұнатпады, көңілі толмады. ~ Қараушы ма еді ол маған? Қазір он тоғыз, жиырмада болса… Адамның ішіне емес, сыртына, түріне қарайтын шағы. Ал ол менің түрімнен ешқандай сүйкім таппас. Е.Жең.
СҮЙЕККЕ СІҢДІ (СІҢІСТІ)
Туа біткен, өшпес дағдыға айналған әдет, мінез т.с.с. * Әншейін сүйекке сіңді әдетпен жекпе-жекке түсіп, алқұлымдап жеңіске жеткені болмаса Кербұғының күйек қайтарар тәбеті де, дәрмені де жоқ-тын. О.Бөк. * Тіпті түкке татымайтын көржерге дейін жымқырып жіберіп, тыққыштап жатады. Алдым, ұрладым дегенге мәз. Сүйекке сіңді әдет, дағды. Т.Сәук. * … сөйлей қалса қасақана бұра тартып отыратын қырыс мінезді адам болыпты. Ол осы теріс әдетінен барқадам таппаса да, сүйекке сіңді мінезден қартайғанша арыла алмаған екен. З.Шүк. * Амал не, сүйекке сіңді әдет: дүниеқорлық, ашкөзділік, жемі бардың шырқ айналған тауығы болуға жаралған мінез өз дегенін істеп тынды… сүйгенін сүйекке айырбастап кетті. О.Бөк. ~ Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазанды» мен айтпасам да сүйегіме сіңісті Атасөз. Абайдан бері қазақ қауымы (қоғамы деңіз) үш жаңаның басын қайырып, бір қазанды қылғытып, екіншісіне аяқ басқалы қашан. А.Ныс.
СҮЙКІМІ ЖОҚ
Ұнамсыз. ~ Бұрын Қызылбикені тек жұмыс, іс жайынан ғана сөйлесетін, еркекке сүйкімі жоқ, салқын әйел деп ойлаушы еді. Ж.Айм. ~ Ысқақ дейсіз бе? — Әміршінің қабағы түсіп, көңілі толмай қалғаны байқалды. — Ол тым ұшқалақ, әрі өз еліне сүйкімі жоқ жігіт қой. Бізге дәл қазір ел ішінде беделі бар, орнықты адам керек. Қ.Жұм. ~ Ешкімге де керек емес, не ағама, не әпкелеріме сүйкімі жоқ мені әкесіз не үшін тудың? АҚ "Әкем болса…" ~ Күші адал болса да, Өзі арам есепті, Сүйкімі жоқ оншама, Төлін не дер есектің? Жұмбақ.
СҮЙЕККЕ ТАҢБА САЛДЫ
Арға өшпес дақ түсірді. ~ Кешегі қартабан Тұрсынның шаршы топ алдында тілдеп кеткені өзі емес, тіпті ата аруағын аттап сүйекке таңба салғаны кеудесіне шаншудай қадалды. Б.Тоғ. ~ Бастапқыда оны балалар жылы шыраймен «Мәжнүн» деп атаса, кейін сүйекке таңба салғандай ғып — «Мәнжубасқа» айналдырды. Тегі, құдай осындайдан бек сақтасын! З.Төл. ~ Бірақ шын- жырлап апарған атақты балуанымды қазақ елінің қазағы жықса бір сәрі, өз інімдей болып, ортамда жүрген қазақтың жығып кетуі сүйегіме таңба салғандай болғанын да қалай жасырармын. К.Сег.
СҮЙКІМІ КЕТТІ
Жағымсыз күйге енді. ~ Оқымыстылар оны мәжілістен қуып та шығады. Сөйтіп, шет елде сүйкімі кеткен Подоноктің бағы елге келген соң, керісінше, өрлей түседі. Т.Жұрт. ~ Сүйріктей сұлу болсаңда Сүйкімің кетсе — жақпайсың, Жүйріктің бірі болсаңда Киіктен биік баспайсың… Б.Әл. ~ … "құрсын, жындымен айтысқан мен жындымын" деп, айналасындағы ақсиған ауыздар мен сықсиған көздерге жалтақ-жалтақ қарап жылыстай жөнеледі. Бара-бара сүйкімім кетіп, сөйлесетін кісі де қалмады. Т.Сәу. ~ Күні кеше көптің аузынан түспейтін, ел қамқоры, жұрт жақсысы атанған Демежан кім? Содыр, сойқан аты қалмай, сүйкімі кетіп жүрген Ысқақ кім болды қазір? Қ.Жұм.
СҮЙЕККЕ ТАҢБА ТҮСТІ
Атына кір келтірді, абыройына дақ түсті, ұятқа қалды. ~ -Жоқ, бұл болмайды екен. Апандікі дұрыс… Жесірімізді жіберсек, ертең сүйекке таңба түсетінін біліп отыр ол кісі, — деп Демежан енді әлденеге бел байлағандай істі жеделдетіп жіберді. Қ.Жұм. ~ Жөнін, жолын білмей, әлгіден бетпе- бет кезігуден тайсақтап кеткенін әке алдында жайып салса, сүйекке таңба түскені емес пе. С,См. ~ Оқиғаның бұлайша аяқ астынан кілт бұрылуы Төртуыл кісілерін де қатты абыржытып тастаған. Байсеркенің әнеугүннен бері мойындамай, қанша жұртты сарсаңға салып, енді келіп ойламаған жерден омақаса жығылуы сүйекке таңба түсірердей үлкен намыс болып еді. Қ.Жұм. ~ Ол сүйекке масқара таңба түсті деп қорланған соң атасын жасыруға мәжбүр. «Бұрын періштелер мені ылғи өліге санап кететін. Расымен тірі өлік едім. А.Кем.
