Немқұрайды күйін өзгерткен жоқ. ~ Борап, ұйтқып соғар тентек мінез де танытпай, үн-түнсіз жауып алғаны ауыр екен: бірде ұйқың келеді, бірде өз-өзіңнен жер тепкілеп айғайлағың келеді — сезімің селт етпейтін сергелдең күй кешесің, әйтеуір, басынан кене шаққан адамдай мең- зең, өз алдына лағып, бұйығы тартқан біреулер. О.Бөк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЕГІЗ КЕССЕ СІРКЕДЕЙ ҚАН ШЫҚПАЙДЫ
Безеріп, міз бақпайтын, қатыгез, сезім атаулыдан ада адам туралы. ~ Сегіз кессе сіркедей қан шықпайтын топас әкенің сорақы қылығына ішім күйеді. «Асықпай тұра тұр, Тоқсанбай, қыбыңды бір табармыз»,- деп сырттан кіжінемін. С.Ом.
СЕЙІЛ-СЕРУЕН ҚҰРДЫ (ЖАСАДЫ, САЛДЫ)
Көңіл көтеріп, сауық құрып, сайран салды. ~ Е, колхоз бізді сейіл-серуен құр деп қостап шығарып отырған жоқ. Оны сен тегі шам қылма, Оспанқұл, білдің бе? — деді. М.Әу. ~ Ал мұны бастан кешпей сауық-сайран, жеңіл-желпі сейіл-серуен құру — серілікке жатпайды. Өйткені серілік басқа, секектеу басқа!.. И.Сап. ~ Сол шектеулі сызық арқылы өтетін қозғалыс екі жақты болды, жұрт көңілдестік танытып, әуелі бір топқа, сосын екінші топқа қосылып, әрлі-берлі сейіл-серуен құратынды шығарды. В.Расп. ~ Өздеріңіз де білесіз, бұл арада телегей-теңіз шалқып, үлкен кемелер жүзеді әлі, жұрт сейіл-серуен құрады… В.Расп. ~ Біздің барған кезіміз соғым уақыты еді. Олар жеңіл шанаға қос-қос ат жегіп, сейіл — серуен салады екен. С.Бег
СЕГІЗ ҚИЫР ШАРТАРАП
Адамды қоршаған шексіз кеңістік, бүкіл әлем, дүниенің төрт бұрышы. ~ Жетінші тілек тілеңіз, Желкілдеген ту келіп, Жер қайысқан қол келіп, Сонан сасып тұрмасқа! Сегізінші тілек тілеңіз, Сегіз қиыр шартарап Жер тұлданып тұрмасқа! Тоғызыншы тілек тілеңіз, Төреңіз тақтан таймасқа! Бұхар ж. ~ Қосының болсын қазақтан, Сегіз қиыр шартарап, Төрт құбылаң түгел боп, Төріңде отыр, салмақтан. Он екі айда жаз келер, Көктемеде қаз келер. Бұхар ж. ~ Бір-біріне дұшпан, үйірлігі жоқ төрт нәрсенің басын біріктіріп, сонан жасады. Тоғыз жолдың торабы, сегіз қиыр шартарап, төрт бұрышы түгел он түрлі қазына орнатып, төрт жүз қырық төрт жердей бекіту салып, үш жүз алпыс (алтмыш) өзен ағызып, он екі жерден даруаза жасап, мешіт те — өзінде, базар да — өзінде, көше орамлар да — өзінде, бау ағаш та — өзінде, — жерде не болса, бәрі өзінде; көкте не болса, бәрі өзінде; ексе, бітпейтін; қуса, жетпейтін; ауызбен айтып болмайтын қылып жасады. БС "Қазақтың түбі". ~ Әдебиеттің «Сегіз қиыр шартарап» ғаламында өзінің сәруар сәулелі әлемін жасайтын қаламгерлер сирек. Бұл шапағатты бақыт кез келгеннің маңдайына бұйыра бермесе керек. Қ.Аман. ~ Мәселен, Пушкин күзді жақсы көретінін, шабытының күзде тасқындайтынын айтып өлең жазады. Абайға бұл — тақырып емес. Дәстүрдің шектеуі. Тақырып жөнінен кейде дәстүрден шығандап, құрық үзіп кете алмайтын Абай, аудармаларында «сегіз қиыр шартарапты» шарлайды. Т.Шап.
СЕЙІЛ ДЕ СЕЙІЛ, СЕРГЕЛДЕҢ ДЕ СЕЙІЛ
Ер жігіт кез-келген жағдайда ұнжырғасын түсірмейді д.м. ~ Мейлі енді, «жігітке сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл» деген. Көрмеген жеріміз ғой, көріп қайтармыз азар болса. Әйтпесе біздің адресімізді кім іздеп тауып алмақ. Ұзынағашқа келгеніміз де жаңа. Б.Қыд. ~ Қыдыш. Қарағым-ай, сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл емес пе? Ойында озған, шында да озады. Кел, Жүке, осыны екеуміз бәйге қылайық. М.Әу. ~ Марлен адам болды. Азар болса мені қамар, Владиленаны мықтағанда балалар үйіне берер. Ал Марлен азамат, ол үшін сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл. Б.Қыд.
СЕГІЗ ҚИЫРЫ ТҰТАС
Кемеліне келген, мақсат-мүддесіне жеткен д.м. ~ Дәл қазір Мұхтар Мағауиннің төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, “Азаулының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем! ”, – деп тұрған дер шағы. Т.Жұрт.
СЕЙІЛ ҚҰРДЫ (ЖАСАДЫ, ЕТТІ)
Серуен салды, көңілін көтерді. ~ Күніне екі мезгіл лагерьдің ортасындағы барактардың лагерь қақпасы жанындағы тікен сым шарбақ ішіндегі тағы да сыммен қоршаған кең жерге сейіл құрып жүріп келеміз. С.Сей. ~ Шынармен өзен жағасында, орман ішінде сейіл құрып, оңаша тілге алмақ еді, сыр түймек еді. Т.Әл. ~ Осындай біраз сейіл жасап үйге қайтқанда, бұны тосып отырған күйеу «бір оңаша сөзім бар» деп бұны тысқа шақырды. М.Әу. ~ Ел орынға отырар шақта Мұхтар: — Жақа, мына көлді жағалап біраз сейіл етелік, — деп Жақанды ертіп далаға, қол жиегіне бет алды. С.Бег.
СЕГІЗ ҚЫРЛЫ
Неше түрлі өнері бар, қолынан келмейтіні жоқ, жан-жақты адам туралы. ~ Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы, Өнері өзің теңдес сегіз қырлы, Шеберден мін алатын мініскермін, Ер шығар тоты құстай неше түрлі. Біржан сал. ~ Алтын сақина салған салалы саусақтарымен мақтадай ақ бөлкені үзіп аузына дамыл-дамыл салып, майлы жұмыртқаны жеп отырған Субай осы отырған жастарға белгілі кісі. Өзі шешен, іскер, қалаға да, далаға да бірдей, сегіз қырлы, жылпың жігіт. І.Жан. ~ Рас, Ақан серідей көрікті, сөзге де, әнге де ұста, сегіз қырлы жігіт ілуде біреу болмаса, жиі кездесе бермейді. С.Жүн.
СЕКЕК АТТЫ
Ұшып-қонып, бір орында тұра алмады, секеңдей берді. ~ Саппен бірге аяғын аңдып басып, секек атып, өлеңдетіп келеді: « Бұ не деген: бұнт! … төңкеріс! Ән… күй, сырнай– керней… жылағың келеді… Әлі соғыс неге болмады?… Ұғымсыз бірдеңе… Жұрттың бәрі мәз – мейрам, тойдағыдай…» Ж.Айм.
СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ
Неше түрлі істің тетігін білумен қатар, сан түрлі өнері бар, жігіттің сұлтаны. ~ Бір сырлы, сегіз қырлы болса жігіт. Жорғадай тілі майда жүріс болса. Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз, Еткені берекелі жұмыс болса. Ақан Сері. ~ Мұхаммед – Қанафия жас кезінен – ақ сегіз қырлы бір сырлы өте өнерпаз жігіт болып өседі. Н.Әбу. ~ Әуезов кәдімгі қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін кісілікті Кісісі, Ұлы тұлғасы. З.Қаб. ~ Сәйгүлік аттардың, сайыпқыран құстардың бабын бес саусағындай білетін сахи саяткердің сегіз қырлы, бір сырлы білгір тұлғасы мүсінделетін көз алдында. Ғ.Біл. ~ Ал бір кезде күллі Россияны дүрліктіре жаздаған қолынан келмейтіні жоқ сегіз қырлы бір сырлы Василий Никитичтың отырысы мынау… Ә.Кек.
