Көңілі босап, елжіреді, тебіренді. * Шіркін-ай деген. Кісіні тебірентер не қилы сыр болады ғой, Мақұлбек тап әлгі сөзді естігенде, сары майдай еріген, құрақ боп иілген. Қызды атына мінгізіп, өзі жаяу жетелеп үйіне апарып салған. Д.Дос. ~ «Қойсаңшы, қар!» – деп дауыс салған ханшасын құлашын керіп, қамшының астына алғалы оңтайлана беріп Аюке хан қалт кідірді. Темірдей дәті тапқа қойған сары майша еріді. Азынаған әйел даусы етінен өтіп сүйегіне жетті. Боркеміктеніп босады. Д.Дос. ~ Қолың сыңғырлардың жазған хаттарының түрін көрсең бар ғой, ішек бауырыңды елжіретіп, тұла бойыңды сары майдай ерітеді. Жүрегіңді жіпсіз суырып алады. Ойыңды матап, басыңды шырмап тастайды. Сен де сондай жемтіксің!» — дейді күйініп. Р.Рай.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРЫ ЖЕЛДІРДІ
Аттың шабуға жақын қатты жүрісі туралы. ~ Қашан бойы үйреніп, еркіндігін сезінгенше маңына жуымай шақырым жерден қара үзбей сары желдірген жігіттер де торбестіні ықтиярымен жіберген. С.Жүн. ~ Торбестіге құрық салған осы маңның жылқышысы еді. Жолаушыларды бастап, сары желдіріп от көрінген жаққа беттеді. С.Жүн.
САРЫ МАЙДАЙ САҚТАДЫ
Қымбат тұтты; пәле-жаладан қорғаштады. ~ Қоқырсыған құрақтың әрқайсысының өзіне орны бар, бұлар сары айдай сақтап жиып жүрген мүлкі. Б.Май. ~ ~ Мына төменгі ауылда, белгілі жердің қызы. «Бой жетті, сары майдай сақтаған баламды алып кет», — деп хабар айтыпты Хасен деген атаң. Не дейсің, балам? Н.Сер. ~ — Кімнен туам, ешкіммен байланысым болмаса, — деді ұяла даусы күмілжіп. Байланысың болмаса – байланыс жаса. Қашанға асылыңды сары майдай сақтап жүрмекшісің, — деген жеңешесі көзі күлімдеп аяқтады сөзін. С.Досж. ~ Самсаған сары қолға шауып таныла алмасақ та, біздің де қарынның құрышына сары майдай сақтап жүрген бір кеп болушы еді. К.Сег. ~ Уылжытып өсіріп, күннен, келеңкеден қорынып сары майдай сақтап келгенде… қызығын көрсетер, мерейін өсірер деп үміттенгенде… сол майды ит жалап кеткендей көрінді. Д.Дос.
САРЫ АРҚА
Алысқа созылған ен дала, жазық өлке; кең жайылым. Поэтикалық ұғымға айналған теңеу. * Сары арқаны сайраңда, Жайыла бер жұлым көк. С.Мәул.
САРЫ ЖЕЛІС
Бір қалыпты қатты жүріс. ~ Сылаң еті бар екі қодыр ат қажығандығын білдірмей, көшір жігіт божы қаққан сайын ығыса жөнеліп, сары желіп келе жатыр. М.Әу. ~ Ержол ұзақ жортты. Бет алысы белгісіз. Жұлдызы самсаған тұңғиық түнді жамылып, сары желіп келеді. С.См. ~ Қияқ жалы су-су етіп, өз дүбірінен өзі шошып құйғытып келеді. Гулеген желден басқа бөтен сыбыс жоғын сезіп, кейде сары желіспен жортақтаса да, жаңағы арттағы сұмдық қайта есіне түсіп қолына көлденеңдей сойыл, құрық ұстаған қорқынышты жат адамдар соңынан қалмай өкшелеп қуғандай елеңдеп, тағы да үркеді. С.Жүн. ~ Денесі қызып, аздап қолтығы терлеген соң бір–екі рет қатты пысқырынып алады да, аяқты кере, көсіле тастап сары желіске салғанда бөккенше жортады! С.Бақ. ~ Түлкідей жарау, жүрдек ат сары желіске салғанда, сағатына отызқырық шақырымды алады. Ө.Кәр.
САРЫ АТАН
Көш алдында жүретін, үлкен, жүкке шыдамды түйе. ~ Ақ қарабас ылақайына қызыл шашақ тағып, үкілеп, ат қып мініп, өзі құрбы балалармен жарысар еді. Жатқан сары атанның үстіне бала біткен жабылғанда, атан ұшып түрегеліп, балалар өркешіне, мойнағына жабысып «жығылдым, жығылдым!» деп шуласар еді… Ж.Айм. ~ Жұмабай жас баланың пішініне ырза болып қарады да, үндемеді. Байтас Абайды құрбысындай қағытып: – Жарайсың, «ғайыпқа бұйырмаңыз». Сенің мынауың, менің: «Көшкенде жүк артамын сары атанға, айтамын не бетімді Ойке апама?!» деген өлеңім сияқты болды-ау! — деді. М.Әу.
САРЫ ЖІЛІК
Орта жастардағы кісі (мал). ~ Омбының көшесінің ұшы-қиыры жоқ. Таусылар емес. Аяңдап келеді. Бақайшағы майысады. Тер пұшпағынан ағады. Арығы жеткен қарындасы жаяуға жарамады. Сары жілік інісі ғана шыдап келеді. Ж.Айм. ~ Гүл ұсынып, құшақтасып, сүйісіп жүргендердің ішінде ірі қызметкердің сары жілік бәйбішесі де бар. К.Тоқ. ~ Омбының көшесінің ұшы-қиыры жоқ. Таусылар емес. Аяңдап келеді. Бақайшағы майысады. Тер пұшпағынан ағады. Арығы жеткен қарындасы жаяуға жарамады. Сары жілік інісі ғана шыдап келеді. Ж.Айм.~ Қабырғасы жазық қартаңнан Сойысын тартып қойғанмын. Сары жілік байталдан Ту биемді сойғанмын. Тұрап нарын қойғанмын. Бәрін бір жиып келе көр. Ә.Марғ. ("Көкетай ханның…")
САРЫ АУЫЗ
Қанаты қатпаған, тәжірибесіз. * Аталмыш әңгіме жүйесіне орынсыз қыстырылған, сарыауыздыққа салынғаннан басқа бітірері жоқ «қожайын» Дәулет атты кейіпкер туралы да осыны айту керек. Ш.Елеу. ~ Арман қазір қарын шашы алынбаған, сары ауыз бала емес. Бәрін түсінеді. Н.Кел. ~ — Әй, осы менің бойыма қараған кісі неше жаста деп ойлайды? деп сұраған. — Нешеде деуші еді? Он сегізге жете алмай жүрген сары ауыз дейді де. К.Сег.
САРЫ ЖОЛ
Алысқа созылған сара жол. ~ Шіркін, табиғат! Қанша рет қайталансаң да, тапталған сары жолжаттандыға айналмай әр көрінісің толғай береді-ау" — дейді іштей Әкім. К.Жүн. ~ Күн райы да өзгеріп, енді жолаушылардың беттерін салқын жел өбетін болды. Бірақ даусы қарлықпайтын пұшық сары жол қысқарсын дегендей жағы бір тынбайды. Біресе күлдіргі өлең айтады, біресе қайғылы зар төгеді. І.Ес. * Сары жолдың аты сары жол,- даңғыраған Соқпақ екен! Мінгенің дүл дүл болса да, керегі тоқпақ екен. С.Бақб. Жолы ауыр, қырсықты адам. ~ — Сары жол, тілеуің кесілгірлер! Сендерді үйге тастап кетсем,артынып-тартынып келмеймін бе? К.Ораз. ~ — Құдай басқа салмасын, жолы қиын, бір сары жолдылар болады. Олармен бірге жүргенде саған тышқан мұрнын қанату да жоқ. С.Бақб.
САРЫ АУЫЗ БАЛАПАН
Бұғанасы қатпаған, өмірді көрмеген, тым жас. ~ Жасы да үлкен, көргені де көп Сәдуақас мені сары ауыз балапан көреді де, қамқорлығына ала жүреді. С.Шайм. ~ Бәкеннің Алып Сарысы, оң жағында отырған екі үндемеске анда-санда көз қиығын тастап қойып, бір кездерде өзінің де осылардай тұйық болғанын, ештеңенің мәнін білмейтін "сары ауыз балапан" болғанын есіне алып, аналарға байқатпай жымиып қойды. Ә.Тар. ~ Казарманың ортасына орындық қойып, үстіне сары ауыз балапандардың бірі шығады да: – Господа офицеры! День прошел! – дейді салтанатты үнмен саңқылдап. Т.Сәук. ~ Ол осы бозкөденің түбінде жұмыртқа басып, ұрпақ жетілдірген, сары ауыз балапандарын ұшырған еді-ау. Ғ.Біл. ~ Айнала жүгіріп, бебеу қаққан сәбиімен істері жоқ. Әлден уақытта сәби бейне темірқанат сары ауыз балапанға айналды да, өз бетіне ұшып ұзай берді. С.Ғабб. ~ Жаңа салған ұясына жасау іздеп, өмірдің табалдырығынан енді ғана аттағалы тұрған бұл екі жан өндірдей жас еді, жігіт әлі жас бала тәрізді науша болса, қызды сары ауыз балапан десе болғандай. Дж.Лонд.
