Posted in

САРЫ ҮРПЕК (БАЛА)

Бұғанасы қатпаған, жас (бала). ~ Аз ғана тиын-тебенге шелектегі суынан бір кружка су әперіп, жағы талмай сарнаған сол сары үрпектер бір жайдан аяныш та тудырады. Мынадай қапырық ыстықта шөл дегенге кім шыдасын, сосын да ол сары үрпектердің саудасы аздап жүретіндей көрінсе де солай. Ұ.Досп. ~ 1942 жылы майданнан Қазақстанға жетім балаларды әкелгенде, бір ұлға зар болып жүрген Жылқыайдар үш жасар сары үрпек баланы бауырына салып, өз атына жаздырып алады. Қ.Жұм.

Posted in

САРЫ ТАБАН (САР ТАБАН)

Әбден көніккен, ысылған, әккі. ~ Әр болыстан жиылды бастық адам, Ел билеуші ақылман сары табан. — Бір сыпыра баланы бергеннен соң, — Бермеймін деп ендеше сөз айталық, Берместікке көңілді тоқтаталық. І.Жанс. ~ Қырғыз-қазақ барлығы ақылдасқан, Сол жерде үш дуанның басын құрар. Әр болыстан жиылсын бастық адам, Іс білуші кемеңгер сары табан. І.Жанс. ~ Бұрынғыдан өзгерген өңі мүлде, Көлдей толқып көп ойлар көңілінде. Қансонарда құр қайтты бірінші рет, Сары табан саятшы өмірінде. С.Үс. ~ Қазақтан келген екен қырық ақын, Сар табан жорғасында – бұрынғы ақын. Өлеңмен жұрттың бәрін таңырқатып, Бәрі де мендей емес, жырынды ақын. Кенен.

Posted in

САРЫ ҮРПЕК БАЛАПАНДАЙ

Уыздай жас бала сықылды. ~ Күн көзі сары үрпек жас балапандай, Күзгі аспан ала шабыр, ала таңдай, Әр ұста бытыраңқы қорғасын бұлт,Ырғиды долы ашуын тарата алмай. Д.Әб. * Бұлардың таянғанын байқап, сары үрпек балапандай жап-жас бір солдат автоматының ұңғысын төмен қарата иығына асынып кірпіш үйден шыға келді. Ш.Айт.

Posted in

САРЫ ТАБАН ЖОЛ

Әбден тапталған сара жол. ~ Қайрақтай сары табан жолдан шығып кеткен аттар екпінмен омыраулап, тізеден келетін май сазды бауырдай тіліп, өзеннің арғы бетіне қарап ұмтыла берді, су асты-үстіне шығып қою қара көк лайға айналып кетті. Х.Ес.

Posted in

САРЫ ШҰНАҚ АЯЗ

Бет қаратпайтын ызғарлы суық. ~ Өткен аптада қалың жауған қардың аяғы қаңтардың сары шұнақ аязына айналып, екі бүйірден қысып тұр. Ә.Шәр. ~ 1937 жылдың алғашқы айларындағы сары шұнақ аяз әрнеге үреймен қарайтын қыр елін одан ары бүрістіре түсті. Ж.Шәк. ~ Әлгінде ет қызулықпен сезбепті, үскіріктің ащы зәрі күшейіп, кешкілікке қарай сары шұнақ аяздың құтырына түскен түрі бар. С.Мұр.

Posted in

САРЫ ЖАЛАҚ

Ерні үнемі жарылып, жалақтанып жүретін адам. ~ Жаманқұл елеңдеп отыр еді. Шалқар кірді. Бұл күнде сары жалақ шал болған. З.Шүк. ~ Күнгейдің етегі қалың ши, жоғарғы жағы сары жалақ еді. Ашырқанған қой-қозы, тайынша-торпақ үңги-үңги жарқабақтап жіберген. Н.Қаз. ~ Ортада тік тұрған, мұрнының үстін, көз алдын сепкіл басқан, аузы базданған сары жалақ әйел. Б.Қыд.

Posted in

САРЫ ҚҰЛАҚ

Сәбеттік дәуірде бір сомдық қағаз ақша. ~ Сұлтан қалтасынан қобыратып бірнеше бір сомдық сарықұлақтарды суырып алды. Дәулет шын ақша ма дегендей сүзіле қарап қалды. Б.Соқ. ~ Ришаттың өлеусіреген көзі жарқ ете қалды. Қара доға сызып қалықтап келе жатқан «бақыт құсын» жерге түсірмей қағып алған. Қолы дірілдеп, жалма-жан әмиянның сырмасын ашты. Екі бес сомдық, екі үш сомдық, төрт-бес сары құлақ. Т.Сәу. ~ Ботам– ау, сен өкпелегендей… Жо… Жоқ. Айтуың дұрыс қой. Бір– екі шетушкеде не тұр. Үш– төрт сом сары құлақтан артық тастаттырайын… Алла– ай енді, соған да ренжимісің… М.Сүн. Егде тартқан кісі. ~ Анжиянның тоң алмасын кемірген, Шикі нанға семірген, Самарқанда сарт Манас, Сарықұлақ ит Манас, Көшсең, өзің көшіп бар, Мен елімді көшірмен. Ә.Марғ. "Көкетай хан…"

Posted in

САРЫ ЖЕЛ

Тынымсыз соққан бірқалыпты жел. ~ Бұл тұста ағаш сирек, содан ба екен, теріскейден осындай көктем ортасында тынбай уілге басатын даланың сары желіне тоқтау болатын ештеме жоқ. О.Сәр. ~ Желмая мініп жаһан кезген Қорқыт әулиенің құлағында ысқырып ойнаған Сарыарқаның сары желі жаттанды дала әуенін Боранқұлдың құлағына да әу бастан құйған екен. Ғ.Біл. ~ Тағы да күре жолға көз тікті. Сары белде сары желдің шалқыған сағымы ғана қалыпты. Ол мең-зең боп, иіс тиген адамдай теңселе басын үйіне беттеді. Қ.Ысқ.

Posted in

САРЫ МАЙДАЙ ЕРІДІ

Көңілі босап, елжіреді, тебіренді. * Шіркін-ай деген. Кісіні тебірентер не қилы сыр болады ғой, Мақұлбек тап әлгі сөзді естігенде, сары майдай еріген, құрақ боп иілген. Қызды атына мінгізіп, өзі жаяу жетелеп үйіне апарып салған. Д.Дос. ~ «Қойсаңшы, қар!» – деп дауыс салған ханшасын құлашын керіп, қамшының астына алғалы оңтайлана беріп Аюке хан қалт кідірді. Темірдей дәті тапқа қойған сары майша еріді. Азынаған әйел даусы етінен өтіп сүйегіне жетті. Боркеміктеніп босады. Д.Дос. ~ Қолың сыңғырлардың жазған хаттарының түрін көрсең бар ғой, ішек бауырыңды елжіретіп, тұла бойыңды сары майдай ерітеді. Жүрегіңді жіпсіз суырып алады. Ойыңды матап, басыңды шырмап тастайды. Сен де сондай жемтіксің!» — дейді күйініп. Р.Рай.

Posted in

САРЫ ЖЕЛДІРДІ

Аттың шабуға жақын қатты жүрісі туралы. ~ Қашан бойы үйреніп, еркіндігін сезінгенше маңына жуымай шақырым жерден қара үзбей сары желдірген жігіттер де торбестіні ықтиярымен жіберген. С.Жүн. ~ Торбестіге құрық салған осы маңның жылқышысы еді. Жолаушыларды бастап, сары желдіріп от көрінген жаққа беттеді. С.Жүн.