Posted in

САРСАҢҒА ТҮСТІ

Әуре болып, әбігерге түсті. ~ Көлтабанды бетке алып кеткендер «өкімет адамдарының» ешқайсысын таба алмай, сарсаңға түсіп жүргенде, Тұрсын қалың тоғай арасымен төтелей тартқан. Б.Тоғ~ … таусылып бітпейтін бейнеті мен уәйімнен сарсаңға түсіп, шаршап, сағы сынып жіңшкеріп жүдеген үлкен кісінің қайғысы қара аспандай … Д.Досж.

Posted in

САРСҮЙЕК ҚҰДА

Ескі, бұрыннан алыс-берісі бар құда. ~ Бас құда Айданақпен руласпын. Сондықтан, осы үйге мен де сарсүйек құданың бірі болып табыламын, – деп әлгінде бата жасалған ақ сарбас қойдың басын өзіне тәуелдейтін сыңай байқатып бір тынды. Ғ.Біл. ~ Ши– амбы бейне бұлардың сарсүйек құдасы, не нағашысы секілді, үлкен ұлықты бел көріп, өзімсіне, дабырайта ауызға алысады. Қ.Жұм. ~ Бұл жолы да, осы төрелерді жеңуге зор себеп болған алыстан ойлаған есеп барды. Ол – сарсүйек құда болу, тамыр– таныстың жайларын пайдалану, әсіресе 48 болыс майқы– бошан арғынды бір шыбықпен айдаған Алшынбай дәумен құда болу, соның жәрдемімен сұлтандықты төре тұқымынан тартып алу болатын. Ә.Жиреншин.

Posted in

САРТ-СҰРТ ҰСТАСТЫ (СОҒЫСТЫ)

Жанын салып арпалысты. ~ Олар бір-біріне бураша шабынып тұрып, сарт-сұрт ұстасып қалысты. Шолақ дамбалдан басқа етінде дәнеме жоқ, бірін-бірі жұлқыласып, езгілесіп, жеп жүр. І.Жанс. ~ Долы екпінін тежей алмай, қасарысып қарама-қарсы келген қос дүлей артқы аяқтарымен тік тұрып кетіп, алдыңғы аяқтарын адамша серместі. Болат тұяқтар сарт-сұрт соғысты. Н.Сам.

Posted in

САРҒАЯ САҒЫНДЫ

Көруге, жүздесуге құмартты, ынтыға күтті.~ Сырбайдың шыдамы көпті көріп көнеленген, төзуге үйренген шыдам, сондықтан да ол баласын сарғая сағына жүріп, сабырмен түпкілікті, тұрақты жолығуды күтеді. С.Мұқ. ~ Үміт… Мендегі үміт үзілуге шақ қалды. Сарғая сағындым, сағым сынды. Енді бос үміттеніп жүргім келмейді! Ж.Қал. ~ Дала. Сол баяғы қалпы. Мұнарланып мұң кешеді. Сағымданып сарғая сағынады. Жауындатып жылайды. Ө.Әбд. ~ Әбден елін, жерін сарғая сағынып келгенде, әлде біреулер: – О, мына бұзықтың, мәселесе әлі қалпына келе қойған жоқ. Байқап барып амандасыңдар. Сау бастарыңа сақина тілеп, бір пәлесіне ілгіп, қараңғы інге кіріп кетіп жүрмеңдер, – сыпсың қсекті өрттей гүлетеді. Б.Боп.

Posted in

САРТ ЖАБЫСТЫ

Жабыса кетті. ~ Мен де тегін адам емеспін, шыбын жан да қажет, оң бүйірге жалтарып кетіп, қасымнан зу ете түскен трактордың артына сарт жабыстым. Қасен жан дәрмен тормозды басып қалып еді, оңтайлы сәтті құр жіберейін бе, баспен желкеден періп кеттім. М.Қаб.

Posted in

САРКІДІР ӘЙЕЛ

Жасы ұлғайып, егде тартқан әйел. ~ Элмира бекерден бекер ерте тұрмаған екен. Түс әлетінде гүл ұстаған, арақ-шарап, кәнпит көтерген Элмираның өзі құралыптас саркідір әйелдер жиналып, оның туған күнін құттықтады. Ж.Сәм. ~ — Ойбай құдай, не дейді… Қарғашымды қалай жібере саламын…— деп от жақта шай құйып отырған саркідір әйел баж ете қалды. Қ.Мүб. ~Жаратылысында сүйегі бостау Ділдә бала басты болып, тез қартаюға айналған. Бетіне айғызданып ажым түсіп саркідір қатын болған. Әрх.Кәк.

Posted in

САРТ МЕЗІРЕТ

Сырт көз үшін жасалған ниетсіз, жалған ілтипат. ~ Ал сендерге бостандық беремін. Бостандық болғанда — бетің ауған жаққа жүре бер деген сарт мезірет емес, жаңа үкіметпен жанастырып кетемін, — деді. Ә.Тар. ~ Атып тастайтындай абыройы былғанған жоқ. Оған көкте құдай, жерде Балдамша куә. Менікі сарттың мезіреті. – Жә, қой оны, шаруаға көш. Н.Дәу. ~ Жігіттің мұнысы сарт мезірет екенін іші сезіп тұрғанымен, айтарға сөз таппай, сасқалақтап қалған. Н.Қам.

Posted in

САРКІДІР ТАРТТЫ

Қартайды, егде жасқа жетті. ~ Осыдан бір ғана белдің астындағы егіндіктеріне дүңгендермен бірге қарауыл болып отыр. Қонақтары келгенде, үйде Мұрыншақтың саркідір тартқан әйелі ғана отыр екен. Ж.Ахм. ~ Ұзын бойлы көзілдірікті кісі өзінің сабырлы, тәкаппар кейпі мен саркідір тартқан жас шамасына қарамай жеңілтек асығыстықпен есікті лақтырып ашып ішке кірді. Т.Әбд. ~ "Аңқам кеуіп тұр" деген соң, Қабанбаймен бұрылып, "Кооператор" дүкеніне соқтық. Бір бұрышында ұлттық тағамдар кафесі бар. Саркідір тартқан жуантық қымызшы әйелден басқа ешкім жоқ екен. Т.Сәу. ~ Дүниеде сарыла күтіп тосқанның, сірә, қиыны-ай… Саркідір тартқан үлкеннің де, ақ уыз әлі жастардың да алаң болған жүздері алабұртып өзгеріп кетіпті. С.Ғабб.

Posted in

САРША (САРЫ) ТАМЫЗ

Шілденің шіліңгір ыстық кезі. ~ Осындай бірін–бірі аңдыған ұрыс жиырма күнге созылды. Сөйткенше шілденің сарша тамыз ыстығы келді. Сол жылғы жаз, Мауреннахр жерінде өте ыстық болды. І.Ес. ~ Талас алқабын жайлаған қырғыздар арасында бір аңыз бар. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі. Бір жігіт Талас өзенін көшіп өтпек болады. Ш.Айт. ~ Қырық күн шілденің сары тамызында қойды, өз қойымды түнде, ең болмағанда таңғы және кешкі салқында жаймақ ойым бар. С.Бақ.