Әуре болып, әбігерге түсті. ~ Көлтабанды бетке алып кеткендер «өкімет адамдарының» ешқайсысын таба алмай, сарсаңға түсіп жүргенде, Тұрсын қалың тоғай арасымен төтелей тартқан. Б.Тоғ~ … таусылып бітпейтін бейнеті мен уәйімнен сарсаңға түсіп, шаршап, сағы сынып жіңшкеріп жүдеген үлкен кісінің қайғысы қара аспандай … Д.Досж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРСҮЙЕК ҚҰДА
Ескі, бұрыннан алыс-берісі бар құда. ~ Бас құда Айданақпен руласпын. Сондықтан, осы үйге мен де сарсүйек құданың бірі болып табыламын, – деп әлгінде бата жасалған ақ сарбас қойдың басын өзіне тәуелдейтін сыңай байқатып бір тынды. Ғ.Біл. ~ Ши– амбы бейне бұлардың сарсүйек құдасы, не нағашысы секілді, үлкен ұлықты бел көріп, өзімсіне, дабырайта ауызға алысады. Қ.Жұм. ~ Бұл жолы да, осы төрелерді жеңуге зор себеп болған алыстан ойлаған есеп барды. Ол – сарсүйек құда болу, тамыр– таныстың жайларын пайдалану, әсіресе 48 болыс майқы– бошан арғынды бір шыбықпен айдаған Алшынбай дәумен құда болу, соның жәрдемімен сұлтандықты төре тұқымынан тартып алу болатын. Ә.Жиреншин.
САРТ-СҰРТ ҰСТАСТЫ (СОҒЫСТЫ)
Жанын салып арпалысты. ~ Олар бір-біріне бураша шабынып тұрып, сарт-сұрт ұстасып қалысты. Шолақ дамбалдан басқа етінде дәнеме жоқ, бірін-бірі жұлқыласып, езгілесіп, жеп жүр. І.Жанс. ~ Долы екпінін тежей алмай, қасарысып қарама-қарсы келген қос дүлей артқы аяқтарымен тік тұрып кетіп, алдыңғы аяқтарын адамша серместі. Болат тұяқтар сарт-сұрт соғысты. Н.Сам.
САРҒАЯ САҒЫНДЫ
Көруге, жүздесуге құмартты, ынтыға күтті.~ Сырбайдың шыдамы көпті көріп көнеленген, төзуге үйренген шыдам, сондықтан да ол баласын сарғая сағына жүріп, сабырмен түпкілікті, тұрақты жолығуды күтеді. С.Мұқ. ~ Үміт… Мендегі үміт үзілуге шақ қалды. Сарғая сағындым, сағым сынды. Енді бос үміттеніп жүргім келмейді! Ж.Қал. ~ Дала. Сол баяғы қалпы. Мұнарланып мұң кешеді. Сағымданып сарғая сағынады. Жауындатып жылайды. Ө.Әбд. ~ Әбден елін, жерін сарғая сағынып келгенде, әлде біреулер: – О, мына бұзықтың, мәселесе әлі қалпына келе қойған жоқ. Байқап барып амандасыңдар. Сау бастарыңа сақина тілеп, бір пәлесіне ілгіп, қараңғы інге кіріп кетіп жүрмеңдер, – сыпсың қсекті өрттей гүлетеді. Б.Боп.
САРТ ЖАБЫСТЫ
Жабыса кетті. ~ Мен де тегін адам емеспін, шыбын жан да қажет, оң бүйірге жалтарып кетіп, қасымнан зу ете түскен трактордың артына сарт жабыстым. Қасен жан дәрмен тормозды басып қалып еді, оңтайлы сәтті құр жіберейін бе, баспен желкеден періп кеттім. М.Қаб.
САПЫРЫП ІШІП, КҮЙСЕП ЖЕДІ (ШАЙНАМАЙ АСАДЫ)
Ойына келгенін істеді, ішіп-жеді, жемқорлық жасады. * Бұрынғы директордың тұсында ол өзі сапырып ішіп, күйсеп жеп үйреніп қалған тәрізді. Б.Тоғ. ~ Лауазымы барларда үрей қалмаған. Жел қай жағымнан есер екен дегендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қараушылар көп. Кеше ғана сапырып ішіп, шайнамай асап, шалқақ басып жургендердің жүні жығылған. Б.Тоғ.
САР ЖЕЛДІ (ЖЕЛІС)
Бір қалыпты қарқынмен алға жылжыды. ~ Күміс шілиялап пар жеккен қос ақ боз ат сар желіп келеді. С.Жүн. ~ Екі жолаушы бағанағы бойда сар желіп отырып, іш пыстырған тар сайдың аузына шығып, енді Орта — Ақсудың үлкен аңғарына ілінген соң, ат басын еркін жіберіп, біраз жарасып алды. Ж.Ахм. ~ Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Д.Әш. ~ Бара-бара үдей түсті де, іңірге қарай кәдімгі күздің қара жауынына айналып, төпеп кетті. Жігіттер торы атпен құйрық тістесе соңынан бір елі қалмай сар желдіріп келеді. С.Жүн. ~ Көз жетер жерде қарайған қара жоқ, сар далада сағым көшеді. Сары шалдың астындағы ақ тұлпар сар желістен танған жоқ. Сарбасаттың сыртындағы ауылдан таң сәріден шығып еді, күн сәскеге көтерілді. З.Шүк.
САР ТАП БОЛДЫ
Шаршап-шалдықты, қалжырады, титықтап бітті, әбден жүдеді. * Көңілімде соғар жерім, барар үйім жоқ емес. Алайда, ұзақ жолдан сар тап боп келгенде осы үйден артық дем алар жай бола қояр ма екен? Р.Рай. * … көк күмбездің әлде бір жерінен азаншының сарғайып сар тап боп жатқан көл-көсір даланың қиыр-қиырына жететіндей қып күңіренте шырқаған әдемі үні естіледі. Ә.Кек. * Телжанның алдында сонау бір кезде торкөз дәптердің беті не жазылған тілімдей- тілімдей төрт хат жатыр. Төртеуі де сар тап боп сарғайып, илеген терідей жұмсарып, әбден тозған. Д.Әш.
САР ТЕНТЕК
Алаңғасар, ерке, есерсоқ. ~ Әжесінің айтуынша, о дүниенің мақұлықтары мұрынды, ауызды, бетті, көзді ойып, бәрін жеп қойған. Өзінің, әжесінің сар тентегі Аңсағанның басы…– осы арада баланың тұла бойы түршігіп кетті. Ж.Нәж. ~ Сен тентек шаршадың ғой. Біраз отырып, дем ал, қалқам… Б.Мом. ~ Сар тентек «сақау» еді ол көрінген, Қалай тез оған әсем өң берілген?.. Өзінен үлкен еді домбырасы, Күбідей шанағы да өңгерілген. Х.Ерғ.
САР ТӨСЕК БОП САРҒАЙДЫ
Аурудың әсерінен ұзақ төсек тартты. * Әлсін-әлсін демігіп, тық-тық еткен жөтелі өңменіңнен өткендей, алма еріні кезеріп Бетпақ кезіп кеткендей, кимешегі қалқылдап қуыршаққа тіккендей, сатпақ-сатпақ жастығы емес кетпендей, сар төсек боп сарғайып – бұ жатқаның қай әйел? Ж.Айт.
