Posted in

ШӘК ЖОҚ

Күмән жоқ. ~ Бүкіл Омбы ішіндегі ақшаның көзін табатын әйгілі саудагерден айырылған соң, Қарасайдың шаруашылығынан да мән кететініне шәк жоқ. С.Жүн. ~ Ол ешуақытта қатты соқпайды. Сыздықтатып жайымен ғана желпіп тұрғаны. Шипалығында шәк жоқ. Қыста аязды да жұмсартып жібереді. К.Қаз.

Posted in

ШӘК КЕЛТІРМЕДІ

Күмәні болмады; кәміл сенді. ~ Құмыраның алқым тұсындағы қашап салған суретке тоқтап, бұл заттың көне сақтар дүниесі екеніне шәк келтірмеді. І.Ес. ~ Құдайдың құдіретіне шәк келтірмесек те, біз — адамдар әлдеқашан бетімізді ашып алғанбыз. И.Сап.

Posted in

ШӘЛКЕМ-ШАЛЫС КЕЛДІ

1. Жақтырмады, көңіліне тиді. ~ Балташқа бұл сөзі ұнамады: — Сен партияға не мақсұтпен кірдің? — деп сұрады. Бұл сұрау Мұқашқа шәлкем-шалыс келді: Мені тергеуші сен бе едің, — дегендей… Ж.Айм. 2. Ойлары жанаспады, кереғар болды, қарсы шықты. ~ Болайын деп тұрған бала. Әттегене, сабағы нашарлау екен, мұғалімдерімен шәлкем-шалыс келіп, келіспей қалад дей ме… М.Қаб. ~ Екеуінің сөзі содан соң-ақ шәлкем-шалыс келді. Айдала, екіленген оларға басалқы айтар жан жоқ. З.Шүк.

Posted in

ШЕТ ҚАҚПАЙ (КӨРДІ, ЕТТІ)

Қағажу көріп, сырт қалған. * Сөйлейтін жерде – тілі мүкіс, істейтін жерде – қолы бүкіш. Көретіні ылғи қағажу, шет қақпай. Ешкім бармайтын, айлығы аз, денсаулыққа зиянды, ең ауыр жұмыстарды солар істейді. Т.Сәук. * Бұл – оның қатын-бала алдында, оларды төңіректегі тобырлардың жеккөрініштілігіне, шет қақпайына ұшыратқан кінәларын жуып, еңбек көрсетуге тырысқан әкелік жанашырлығы еді. Ғ.Біләл. * … анасы қайтыс болғаннан бері бір түрлі сағы сынып еркеліктен де, елгезектіктен де алшақтап барады. Ешкім шет қақпай етпесе де Тогтохқа да, Очирбатқа да тосын қабақ танытып отырады. Е.Мұх.

Posted in

ШӘЛКЕС БАСТЫ

~ Үйлену тойларына бара қалсаң жоғары класс оқушылары немесе мектепті жаңадан бітіргендердің аузында темекі, аяқтарын шәлкес басып жүргені. Кейде қыз деген атыңа кір келтіреді. Ә.Ысқ.

Posted in

ШЕТ ҚАҚПАЙ ҚАЛДЫ

Тыс қалды; құр қалды. * Вокзалда қайбір туысы күтіп тұр, біреуге-біреу қарайтын хал жоқ; пойыз күтіп теңселген халық шыжандай, әлдірегі алысып-жұлысып мінеді, әлсізі шет қақпай қала береді. Ш.Айт.

Posted in

ШӘЛКЕС МІНЕЗ (МІНЕЗДІ)

~ Содан кейін ол бір созылтып береді дейсің, тек тыңда да отыра бер. Адамға бітпеген тым шәлкес мінездеріне налыған көздеріңді ұмыттырып жібереді. Ә.Сәр. ~ Әлден уақытта созалаң қозғалып, нәзік дауыспен: − Дәйім осындай бір шәлкес мінезің қалмайды, Елемес! Мейлі, соның бәріне мен-ақ кінәлы болайын,- деді. С.Ом. Құлынның жыбыр қаққан үлпек еріні емшекке тиген сәтте-ақ, тырсылдап тұрған бие желіні иіп сала береді. Биенің шәлкес мінезі бірден басылып, аналық емірену жеңіп, жуаси қалады. Ә.Әл. ~ Ол барынша әрленіп, жақсы киініп жүретін, шәлкес мінезді адам болатын. С.Бақ. ~ Жол тік шаншылып көтерілетін тұстарға келгенде, Әсет кейін сусып түсіп қалмау үшін Зағипаның белінен құшақтап ұстап алады. Ол кезде Зағипа етіне қол тигізбей орғып тұратын киіктің лағындай шәлкес мінезді, ерке қыз болатын. С.Мұр.

Posted in

ШЕТ ҚАҚПАЙЛАДЫ

Сыртқа тепті; бөтенсіді. * Ұзын құлаққа қарағанда, актерлық мектепте қабылдайтын сарапшы ағайындар, ішінде жаңағыдай сахнаның сарабдал «шеберлері» бар, қалыптасып кеткен қасаң түсінікке бой алдырғаны соншалық, көрікті қыз-жігіттер болса, «таза қанды қазақ емес, типтік түрге келмейді» деп шет қақпайлайды-мыс. Т.С. СИН: ШЕТКЕ ШЫҚҚАН САЯҚТАЙ ЕТТІ; ШЕТ ҚАҚТЫ