Күмәні болмады; кәміл сенді. ~ Құмыраның алқым тұсындағы қашап салған суретке тоқтап, бұл заттың көне сақтар дүниесі екеніне шәк келтірмеді. І.Ес. ~ Құдайдың құдіретіне шәк келтірмесек те, біз — адамдар әлдеқашан бетімізді ашып алғанбыз. И.Сап.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШЕПКЕ ҰСТАДЫ
~ Аттанып шыққан жеріңді айт, аттандырған еліңді айт! Бетке ұстаған патшаң кім? Шепке ұстаған батырың кім? Мұнда келіп неге қағындың? Ғ.Біл.
ШЕТ КӨРМЕДІ
Дұрыс деп санады, қарсы болмады. ~ Әйтсе де жан баласына тіс жарып «иә, солай еді» демегені рас. «Наурыздың жолына құрмалдығым»,— деді. Жас келіншектің мұнысын ел шет көрмеді. М.Сүн. ~ Ұлбосын Күреңбайды онша шет көре қоймаса да, құлақкесті құл атанған жоқ- жітікке басын байлағысы келмей, ретім келмейді деп бірден меселін қайтарып тастаған. С.Ом.
ШЕР (ШЕРІН) ТАРҚАТТЫ
Қайғы-мұңын айтып, көңілін босатты. Не де болса, шалдар шер тарқатып, жастар думан-датқан торқалы тойдан ол сынып қайтты… Т.Әл. ~ Қаралы жиында сөз сөйлегендер Таласбек ағаның өмірі мен шығармашылығы, адамгершілік қасиеттері жайында шер тарқатты. БАҚ ~ Ініңізді қасыңызға алып жатыңыз да, шер тарқатып, емін-еркін әңгімелесіңіз, ағалық ақылыңызды аямаңыз. М.Қаб. ~ Дауысында әзілі де, кекесіні де қоса байқалды. Бұны Бұқабай қыздың беті бері қарағандығы деп ұқты. Енді тек уәдені көлитіп ең болмаса құшақтап, сүйіп, бір шер тарқату керек. С.Ел. ~ Қарияның бұл қылығын Нұрлан өзінше ұғынды: алты ай қыс мал ішінде күн өткізген шал, анда-санда түскен қонақтармен әзілдесіп шерін тарқататын болар, егер сараңдығы ұстамаса… З.Шаш.
ШЕР БОЛДЫ
Қайғы-мұңға айналды. ~ Берсін атам, малға сатпай, теңіме, Маған жолдас ол мал болмас, ер болар! Құр қызықсаң ата заты, тегіне, Көзің нұры балаң өмірі шер болар. М.Жұм. ~ Жігіттің әкесіне хабарлады, Шер болып кеудесінде сан арманы. БС "Кенжекей…" ~ Ертең кіндігімді кескен, ата– бабамның сүйегі жатқан қасиетті топырақтан әр қадам ұзаған сайын соның бәрі қосылып жүрегіме шер болып қататыны, өзегімді өртеп, қанымды қарайтатыны белгілі. О.Көш.
ШЕР БОЛЫП ШЕМЕНДЕНДІ
~ Ақтарыла жөнелгісі кеп күмбірлеп құлшынады. Көкірегінде көптен шер болып шеменденіп жатқан ащы запыран күйін домбыраның тілімен ағындап тұма бұлақша атылғысы бар. С.Ел.
ШЕР КӨКІРЕК
~ Арқадағы ақтүтек Айдағар жел бұл емес. Бұл емес шер көкірек, Қайда, кәне қараңғы үй? І.Жан. ~ Бұл жаңалыққа, жақсылыққа үрке қарайтын, талантты танығымыз келмейтін ежелгі әдетіміз еді. Осының бәрі шер. Шер көкірек қуысын мекендеп, берішке айналды, мезгілсіз дерт сыйлады. Ж.Шәк. ~ Алты жастағы баласы атқа қонса, апасы тақымын қысатын қазақы салтпен есейіп, шет жұртта шер көкірек болған талай ақын да ұлт азаттығын аңсап арманда көз жұмды. Ж.Шәк. ~ Адамдарға сақтана, үрке қарайтын сезіммен бұл әңгімелерді қаншама жыл жүрек түкпіріне бойтұмардай сақтап, жасырып жүрді. Соны айтқан, өлге-өлгенше «Сайқан-Сауырым» деп жылап өткен шер көкірек әкесі бұл пәнимен ерте қоштасты. Ж.Шәк.
ШЕР КӨҢІЛ, ШЕМЕН ЖҮРЕК
~ Мына жатқан әлгі олжалап келген балама, е байқұс-ай бұл да жұдырықтай болса да шер көңіл, шемен жүрек байқұс ғой, әйтеу қарнын тойдырып, көз-құлақ болып жүргейсің! Б.Жұм.
ШЕР ҚҰМАРДАН ШЫҚТЫ
Көңілі кеткен, әуес болған ісіне армансыз беріліп, қанағат тапты, ләззат алды. ~ Ол жолғыдай емес, мынадай иен тау ішінде, оңаша жерде ойындағының бәрін құсып, шер құмарынан бір шықты. Не бір и ауыз жаман сөздермен балағаттап, жерден алып, жерге салды. Ж.Сәм. ~ — Ұр мені! Соқ! Әбден шер құмарыңнан шыққанша төпеште! Сенің сол таяғыңмен күнәдан ада боп, әбден тазарып алайын да мен де кетейін бұл моладан. Батырайын қарамды…Ж.Сәм. ~ Аңырып тұрды-тұрды да, ат басын кері бұрды. Қарасаздағы сиыр фермасына төтелей салды. Исекеңмен кәукілдесіп, шер- құмардан шыққанша асығады. Ө.Кәр.
ШЕҢГЕЛІН САЛДЫ (-Е АЛДЫ)
Қолына қаратты; уысына алды; өктемдік жүргізді. ~ Ол уақытта аралдағы Англия азуын айға білеген арыстан еді. Бес бөлек дүниенің барлығына шеңгелін салып, ондағы әлсіз ұлттардың жанын қинаған қаныпезер еді. І.Жан. ~ Мүмкін, ауа райының осы қарбаласын пайдаланып, зұлым жау елімізге қанды шеңгелін салмақ болар. Б.Соқ. ~ Қолында қомақты әскери күші бар Шың Шысай орайды пайдаланып өлкелік үкіметтің уақыттық әміршілігіне қол жеткізді. Әрі барлық әскери билікті деөз шеңгеліне алды. Ж.Шәк. ~ Шалматай ақшаны да, малды да аямай төгіп ақырында осы Нәзипаға шеңгел салған. Бірақ Нәзипа оң жақтағы кезінде Шалматайдың құшағын қуантқан емес. І.Жанс.
