* Қызы Күлзипа сонда 17 шамасында шығар деймін. Орта бойлы, қара сұрлау, тік қабақ, сұстаныңқырап тұратын адам еді. Айнабай өзі кедей уақытында күйеуге беріп, соңғы кезде шел бітіп тәуірленген соң айырғысы келетін. Б.Майл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШЕКЕСІН ШЕРУЕН АТТЫРДЫ (АТТАНДЫРДЫ)
Сазайын берді; жерге отырғызды. ? * Қасым батыр қостаған соң Құлыш зорға қосылды. – Амал жоқ, ағаларым бұйырып тұр, бағың бар екен, болмағанда шекеңді шеруен аттандыратын едім. Ғ.Біләл * О жарық, дүние! Бостандық, құтылдым ба, құтылмадым ба деп кете беріп ойыма бір нәрсе сап ете түсті. Аға мен Омарбектің інісімін ғой, осы жерде чеканың да шекесін шеруен аттырып кетейін деп, түрменің батыс бет, көше жағына шықтым. Б.Қыдырб.
ШЕЛДІ КӨЗ
~ Қалаға келді бала жел мінезді, Таң қылып талай тайқы шелді көзді. Өзі де со бір желдей бас білмейтін, Содан соң алуан- алуан елді кезді. А.Әл. ~ Екі-үш рет ұшықтап жіберді. Сәлден кейін шалекең жыпылықтап шелді көзін жапсарлап аша бастаған тұста, тіпті елеуреп кетті. Ғ.Біл.~ О бастан ұнатамын желді өзім, Ашатын кей жандардың шелді көзін. Сенің де басылатын кезің келді, Менің де бастығатын келді кезім. А.Әл.
ШЕКЕСІН ШЫЛҚЫЛДАТТЫ (ҚЫЗДЫРДЫ)
Қызыққа кенелтті; рахатқа батырды. * Əсіресе бұл науқан ауыл артында ақ шатырда маңайы қара май сасып жататын Ахмет, Риза сияқты қырманшы абзилардың шекесін шылқылдатты… Ж.Айм. * Адалдығым ба десем, аңғалдығым екен ғой. Шекеңді қыздырды күткен қызың. К.Қаз.
ШЕЛЕКТЕП ҚҰЙДЫ
Толассыз, ағыл-тегіл жауған жаңбыр туралы. ~Тамшы ірі болған соң, қара нөсер шелектеп құя салғандай жауады; ақ жауын тамшы уақ болған соң, себезелеп, бүркіп, сіркіреп қана жауады. А.Байт. ~ Ағаш біткен қорқып кеткендей, жапырақтары сыбдырлап шайқалып, селк-селк еткендей болды. Сол сәтте кенет жаңбыр шелектеп құя жөнелді. І.Ес.
ШЕКЕСІНЕ ЖІП БАЙЛАДЫ
~ Мұхаңа келгенде біз ғана емес, жаңағы шекесіне жіп байлаған Белгілі Бегейдің өзі төбеге ұрғандай тоқтайды. Бір ауыз қарсы сөз айтпайды. Тіпті тіл тартпайды. Тікесінен тік тұрады. З.Қаб. ~ Түу, осы халтурщикке ме? Шет жерге осындай шанышқыдан жырылғандар, шекесіне жіп байлағандар келеді. Бұларды сахнадан қуу керек. Халық арасына мұндай сүреңсіздік емес, бояуы мол нағыз халықтық өнер әкелу шарт! — деп, Қабен алып-ұшып, көтерілді де кетті. З.Қаб.
ШЕМЕН БОЛҒАН ШЕР
~ Аманай қолы дірілдеп, қасыққа қондырғанын төгіп ала берді. Әкесі қабағын сәл жібітсе, шемен болған шер нөсерін төгіп, боздап қоя беретін түрі бар. А.Рақ.
ШЕКЕСІНЕ ТИДІ
Зәбір шекті, соққы алды. ~ «Ішің күйсе» деген сөз Сүлейдің құлағынан кеткен жоқ та, самғап бара жатқан боз тұлпардың әрбір тұяғы шекесіне тигеннен кем болған жоқ. Ішінен Жалауға өзін қоса бір сыбап алды. Ә.Әб. ~ Жер төңкеріліп бара жатқан секілді. Сілейген күйі не істерін білмей, құлақ шекесіне оқыс соққы тигендей есеңгіреген күйі тәлтіректеп кері шегінді. Д.Дос. ~ Тегінде, байлардың алдамшы сөзіне еремін деп шатасып барып, кейін опық жеген, былайынша айтқанда, шекесіне тағдырдың таяғы тиген адам тез түзеледі. С.Ом.
ШЕМЕН БОП ҚАТТЫ (БАЙЛАНДЫ, ЖАБЫСТЫ)
Ажырамас қайғы-мұңға айналды. ~ Осымен сөз бітті. Бірақ Шәмшігүлдің жүрегінде бір жай шемен болып қатып қалды. С.Шай. ~ Сен тасжүрек сияқты емес едің ғой!.. Ішіңде сыр боп қалған, шемен боп қатқан бір ғана нәрсе бар. Соны айта алмай, қиналасың. «Айтшы!» –деп қинағым да келмейді. Д.Рам. ~ Көптен бері көкірегінде шемен боп қатып қалған, сарғайып сарғайып болған сағыныш деген қу сезім жібіп сала бергені ме, бұл жаққа не мақсатпен келе жатқанын да ұмытқандай. Ш.Мұр.~ Бақыт… Адам байғұстың қиялы жеткен жердегі жақсы мен тәттіні бір бойына сыйғызған осы бір сөз қашан кісінің көңіліне шемен боп байланған сәтінен бастап, бастапқы мән-мағынасының бәрінен түгел айрылып, онсыз да кем қанағат, онсыз да өлермен пендені онан сайын жан алқымға түсіретін қайыс қамшыға айналатын көрінеді. Ә.Кек. ~ Зәуреш сол жүректегі шемен боп жабысқан сағыныштан туғанын Жазира түсіне алмай дал… «Қайтсем, не істесем?» дейді. Әйтсе де оны тоқтатар дәрмен жоқ. М.Сүн.
ШЕКЕСІНЕ ШЕГЕ ҚАҚҚАНДАЙ ЕТІП АЙТТЫ
~ Енді тартынатын ештеңе жоқ. Сырт көздің, өзге жұрт өкілдерінің алдында ыңғайсыз, өрескелдеу көрінетін кейбір сөздерді оңашада мыналардың шекесіне шеге қаққандай етіп, батыл айтуға болады. Қ.Жұм.
