Ата-анасына айнымай тартқан балаға айтылатын қошемет сөзі. (Кейде аталарының жаман қасиеттерін қабылдаған балаларға сөгіс ретінде де айтылады). * Сосын өзіне-өзі келгесін, қайтадан балаға төніп, көзінің қиығымен сығырайып Ботпайға қарады: – Бәтшағар, айнымай тартыпты-ау… Ой. ұқсамасаң тумағыр! О.Сәрс. * – Өй, ұқсамасаң тумағыр! «Ұры Тобықты, ұры Тобықты!» деп Керей, Уақ зар қағады. Қаршадай баласына шейін ұры болудың жөнін жете біліп тұр. Зар қақпай қайтсін Керей, Уақ!.. — деп өзі де күлді. М.Әуез. * – Ий, ұқсамасаң – тумағыр сорлы, әкеңнің сиқы анау, содан асып қайда барам дейсің! – деді кейісті болса да менің ендігі тағдырыма көндіккен дауыспен. Т.Сәу. * Мына отырған соның тұяғы. «Ұқсамасаң тума» деген сөзді бұрынғылар қалай біліп айтқан десеңші. О.Көш. ~ Жасыратыны жоқ, осыдан бірер жыл бұрын сирек те болса жол қапталында қалқайған қарағаш пен қаратал қарға да, қарғаға да пана болып тұрушы еді. Бірі де қалмапты… …Есіме әлгі Дешті қыпшақ көшпенділері түсе кетті. “Ұқсамасаң тумағыр-ай” десеңші?! И.Сап.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ҰЙҚЫСЫ ПЫРДАЙ, ЖЕЛКЕСІ ҚЫРДАЙ
Еріншек, маубас д.м. — Түу, Балбақ, тіршілігің жоқ байқұс екенсің ғой. Әй, ұйқың пырдай, желкен қырдай жалқауға лайықты-ақ адамсың. Б.Қыд.
ҰЙҚЫСЫ СЕРГЕК
Елеңдеп, мазасызданып, тез оянып кететін адам туралы. ~ Байшоқының ұйқысы сергек, күндегі әдеті таң сәріде тұрған. Үйде жақын туыстары Пірімжар қарт қонақ еді. З.Шүк. ~ Қарт адамның ұйқысы сергек болады. Ол кісі тұра салысымен таң сәріде самаурын қояды. Біз ұйықтап жатамыз. Б.Мом. ~ Әкем біраз жасқа келген, ұйқысы сергек мазасыздау адам еді. Ә.Сәр. ~ Иттің абалағанын, мотор гүрілін есіткен Мария Тереза жатқан жерінде алғаш тізесін құшақтап, үнсіз қалды, содан соң жамылған көрпесін лақтырып тастап, атып тұрды. Соңғы кездері оның ұйқысы сергек болатын. М.Кәр.
ҰЙҚЫСЫ ШАЙДАЙ АШЫЛДЫ
Бірден оянып, есін жиып алды, ұйқысы тарап кетті. ~ Өзім ондайда сергек ұйықтаушы едім, көзімді ашып алғанда ұйқым шайдай ашылып кетті. М.Әу. ~ — Жете қалсаң тік ұрма, шоқпарыңа тіреліп жығыласың. Қатарласа беріп, қара тұмсықтан қаға ұр… — деп әдіс те үйретіп үлгірді. Сарыбала жайдақ, ұйқысы шайдай ашылған, қасқырға көзіге ағызып келеді. Ғ.Мұст. ~ Қария мінген мезеттен ұйқысы шайдай ашылады. Әңгімелерін тамсана тыңдап, Кентауға жетеді. С.Қасымб.
ҰЙҚЫ БЕРДІ
Мазадан айрылды. * Бұлар желі басында осылай уәде байласқан. Күнбала қапаста жатқалы айдан асқан. Ұйқы беріп, қайғы алып, іш құса боп Жаманбай жүр. С.Омар. * Осыны ойлағанда Оспан ұйқы беріп, қайғы алып, қатты қиналатын. С.Омар.
ҰЙҚЫ БЕРМЕДІ
Мазасын алып, ұйықтатпады. * Шықты да балағаннан кәртең қатын, «Степан, — деді — бұл қай салтанатың. Батырға үйде жатқан ұйқы бермей, Отырсың өлеңдетіп, қайда ұятың?» Шәкәрім. * Атаманның қаздары қаңқылдай бастады. Оған мекіренген қоңыр үйректер қосылды. Әйтеуір ұйқы бермеді. Ғ.Мүс. * … есіктің жақтауын мысықша тырмалады, шертті, барабандатты, "ендеше, мен бүгін ұйықтамаймын, саған да ұйқы бермеймін сайқал! " — деп кіжінді. Ә.Тараз.
ҰЙҚЫ БУДЫ
Қатты шаршап, көзіне ұйқы ұялады; ұйқы қысты. * Еламан жаңа әлде жастыққа басы тисе ұйықтап кететін-дей көріп еді. Ой қажытып қатты қалжыратты ма, ұйқы буып жатып та ұйықтай алмады. Ә.Нұрп. * Көзі бір ашылып, бір жұмылып ұйқы буып маужырап отырған екінші жолаушы селк етіп, басын тұмшалап алған қасқыр ішіктің жағасын ашып жіберді. С.Жүн.
ҰЙҚЫ ҚҰШАҒЫНДА
Тәттә ұйқыға берілу туралы. ~ Бірақ мұны Шарапаттың естімегені айдан-анық. Ол өлі ұйқы құшағында еді. Т.Әлж. ~ Ботабек азаннан тұрып, тәтті ұйқы құшағындағы Мұңлықты оятпай, есікті жаймен ғана жауып, жұмысына тартқан. Н.Сер.~ Тәтті бір құмарлық алпыс екі тамырға жайылып, алды-артына қаратпай дуылдатып ала жөнелсін. Томпиып ұйқы құшағында жатқан Мәдеміге қарай аударылып түсіп, жұп-жұмыр қос анарға тұмсық тақап еді, сүт иісі бұрқырап қоя берді. Н.Сам.
ҰЙҚЫ ҚЫСТЫ
Ұйықтағысы келді, көзіне ұйқы тығылды. ~ Ауыз бөлмеде Бауыржанның атқосшысы. Николай Синченко үстел жасап, бес кісіге дәм әзірлеп отыр екен. Ұйқы қысып келе жатқан мен еденге жантая кетіп едім, Синченко иығымнан жұлқылады. Ә.Нұрш. * Ауылға жеткіміз келіп, түнімен қонбай жүрдік. Таң алдында бәрімізді ұйқы қысты. Сонда ұйқы ашар болсын деп ән салғанмын. А.Өтег. ~ Күн шыға шөпке жабысқан боз қырау еріп жылт-жылт етіп ат шашасын жуа бастады. Сәскеге таман бірырғақ жүрістен Хансұлуды ұйқы қыса бастады. С,Ел.
ҰЙҚЫ МЕҢДЕДІ
Қатты ұйқысы келді. ~ Ғұмыры ел құсап салған төсекке жатқанды білмейді. Түннін бір уағына дейін ұршық созып отырады да, әбден ұйқы меңдеген соң құлай кетеді. Ә.Кек.~ Тылсым тыныштық орнады. Бәрі шаршаған, бәрін ұйқы меңдеген сияқты. Н.Дәу. ~ Іргесінде албырап, таң алындағы тәтті ұйқы меңдеп, түшіркеніп- ақ жатқан әйеліне осы ғажайыпты айтпақ боп бұрылайын деп еді, шегелеп тастағандай аунай алмады. О.Бөк.
