Қолынан келгенді істеді, өйтіп-бүйтіп, амалын жасады. ~ Шешесі бұл уақытта ауыз жапқан жоқ. Кебісінің өкшесі тырп-тырп етіп, бір кіреді, бір шығады. Сөзді үстемелей төгеді. — Мына шағыл жұтпаса біз, мен кімге керекпін? Бес жылдан кейін келсең де, осы жерде түтін түтетіп, қоқып-соқып отыра берем. А-аа? Бес жыл дедім бе? Астағыпіралла, ауызыма қайдағы сөз қайдан түседі? Хат жазсаң, сүгіретіңді салып тұр. Сөйт, қағазыңды оқи алмағанмен сүгіретіңді танимыз ғой. Ж.Нәж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ҰЙҚЫ-ТҰЙҚЫ БОЛДЫ
Астан-кестені шықты. * Әншейінде, көш деген қаз, тырнадай тізбек-тізбек болушы еді. Қазір де алғаш жөнелгенде, мынау ел тобына лашын түйілген шүрегей үйректей, ұйлығып, қарбаласып, ұйқы-тұйқы боп кетті. М.Әу. * …жастар ұйымымен оларға ерген жас ұландар қызыл тулар мен жалауларын желпілдете көтеріп көкке бұлғағанда, кер қоңырдағы халық қызғалдақтай жел соғып ұйқы-тұйқы болды. І.Жанс. * Сонан соң… Құрысын, сонан кейін ұйқы-тұйқы болды да кетті! Қимылы шалт. Ә.Нұрп.
ҰЙҚЫ (ҰЙҚЫНЫ) СОҚТЫ
Алаңсыз, қалың ұйқыға берілді. ~ Кешке келгесін пырылдып ұйқы соғасың. Тамаққа тойғасын, басың қаупиіп тағы ұйықтайсың… О.Сәрс. ~Тұмсығын көрпе шетіне тығып алып, ұйқы соққан тарғыл мысық аяқ жақта қаперсіз бырылдайды. М.Қаб. ~ Іше берсең қымыз да мас қылады. — Айранға мас болып, пішен шабатынын ұмытып, бір тәулік ұйқы соққандар да бар… — Ха… ха… хық! Қымыз бен айран да харам болды ма? Т.Рыск. * Үй жанында дөңгеленіп алып, ұйқыны соғып жатқан сұр төбет басын көтеріп, «Тыныштық па?» дегендей маңқ етіп, бір үрді … К.Сегізб. * Тыр-тырлап от алып, оятып жіберетін трактор, машиналар бүгін үнсіз қаңтарылып тұр, сондықтан ит атаулы аула-аулада ұйқыны соғып жатыр — күн жексенбі! М.Қаб.
ҰЙҚЫ (ҰЙҚЫСЫ) ҚАШТЫ
Ұйықтай алмады, мазадан айрылды, тынышы кетті. * Тергеушіден ұйқы қашты, маза кетті, береке қалмады. С.Смат. * Төсегіне қайта жатқанмен ұйқысы келмеді. Тіпті ұйқы қашып кеткен. Далаға бірнеше рет шықты. Қайтып келіп тағы жатты, тағы ұйқы жоқ. Б.Бұлқ. * Күн райы бұзылайын деді ме, топшысы сыздап, сол қолы қағынды тигендей қайта- қайта селкілдеп, шошына берді. Ұйқы қашқан. Қ.Ысқ. ~ Тыныш ұйқыдан айрылды. ~ Мақпал қыздың қолынан бір шай ішу бәсекеге айналғандай. Мақпалы бой жеткелі Күржібайдың да ұйқысы қашқан. З.Шүк. * Онысына өзінің айқын сенімі де жоқ.Әйтеуір, ұйқысы қашқан адамдай орнынан ерте тұрып кетті. М.Әбдіх. ~ Тамақ жоқ. Жылу жоқ. Ашығып, алаңдап, әмбе дене тоңғаннан кейін ұйқы қаша беретін көрінеді. Ш.Рах. * Кілең күрең жорғалы, күдері белбеулі өнерлі достары көзі ілінсе іңірлетіп күй шалып, сан құбылтып ән салып жиылып келіп тұрғандай болады. Содан ұйқысы қашады. С.Смат.
ҰЙҚЫ БАСТЫ
Көзі ілініп, ұйқы қысты. * Шолғыншылық жасаған қиын, ұзақ сапардан соң соны ұйқы басады. С.Бақб. ~ Басымызды жастықтан көтеріп, ұйқы басқан көздерімізді уқалай сала дауыс шыққан жаққа қарасақ, Хасеннің ауласына қарақұрым халық жиналып қалыпты С.Им. * Ұйқы басып ұйықтап қаламыз ба деп қорыққанымыз әлі есімде, күн ысымай тұрып ертесімен шығып кетуіміз керек еді… И. Бун. * Менің ойымша, өздерінің қарауыл мұнараларында , ұйқы басып есінеп отырған казак-орыстар беталдына шауып жүрген мені көріп кім екенімді айыра алмай азаптанған болуы тиіс. М.Лерм.
ҰЗЫН СҮРЕ ӘҢГІМЕ (ХИКАЯ)
Жақында бітпейтін ұзақ сөз, әңгіме, хикая. * Бұхар мақамына салып, ұзын сүрені жатқа созып отырды. Б.Қыд. * – Ол бір ертерек жаугершілік заман еді ғой. Нұрымбет ұзын сүре әңгімеге түсіп кетті. З.Шүк. ~ Әғке, ол кісі сізге не жақсылық істеді? — деп сұрап едім, әкем: — Ол бір ұзын сүре хикая — деп елтірі тымағының милығын көтере бүктеп қолдан қалпақ жасап киді де, әңгімесін бастады: — Оған да біраз жыл болып қалды. Қоянды жәрмеңкесіне келдім. С.Бег.
ҰЗЫН ТҰСАУЫ ҚОЛДА
Әлдебір себептермен біреуге тәуелді, кіріптар, бағынышты болған адам туралы. ~ — Бүркітбай! Бұл жолы сөз қозғамай-ақ қояйық. Ұзын тұсауы қолда ғой, қайда барар дейсің, сен Асқардың ізін аңдып, сол жаққа барып қайт, неғып отыр екен? С.Мұқ.
ҰЗЫН ЫРҒА
Ұзаққа созылған. * Оның осымен тоқтап қалмайтынын, бұндай ұзын ырғаның артында жақсы жалғасы болатынын іштей сезіп, ауылдан келген сыйлы қонағымның аузына қарап, құлшына құлақ түремін. О.Сәрс. * Ә, бәрекелді, жеткіздің балам, ұзын ырғаңнан би атаңның лебіз ырғағын танып отырмыз. Ғ.Біл. * Қазақтың ұзақ ғасырлық ұзын ырға тарихында көреген көсемдігімен де, айрықша адал адамгершілік ақыл-парасатымен де … тұтас бір рулы елдің ұранына айналып кеткен әйелдер бар. БАҚ
ҰЗАҚТЫҢ САРЫ КҮНІ
Таң атқаннан түн жамылғанша. ~ Еркектігін бір күні көрсетер деп Бике көп күтті, үйіне кірген сайын қанжарын жанына ұстады. Бірақ қанды көз ұзақтың сары күні басқа еркектермен жұмысқа алданып, жатар алдында ғана қор-қор тартып шығуға, қатынына кіретін болды. Ж.Айм. ~ Оның еңбегі де еш болған жоқ: ұзақтың сары күні құм жуған оның бақырашына, алтынның үгіндісі кейде ілікпеген, кейде аздап ілекті. С.Мұқ. ~ Ұзақтың сары күнінде аң баласын ұшырата алмай, әбден ынтызары құрыған мерген көп ойланып тұрган жоқ, мылтығын кезеніп, нысанаға алды да, киікті басып салды. М.Әбд. ~ Ұзақтың сары күнінде аң баласын ұшырата алмай, әбден ынтызары құрыған мерген көп ойланып тұрған жоқ, мылтығын кезеніп, нысанаға алды да, киікті басып салды. С.Ом.
ҰЗАТЫП САЛДЫ
Біраз жерге жеткізді, шығарып салды. * Қойшы, сол қырқылжыңмен қысқы сессияны ұзатып сап, көктемнің қыр арқасына қол іліктірдік. М.Қаб. ~ Биік үйлердің үнемшіл терезелері бірінен соң бірі жалпылдап өше бастаған. Жақып пен Петр шалдың қарасын едәуір ұзатып салды. Қ.Ысқ. ~ Азанғы шәйін апыл-ғұпыл ішкен Амантай жұмысқа асығыс аттанып кетті. Мәдемі алғашқы түннің балдай тәтті ләззатын бірге татқан жігітті көзбен ұзатып салып, қуана күлімсіреп тұр. Н.Сам.
