Posted in

ҰЗЫН САРЫ

Көктемнің көк өзек, шаруашылыққа, күнкөріске ауыр мезгілі. * Қар түсісімен Омбыдан, Қызылжардан қыс бойы кіре тартып, ұн жинайтын кәсібім бар. Ертең — жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы — ұзын сары келгенде, ұнның бір пұлы — бір жылқы, бір қадағы — бір қой. С.Жүніс.

Posted in

ҰЗЫН СОНАР

Ұзаққа созылған, таусылмастай ұзақ, әбден мезі қылған (әңгіме, сөз, оқиға). * Өз болысы жасырғанмен, көрші болыстар біліп отырады, — деп ұзын-сонар жалпы сөзге салып кетті. Ж.Айм. * Баласының күмбезіне тақап келіп тізерлеп отырды да, әлдебір ұзын сонар аят бастады. Т.Әбд. * — Е, келіп тұрады ғой, — деп, Өтекең ұзын сонар әңгіме бастайтын раймен бір қозғалып, жайғаса отырды. Б.Тоғ. ~ Алдарында — көшпелі елдің арқасын кеңге салып сайрандайтын ұзын сонар жаз. Тойлы, ойын-күлкілі, әсем айлы түңді, ыстық сезімге толы думанды, қызық жаз. С.Елу. Бұрынғы түндерде экскаватор шөмішінің салдыргүлдіріне «КрАЗ», «БелАЗ-дардың» ыңыранысы қосылып, құлаққа жағы сембейтін ұзын сонар уіл келіп тұрушы еді. Қазір тым-тырыс. Өлкенің жүрегі тоқтап тұр. М.Қаб.

Posted in

ҰЗЫН СОНАРҒА ТҮСТІ (САЛДЫ, АЙНАЛДЫ)

Алысқа созды, бітпес кепті бастады. * – Бөрібай Ержанға ұйықта десе де әңгімеге құмартқан түрі бар, ұзын сонарға түсіп барады. Т.Ахт. * Яғни мыңдаған ұп-ұсақ тамырлары ісінген. Тегеш сол себепті кептеліп қалған. Яғни…- деп ұзын сонарға салады. Тегі, аткөпір білімін қайда жұмсарын білмей жүрген жас дәрігерге ұқсайды. М.Қаб. * Қабдолладан басталған әңгіме ұзақ сонарға айналып бара жатқасын соны тақырыпқа аударып жібердім. С.Омар. * — Ұзын сонарға салып еді, мұндай ұсақ-түйек кикілжіңнен әбден ығыр болған майор Бакин: — Пәтерді әйеліңіз іздейді. Сіз келгенше жоражолдастарыңыздың үйін паналай тұрады,— деп, төте тартты. М.Қаб.

Posted in

ҰЗЫН СӨЗДІҢ ҚЫСҚАСЫ

Тоқ етерін айтқанда. ~ Ұзын сөздің қысқасы, ақырында Жамал Ғалидың жазған сөздерін қабыл алып, қарсы жауап та жазып, ертеңінде манағы жігітке тапсырды. М.Дул. ~ О, тоба… – Әйел жағасын ұстады. – Бұ қай сөзің? – Ұзын сөздің қысқасы, қызың Қожаниязға көнбесе, Қарағандыға кеткені кеткен. Н.Дәут. ~ Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, жігітке жұтаң соғыс кезіндегі ауылда өсіп, сұрапыл шақта бозбаламен қатар тұруға үйренбегендіктен және олардын қыз алдында өздерін қалай ұстайтындықтарын көрмегендіктен бе… Ә.Нұрш.

Posted in

ҰЗЫН СӨЗДІҢ ЫРҒАСЫ (ҰРҒАСЫ)

Көп сөздің мағынасы, түйіні. ~ Ұзын-сөздің ырғасы, мына әңгімеден кейін келіншек барын алып, артығын бөктеріп, төркініне кетіп қалады. Н.Дәут. ~ Балам, жасым болса келіп қалды,- деп Байбосын ұзын сөздің ұрғасын әдеттегі белгілі сылтаудан бастады. С.Жүн.

Posted in

ҰЗАҚТАЙ ШУЛАДЫ (ШУЫЛДАДЫ)

Айғай-ұйғай болып, шу көтерді. * Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Абай. * Айдауылдар келіп әкеткенде, артында қалған жанашырлары мен жақындары «ұзақтай» шулап жылағанда: «Алауыз болса ағайын, Ынтымақ күтіп тұра ма? Жолын берсе бір Алла, Орыс тонын береді» — деп еңіреген елді жұбатады. А.Ахметжанұлы. * Жер ошақта, нән қара қазанда майы шыжылдап, қуырдақ қуырылып жатыр. Бала-шағалар ұзақтай шуылдап, шүпірлеп жүр. Т.Әл.

Posted in

ҰЗАҚТЫ ТҮНДЕЙ

Түні бойы, таң атқанша. * Ол не көріп, не біліп өсті? Кең дала… көк дала… сары дала… сағым. Төрт түлік мал… соғым. Қысы-жазы киіз үй. Ұзақ түндей өзгерісі жоқ өмір. Сарыала етек сарпылтаңға көндігіп кеткен қазақ әйелі. Ғ.Мүс.

Posted in

ҰЗАҚТЫҢ САРЫ КҮНІ

Таң атқаннан түн жамылғанша. ~ Еркектігін бір күні көрсетер деп Бике көп күтті, үйіне кірген сайын қанжарын жанына ұстады. Бірақ қанды көз ұзақтың сары күні басқа еркектермен жұмысқа алданып, жатар алдында ғана қор-қор тартып шығуға, қатынына кіретін болды. Ж.Айм. ~ Оның еңбегі де еш болған жоқ: ұзақтың сары күні құм жуған оның бақырашына, алтынның үгіндісі кейде ілікпеген, кейде аздап ілекті. С.Мұқ. ~ Ұзақтың сары күнінде аң баласын ұшырата алмай, әбден ынтызары құрыған мерген көп ойланып тұрган жоқ, мылтығын кезеніп, нысанаға алды да, киікті басып салды. М.Әбд. ~ Ұзақтың сары күнінде аң баласын ұшырата алмай, әбден ынтызары құрыған мерген көп ойланып тұрған жоқ, мылтығын кезеніп, нысанаға алды да, киікті басып салды. С.Ом.

Posted in

ҰЗАТЫП САЛДЫ

Біраз жерге жеткізді, шығарып салды. * Қойшы, сол қырқылжыңмен қысқы сессияны ұзатып сап, көктемнің қыр арқасына қол іліктірдік. М.Қаб. ~ Биік үйлердің үнемшіл терезелері бірінен соң бірі жалпылдап өше бастаған. Жақып пен Петр шалдың қарасын едәуір ұзатып салды. Қ.Ысқ. ~ Азанғы шәйін апыл-ғұпыл ішкен Амантай жұмысқа асығыс аттанып кетті. Мәдемі алғашқы түннің балдай тәтті ләззатын бірге татқан жігітті көзбен ұзатып салып, қуана күлімсіреп тұр. Н.Сам.

Posted in

ҰЗЫН АРҚАН (АРҚАУ), КЕҢ ТҰСАУ

Жайбарақат жүру; тиісінше мән бермеу, көңіл аудармау, еркіне жібері. ~ Дүмшелер домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халық-тың үйреншікті зауықтарына дейін күнә деп тыйғысы келген. Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған. А.Байт. ~ Ондайлармен Ырғызбай іші бірен-сарандап құда, жекжат боп алып та, «ұзын арқау, кең тұсау» жасайды. Кейде әдейі өздері түртіп, бір бәлеге ұрындырып, одан тағы өздері құтқарып алған боп та баурына тартады. М.Әу. ~ Қазақ балаларына ана тілі ғана қазақша оқытылады да, қалған пәндердің барлығы қытайдың мемлекеттік тілінде оқытылады. Оны заңдық тұрғыдан терістей алмайсың. Ұзын арқан, кең тұсау – Қазақстанда ғана бар. Н.Мұхамедханұлы. ~ Ұзын арқан, кең тұсаумен үш жыл жүріп, аудан ПМК- сы Жосалының Мәдениет үйін өліп- талып зорға бітірді. К.Хамз.