Posted in

ОРНЫН БАСТЫ

Біреуді алмастырды; орнына жұмыс істеді; мұрагерлік етті. * Бас зоотехник еді, колхоз бастығының кенеттен жүрегі тоқтап қалып, соның орнын басқан. Н.Дәу. * Соғыс кезінде мектепті тастап, майдандағы ер-азаматтар орнын басып, колхоз жұмысына араласып кеткен. Н.Сер. * Тек сақ болғай. Жүрген іздерің білінбесін. Таң қараңғысымен, ел тұрмай аттанып кеткендерің жөн болар. Ертеңнен қалсаң орнын сипайсың. Б.Тоғ. * Бірақ, «орнында бар оңалар» деген. Әлпеш жақсы оқып, анасын қуантса, әке орнын басса үлкен бақыт емес пе? Н.Сер.

Posted in

ОРНЫМА ЕГІН ЕК

Мені құтылып, марқадам таппассың д.м. ~ Сен сығырдан көрге түссем қашып құтылмайтын шығармын! Салатын штрафыңның мөлшерін айт та тыншы! — Сені көр де түзетпейді. Әттең, түрмеге апарып тықса! — Аузыңның жаманын! Сонда менің орныма егін егерсің! Қ.Ысқ. ~ Қош бол! Менің орныма егін егетін болсаңдар, мен енді бұл қарғыс атқан қаладан кетемін. Екі жүз жылқының ақшасын ертең мына Шәнішевтің қолынан аласың. Қ.Жұм. ~ Жарайды, мен-ақ кетейін бұл арадан. Өзімнің де ауданға көшкім келіп жүрген, колхозыңның к… көрдік, – деп Қарабет таңқылдап тұрып күлді. – Менің орныма егін егіңдер. Бірақ сонымен жетіскендеріңді көрермін. С.Жүн.

Posted in

ОРНЫҚТЫ СӨЗ

Дәлелді, байыпты айтылған, ұғынықты пікір. ~ Әлгіндей болмай Түсіп жуасып, қарындасының дәлелді, орнықты сөзіне қарсы дау айта алмай қалды. «Көкем мені қолдар еді» дегені жанына батып кетті. М.Сүн. ~ Жұртты орнықты сөзімен де, ісмерлігімен де тәнті қылатын Мазақты жалғыз Ахтан ғана емес ауыл жастары көп төңіректейді. Ө.Кәр.

Posted in

ОРНЫҚТЫ АДАМ (КІСІ, ЖІГІТ)

Сабырлы, байыпты мінзді, тыңғылықты адам. ~ Кісі болғанда, жүзі жылы, мейірбан, кісілікті кісі тәрізді. Аз сөйлейтін, көп тыңдайтын орнықты адам болса керек. З.Қаб. ~ Жүріс–тұрысы нық, сөзі санаулы, санасы шайдай, бетіңе қасқайып қарайтын отырысының өзі–ақ көңілге сенім ұялататын кесек мінезді танытқандай. Отағасы орнықты адам екен… Қ.Ыс. ~ Қайтесің, мінез ғой. Жер қозғалса қозғалмайтын орнықты кісі. Салқын емес, сабырлы! – деп басу айтады. З.Қаб. ~ Ол ешқашан да елден бұрын байбалам салып басын тоқпақтамайтын, әр нәрсеге өз кезінде ғана әрекет жасайтын орнықты жігіт еді. О.Бөк. ~ Костер жақтық, әңгіме айттық. Тамаша болды. Әбдір 102 дивизиядан екен ғой. Орнықты, ақылды жігіт. М.Сүн.

Posted in

ОРНЫ ҮҢІРЕЙДІ (БОС ҚАЛДЫ)

Орны ойсырап қалды, орнын ешкім баса алмайды; жоқтығы жан ашытады д.м. * Көңілге сүйеу көріп жүрген малдан үштің біріндей болып ажарлы жуан алты бірдей қара шыққанда, орны үңірейіп қалғандай болды. Қара қатынның да, Бақтығұлдың да іші қатты ашыды. М.Әу. * – Міне, орны үңірейіп бос қалды! – деді бұл профессордың төрдегі столына қараған қалпы даусы дірілдеп. – Енді оның орнын ешкім де толтыра алмайды. Т.Сәук. ~ «Жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың» демекші, баяғы достардың орны үңірейіп, ойсырап тұр. З.Нұрт. * Зерттеулердің және зерттеушілердің Ақаңның өнеріне тереңірек бойламауынан болар, оның қазақ саз өнері тарихындағы орны үңірейіп тұр. Бұл сала да жетім қыздың күйін кешіп жүр. Ж.Баб.

Posted in

ОРНЫ ТОЛМАС ӨКІНІШ

Дауасы жоқ уайым-күйініш. * Дабыра-даңқ шығармаса да, ыждаһатпен жасаған бұйымдары көзіңе қуаныш ұялатады. Осыны да танып, бағалай алмай келеміз-ау. Бұл да орны толмас өкініш… Қ.Тол. * Мына жарық дүниеде жарқын өмір кешіп, ақ бас теңіздермен Украинаны не Парижді , не Тайганы, Қарақұмның шөлдерін көрмеу — орны толмас өкініш қой! С.Баяз. * Жұртшылығымыздың соңғы кезде маңызды мақалаларды оқымайтын боп кеткені біз үшін орны толмас өкініш екені өзінен-өзі түсінікті. Ғ.Қаб. * Өзі өмірінен орны толмас өкініш тауып, күйіп отырған, қарақат көз, бейбақ қыз мына сөзге төбесінен жай түскендей боған. Ж.Ахм. ~ Сол азалы үн үдей өксіп, орны толмас өкініштің лебіндей шегін тарта сарнайды. Қаз.Ерт. («Ақсақ құлан»)

Posted in

ОРНЫ ТОЛМАС

Жоқтығы қашан да білініп тұратын д.м. * Естісе, Мен кедейді шауып алмас, Шапса да дәл әнімде дауы болмас. Жалғыз-ақ күндіз-түні ойлайтыным — Іштегі қайғы-шердің орны толмас… Б.Тоғ. ~ Оның арты орны толмас өкінішке бастайтынын тағы саралап жатпайды. Т.Әлж. ~ Ал осы фактілерге дәлел болар, сол ме- даль, документтердің көпшілігінің із-түзсіз кетуі орны толмас нәрсе емес пе? Ш.Уәл.

Posted in

ОРНЫ ТОЛДЫ

Қалпына келді. * Шаруасы шын жүдеп шыққан жылы, аржағындағы арғын-қыпшақтан жылқы алады… Ортайған деулеттің орны солай толып, енді бір жылы қайта байып дүрілдеп шыға келетін еді… З.Шүк.

Posted in

ОРНЫ ТЕҢ

Бірінен-бірі артық не кем емес. * Бар баламның орны тең еді. Ханжігітіме не болды, соны айтпадың ғой. Ғ.Біләл.

Posted in

ОРНЫ КЕЛГЕНДЕ

Орайы, ретіне сай. * Және бәріңе айтарым, әркімнің өзіндігі болуы шарт, орны келгенде өз пікірлеріңді ашық білдіріп, айтысқа, тартысқа түсуден тайсалмаңдар. З.Қаб.