Жөні басқа; өзгелерден артық; мәні өзгеше. ~ Дінімізде Құран сөзі – Құдай сөзі деп есептелінеді. Оларды әрбір мұсылман жадында сақтап, жатқа білуі керек. Ал ата дәстүріміздің орны бөлек. Ол бойдағы туа біткен қасиет деп түсінемін өз басым. Ж.Баб. ~ Ұл өсіріп, қыз өсіріп, оның қызығын көргісі келсе, айып па? Сегіз жігіттің серкесі, бес ауыл Әліқұл тұқымында орны бөлек бала еді. З.Шүк. ~ Дәл сол шақта «жау жетті» деген айғай естілді. Шіркін, ел-жұртқа бас-көз болған көсемдердің орны бөлек екен ғой. Ғ.Біл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОРНЫ БІР ТӨБЕ
Маңызы, мәртебесі, қадір-қасиеті басқадан гөрі жоғары. * Көңілі жүйрік Таңсыққожа, Сегіз Мақпал қыздың жағдайын айтқан соң – ақ, аржағын түсінді. Жаманкөзге қараған ауылдың жігіттері ішінде Сегіздің орны бір төбе еді. З.Шүк. ~ Олардың арасында төске салса бас алған алмас қылыш Наурызбайдың орны өз алдына бір төбе. С.Ақт.
ОРНЫ БАР
Өзіндік маңызы, беделі, атағы бар д.м. ~ Және бір ой қинайды. Баспа директоры маған қарағанда жасы ересек адам. Әдебиетте аты, орны бар. Б.Соқп.
- Себебі, сылтауы бар. ~ Көзі жалтылдаған қара торы әйелдің шапшаң қимылдап, үйге асығатын орны бар. Өңкей уақ бала от басында қараусыз қалатын. Ү.Жәл.
- Реті, қажеті, қисыны бар. ~ Марқұм қажының дін туралы қылған істерін түгел айтып, бұл кітапшаға сыйғыза алмаспын, қазақ ішінде атын үш жүздің қазағы түгел білетұғын орны бар еді, бірақ бұл күнде ертегі сөз сықылданып ұмытылған шығар», – деп жазды. Т.Жұрт.
- Қайда жұмсалатыны алдын-ала ойластырылып қойды деген мағынада. ~ Құдайберген жақында алып келген төрт метр тұтас қалың қара шұға бар еді, Айша соны сандықтан алып, бір метрден астамын қиып алды. – Оны қайтесің? — деді Құдайберген ұнатпай. – Орны бар. Т.Ахт.
ОРМАНЫН ОТАДЫ
Ойранын шығарды. ~ … Алтайды аласартып, орманын отап кеткендей құлазып қайттым. Қатынқарағай иесіз қалғандай. Қ.Ысқ. ~ Шыңғысхан шапқыншылығы қыпшақ даласын да өрттей шарпып, ормандай отап, жалмауыздай жалмады. Д.Рам. ~ Соның біріндегі қала көктемінің сұңғыла суреттемесін Мұхтар Абай өлеңдеріндей құныға жаттап алған: «Бір шағын мекенге бірнеше жүз мың адам жиналып, өздері бауыр басқан сол жердегі әбден аздырыптоздырмақ боп қанша тас лақтырып, төскейіне түк шықпасын деп қылтиып өскен көгіне дейін тып– типыл қиып тастаған қу тақырды тас көмірмен бықсытып, мұнаймен түтіндетіп, орманын отап, барлық малын қуып, құсын үркітіп ұйқы– тұйқысын шығарғанмен, бәрібір – көктем тіпті қалада да көктем еді». З.Қабд.
ОРМАНДАЙ ТҰНЖЫРАДЫ
Қапа болды, қайғы басты. * Қара жартастың түбінде екі тізесін құшақтап отырып қалған оның қабағы сүңгі басқан қара ормандай тұнжырады. Ғ.Біл.
ОРМАНДАЙ СЫҢСЫҒАН
Иін тірескен, қаптаған көп. * Ар жағында аламаны жер-көкке сыймай шүршіт тұрмаса, жоңғарды бүйтіп масайратып қояр ма еді! Құмырсқадай құжынаған шүршіт ормандай сыңсыған орыстан да көп. Ә.Кек.* Асаудың бұл болмашы әрекеті көшеде ерсілі-қарсылы етіп жатқан әсем сөмкелі ақ білекті келіншектердің, қалпақтары шекелерінде осқырысқан еркектердің, сауырларына жарты шоқы май бөксерген жеңгелердің назарынан тыс қалды. Ормандай сыңсыған осынша елдің ортасында тұрып жүрек еті сазып қатты жалғызсырады Асау. С.Елуб.
ОРМАНДАЙ ОТАДЫ
Жалмап-жеді, құртты. * Шыңғысхан шапқыншылығы қыпшақ даласын да өрттей шарпып, ормандай отап, жалмауыздай жалмады. Д.Рамаз.
ОРМАНДАЙ ОРЫС
Саны көп, қаптаған қалың орыс елі туралы. * Ормандай орыспен осы күнге дейін тайталасып келе жатқанда, борбайлап босып келе жатқан боз өкпе қазаққа жүрегі шыдамай, оларға не көрініпті? Ә.Кек. * Бұл қазақты қойсаңшы! 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні тәуелсіз ел болдық, енді өзіміздің ата заңымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз қайта жазылады, шығыстағы шүршітке, түстіктегі қоқан, хиуа ләшкерлеріне, терістіктегі ормандай орысқа жалтақтап, былайғы күніміз не болар деп уайым жемейміз десіп төбесі көкке тиердей боп жүр. Д.Досж. * Кешегі қалың ұйысқан қалмаққа, қытайға қарсы әуелі ырғағы мықты сөзін қару ғып жұмсаған ел осы қазақ емес пе? Ормандай орыс киелі сөзді де, намысты да кебіс ішіне салған ұлтарақ етті. Д.Досж.
ОРДАҢ-ОДЫРАҢ МІНЕЗ
Ұнамсыз, дөрекі мінез-құлқ~ Тіпті, елдің алды жұрт ауыстырып, жылыстап, күземдеріне беттескен. Күз күземдеріне беттескен қазақтар әлі ырық бермей, ордаң– одыраң мінезде жүр. О.Бөк.
ОРМАНДАЙ (ҚАРА ОРМАНДАЙ) ҚАЛЫҢ
Құжынаған көп. * Қаратауды теріскей айналып, сонау Торғай мен Ертіс арасындағы салқын белдер мен саумал көлдерді сайрандай көшкен жойқын орда — ормандай қалың Орта жүздің қара құрым тобы
қаптағайлар-ды. Ә.Кек. * Міне, мыңғырған мал талауға кеткен соң, қара ормандай қалың ел жусап түскен соң, қасқырына дейін аштан өлген кең дала, тұқымы құруға тақаған азғана киікке оңаша тисе керек. М.Мағ.*
Қысы-жазы мұз кетпейтін суық теңізден Ертіске дейін қанатын жайып жатқан халық, шынында да, жұрт айтып жүргендей, ормандай қалың болса болар. Ә.Кек. * Жер мен ел ғана емес, бiр бастарыңның амандығы үшiн өздерiңнен тiрiдей айрылған аналарың, тiрлiктiң ыстық-суығын бiрге татысқан қара ормандай қалың ағайын, туысқан-туғандарың да қалып барады. К.Сегізб.
ОРДАҢ-ОДЫРАҢ МІНЕЗ
Ұнамсыз, дөрекі мінез-құлық ~ Тіпті, елдің алды жұрт ауыстырып, жылыстап, күземдеріне беттескен. Күз күземдеріне беттескен қазақтар әлі ырық бермей, ордаң– одыраң мінезде жүр. О.Бөк.
