Қауқар-қайраты мол, жалындап тұрған жігіттік шақ туралы. * — Мақсатың билік болса. Оған да жетерсің. Асықпа. -Асығу керек, асығу. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» дейді біздің қазақ. Ертеңнен бастап орда бұзуға кірісемін. С.Досан. * Егер аштық болмағанда Ахаңның есебі бойынша біздің халықтың саны отыз миллионға таяп қалар еді. Оның үстіне жазықсыз жазалау жылдары қаншама қазақтың орда бұзар жастары мен қамал алатындары қыршын кетті. Ж.Баб. * «Бұлқынатын жерде бұлқынбай, бұғып қалсақ, анадан ұл боп туғанымыз қайсы, апа! Тек жүрген жақсы, әрине, бiрақ орынды тұсында орда бұзар «тентектiктi» де бiреу iстеу керек қой. Қойда да серке болмай ма бастайтын!» Т.Сәук.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОРҒЫП ЖҮРГЕНДЕ ОРҒА ҚҰЛАДЫ
Ойнап, асыр-салып жүріп жамандыққа ұшырады. ~ Бетіне бажырая қараған ешкім болмаған соң, жайыла шалқыды. Әй,
аңқаулық-ай, арандайтын оппаны аңдамапты. Өр кеудесін тік ұстап, орғып жүргенде орға құлапты. Айласыздығына ғана өкінеді. Аңғырттық аяғына түсау салды. Қ.Тол.
ОРҒА ҚҰЛАТТЫ
Арамдық жасады; жаманшылыққа итермеледі; опат қылды. * Рас, қазақты әуелі, ең болмаса, тамақсаулығыңмен таңғалтып алмай тұрып, бір нәрсеге иліктіре, иландыра қоюың қиын-ақ; ал енді айтқаныңа бір еліктіріп алдың екен, ертіп апарып орға құлатып, жұлын омыртқасын үзіп кетсең де, саған аузын ашып, көзін жұмып тамсанғанынан таймайды. Ә.Кек. ~ Бақ бесігі тербемегенде, Жақыныңды жерге бергенде. Досың шалып орға құлатып, Шығамын деп өрмелегенде, Ауыр, жаның ауырады. М.Айт. * — О, аңғал сорлы!—деді Қарсақ өтірік күле сөйлеп, — сорлы аңғалдың өзін-өзі орға құлатқалы тұрғанын қара. Ә.Әбіш.
ОРҒА ҚҰЛАДЫ (ТҮСТІ )
Шалыс басып, опық жеді; алданды; құрулы қақпанға түсті. ~ Тек қайран сұңқарымыз қапияда торға түсіп, тұлпарымыз аңдаусыз орға құламасын де. С.Ақт. ~ ~ Бетіне бажырая қараған ешкім болмаған соң, жайыла шалқыды. Әй, аңқаулық-ай, арандайтын оппаны аңдамапты. Өр кеудесін тік ұстап, орғып жүргенде орға құлапты. Айласыздығына ғана өкінеді. Аңғырттық аяғына түсау салды. Қ.Тол. * Өстіп жығылып-сүрініп өмір сүргенінің өзі қызық. Қызық болмаса — баяғыда-ақ «болдым, қойдым» деп, суішкілік соңынан сүмеңдеп жүріп орға түсіп опат болары анық еді. Д.Досж
ОРҒА ЖЫҚТЫ
Запа шектірді; пәлеге апарды; өкінішке ұшыратты. ~ Өтірік, көз алдау ақыры орға жықты. БАҚ ~ Кейде тойым, қанағат білмей, асқардан ассам, күндесті аяққа бассам деп күпініп, тыным көрмейміз, содан, сөйтіп құрулы қақпанға барып түсеміз, әйтпесе біреуді орға жығамыз… О.Сәрс.
Арандатты, опат қылды, жамандыққа ұшыратты. ~ Обалыңа қалып, орға жыққанымды қайтейін! Жартыкеш жаныңа таяныш болудың орнына, қосыла дүрелескенімді қайтейін! Ө.Кәр. ~ — Қой ары, сандалмай! — Ахмет қарт немересін жаңа көргендей шақшиды. – Құлашөл саған ойыншық деп пе ең?! Мұндайда ойсыз тәуекел орға жығады. Б.Ыб. ~ – Біз Мәмбет болыс екеуіміз өзімізді қайтып тұра алмайтын орға жығатын қара дауылға қарсы шықпай, дүниенің аңысын аңдиық деп шештік. К.Сег.
ОРҒА ЖЫҒАР
Жақсылық әкелмейтін, әйтеуір бір өкіндіретін іс, мінез (ашу т.т.) ~ — Орға жығар адуын ашу емес, ордаға енгізер алғыр ақыл керек казір. Сондықтан сабыр сақтап тыңда, шырағым. Осы елдің сорпаға шығарлары текке жиналған жоқ бүгін. Өзіңнің алдыңнан өтіп, акылдасар жұмыс бұл. С.Досан.
ОРАШОЛАҚ ТІЛ
Жөнсіз, епсіз айтылған ой. ~ Адам Атаның орашолақ тілмен лаждап жеткізген ілтифатына ырза боп кеткенде, тым құрыса, қазіргідей бомба жарып, темір тұяқ танкілер тапап жатса да мыңқ етпейтін құдайдың қара жері де емес, көк мұзға шалқалап жата кеткені тегін бе еді? Ә.Нұрп.
ОРАШОЛАҚ АДАМ
Ештеңеге ебі жоқ, аузынан сөзі, қолынан бөзі түскен адам. ~ Қодар қиналып, қатуланған соң Жәмпейіс өз естігенін тегіс айтқан жоқ. Және айтам десе де, өзі сөз білмейтін, сөзін кісіге ұғымды қып айта алмайтын аса бір орашолақ адам еді. М.Әу. ~ Баладан тек бір ұл, бір қыз ғана көрген Сәркен отбасы қамын да ойламайтын орашолақ адам болған дейді. Ү.Жәл.
ОРАСАН ЗОР
Айрықша үлкен. * Тағы бір жолы ол мұздай қаруланған миллион алты жүз мың жауынгерден тұратын орасан зор, айбынды армиямен айқасқа түсіп, бәрін түгел қойдай қуып, тырқыратып жіберген. М. Серв.(ауд.) ~ Күн санап, ай санап, жыл жылыстап ұшқан құстай дамып отырған ғылым-техника, заттық мәдениет адамдар санасына орасан зор дәрежеде әсер етті. Б.Боп.
ОРАП АЛАДЫ
Асып түседі; әлдеқайда артық. * Жасырып қайтеді, мұнан екі жыл бұрын: «Менікі осы не тыртыңбай, оттан, судан, автомобиль апатынан мені сұлу көркімен он орап алатын арулар да ажал құшып жатқан жоқ па. Шешеме масыл болғанша…» деп әлдекімге міндет артпастан, тіпті бір бет қағаз да жазып қалдырмастан, мына дүниемен қоштасудың жай-жапсарын жұптап қойған. Қ.Жиенб. * Сәулетайдың ашуланғандағы түрі керім екен! Жоқ, Сәулетай әлсіз емес. Сәулеш, қарада тұр, Майсараны әлі-ақ он орап алады. С.Смат.
