Құландар үйірі. ~ Жесір қатын, жас бала Адасты құба нарынан. Ғаріпшілік күн болды, Сұңқарлар ұшқан қолынан. Ордалы құлан түйсініп, Болды ма қабар тағынан? Мен бишара зар еткен Айырылып сәулет бағынан. А.Байт. («Ерғазы») ~ Құс ұшпас құла түзде жер– көкті тұтас шаңға ораған ордалы құлан кезікті. А.Кем.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОРДАЛЫ ҚАУЫМ
Қалың ел, аталас жұрт. ~ Құдамыз — Алатауды ендей жайлаған, тоқсан бақсы, сексен ақын шыққан сауыкшыл ел еді, батыры бөрі басты ту ұстаған, бағланы айыр қалпақ жұрт ұстаған ордалы қауым еді, жетім балаға торғай құрлы пана таппады, ерінен айрылған соң елдігі де тозыпты, бізге өкпесі жоқ десті. Атқа. М.Мағ.
ОРДАЛЫ ҚАСҚЫР
Ұялас жыртқыштар. * Қалың қырау басқан даладай сықырлаған сұсты топ ауыл қотанындағы қой-қораларға түнде түсіп, бар малды емін-еркін жайратып, күн шыға мекендеріне оралған ордалы қасқырларға ұқсайды. С.Жүн. ~ Бәрінің қабағы қатулы, ең қадірлі бабаларының асын беріп, құдай жолында ақ намазға ұйығандай болған керей жұртын басынып, малға қол сұққан белгісіз ұрыларды қуып жетсе, табан аузында жүндей түтетін ордалы қасқырлар сияқты. С.Жүн. ~ Төбелер басы — қарауыл ноқат, Төбелер асты — төгілген тас бір. Ұйысқан Сарбаз — ұйлыққан көп ат, Секілді бейне ордалы қасқыр. Ғ.Қайырб.
ОРДАЛЫ ЖЫЛАНДАЙ ЫСҚЫРДЫ
Зәрін төкті. ~ Бұл ма еді менің күткен күнім? Осыны тойға жиылған өсекші қатындар тобы сусылдап, ордалы жыландай ысқырып өсекке таңып, жұртқа жайып барды дейді. Қарағым, мен сенен мұның жай-жапсарын сұрамаймын. М.Әу. ~ Сонымен, біресе жапандағы жалғыз жолаушыны қамаған аш қасқырдай анталап, алдан да, бүйірден де снаряд, миналар жарылып, біресе ордалы жыландай жан тітірете ысқырып, сумаңдап оқ қаумалап, біресе үстіңе төніп келген аюдың тісіндей сақылдаған жау танкі ыстықұяң — окопты таптап, солдат өміріне күніне қырық рет қауіп төндірген қырық төртінші соғыс жылының сұрапыл қысы да өтіп бара жатты. Ә.Нұрш.
ОРДАЛЫ ЖЫЛАНДАЙ
Қарақшылық пиғылмен бас қосқан топ туралы. * Ту сыртынан айтылған жалғыз сөз Кенесарының көкірегінде;
«Ордалы жыландай орағандардың ортасынан жоқтаушым табылып жатса өмірімнің зая болмағаны» … С.Әбік. * Бірақ оң жағыңа қарасаң, ордалы жыландай көзі қысық қытайбар, сол жағыңа қараса, тілін қарға шоқығандай шүлдірлеген сартбар, арт жағыңда атаңнан жаулығын үзбеген, Құдайын қойнына тыққан қалмақ бар. Ж.Шәк. ~ Бір-бірінің асты-үстіне кимелеп, шырматылған ордалы жыландай ұйысқан ну жыныс аршаның бұтақтары ештеңе көрсетер емес. Б.Ыб. ~ Ең абзалы — ашуландырмаған ләзiм. Ал, бiр қаһарланды ма, ордалы жыландай түбiне жетпей тынбайды. Ә.Ыб.
ОРДАЛЫ ЖЫЛАН
Жыландар шоғыры, үйірі. * — Айтсам, — деді қария. — Жайықтың арғы бетінде, жалғыз терек түбінде түрі-түсі біз көргеннен өзгеше, тегі басқа, күнгей елден ауып келген ордалы жылан бар. Сол жыланның уын қолға түсіру керек. С.Досан. * Мал ашуы — жан ашуы, күйеуі ет қызумен күрегін сілтеуін сілтеп қалса да, кейін бармағын тістеді: «Осы төңіректі ордалы жылан жайлайды деп естіп ем, алда-жалда біреуі кісі қолынан мерт болса, қалғаны сол адамды аңдып жүріп, ақыр аяғында шағып өлтіреді-міс». М.Қаб.
Қылмыскерлер, қарақшылар тобы; пасық, жымысқы ниет, ұялы тобыр. * Шыңжаң үкіметі жүрегінің басына ащы жалқаяқ запырандай шөккен ескі кегін әсте ұмыта алмаған. Ордалы жылан өз орталарында көз айырмай, қызғанышпен күзетіп, бағып келіп, бір күнде бір-ақ опық жегізген … Ж.Ахм. * Ел бірлігі — жау бетіне ұстар қалқан. Қытай әскерінің қазақ жеріне кіруі, қазақ ұғымында — ордалы жыланның келуімен тең. І.Есенб.* Қарақшының көрдей қараңғы көңiлiнде шұбартып ордалы жылан жатқанын қайдан бiлейiк. Т.Сәук. * Қарақшының көрдей қараңғы көңiлiнде шұбартып ордалы жылан жатқанын қайдан бiлейiк. Т.Сәу.
ОРДАЛЫ ЖҰРТ
Бір аймақты жайлаған ел, халық. * Ақыры міне… Ордалы жұрттың орны ғана үңірейеді. Қаптаған елден карасын да таппайсың. Түгел кетті. М.Мағ. ~ Бір сұмдықты қытай құл, Бастайын деген екенсің, Өтірік шолғын шолам деп, Ордалы жұртым қырғызды, Өрт ішіне өкінтіп, Тастайын деген екенсің! Б.Әл. («Манас»)
ОРДА ШАРҚЫ
От басы, ошақ қасының қамы. ~ Қыс болса, түсіп қалды, қарашаның қары жауды. Алымсағы, берімсегі, соғымы, қаласы, даласы дегендей орда шарқы үйдің жабдығы аз ба? Ж.Айм. ~ – Құдайға шүкір. Ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондырдың… Орда– шарқы үй болдың. Жамағаттарың бар. Біреуден ілгері, біреуден кейін… Қырықта қылау, елуде елік деген… Ж.Айм.
ОРДА БҰЗАР ОТЫЗ
Қайрат-күші бойына сыймай тұрған жастық шақ. ~ Жақында, орда бұзар отызында, өзімен бірге үш жыл жұмыс істеген Миюки деген қызға үйленемін деп айтып кетті. Қ.Түм. ~ — Уа, Балуанияз! Еңіреп өткен ерім, орда бұзар отыз-ақ жасыңда еліңді жаудан қорғап жүріп, майданда қаза болған неткен бақытты едің. А.Өтег. ~ Ордашжан ғой, соның бәріне бас боп жүрген. Орда бұзар отызында, қарашы, «жаман күйеу қайынсақ» боп біреудің топырағын түлетіп жүргенін. Қ.Түм.
ОРДА БҰЗАР ОР ТЕКЕ ЖАС
Күш-қайраты, жігері мол, жігіттік шақ. ~ Егер қазірден бастап етегінен тартып, шаужайына жармаса берсек, өз-өзінен мүжіліп, екі жастың біріне келмей шау тартар, өзін-өзі өшіріп шаршап қалар. Содан соң… «Шарға ұстаған балта едік, шабуын таппай қор болдық», – деп, түңіліп кетуі де мүмкін- ау. Бұлар қазір нағыз орда бұзар ор теке жаста ғой». О.Бөкей.
