Posted in

ОПАТ ҚЫЛДЫ

Мерт қылды; қазасына себеп болды. * — Иттің ғана баласы, ақымақ. Миғұла, мәңгүрт, кеще! Мен сені өзім соттатамын. Он мың сомның машинасын опат қылған сен. Машина менің атыма жазулы. Менің мүлкімді біреуге беруге сенің қақың жоқ. Мен сені соттатамын! Ә.Тараз. * Ханзаданы сіздер білмейсіздер, ол намысқой. Намысшыл адам мұндайда абайсыз өзін — өзі опат қылуы мүмкін. Н.Серал.

Posted in

ОПАТ БОЛДЫ

Мерт болды; қайғылы қазаға ұшырады. * Нарбота — тақыр жетім. Әкесі соғыста опат болған. Шешесі қырық үшінші жылы өкпесіне суық тиіп, кешікпей күйеуінің соңынан жөнеп берген. Ш.Мұрт. * Ұзақ-ұзақ ойға кетеді.

Іштей дұғасы мен мінәжатын бағыштаған сонау опат болған бір рулы ауылдың ендігі тілегі мен тірегіндей көрінетін нәрестесіне күрсіне отырып ғұмыр тілейді. С.Смат.

Posted in

ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАДЫ (ЕТТІ)

Сатқындыққа барды; сертінен тайды. * Оның көңілінде ері опасыздық жасаған әйелдің немесе әйелі опасыздық жасаған еркектің қорланғаны секілді бір сезім пайда болды. Жүрегі қайта сыздап көмейіне жас тірелді. Т.Әбд. * – Неге? Не үшін? Оған не жаздым. Мен емес, күнәhар сол ғой. – Сондықтан да кешірмейді. Аман-сау оралғаның оған қасірет. Опасыздық жасаған адамның бәрінде осындай дерт бар. Ол сенің көрге кірер күніңді тосады да жүреді. Тірісің бе, өкшелеп өмірі қалмайды… Н.Дәут. * — Сабыр, естімеген шығарсың, берік бол. Сүйгенің опасыздық етті, сен майданға аттанысымен, екі жеті отпен Әлжанға ерге шықты. Менің соғысқа өзім тіленіп келуімнің де бір себебі осында . І.Ес.

Posted in

ОПАСЫЗ МІНЕЗ

Тұрақсыз, айнымалы. * Барған жерін жерсінбей жем жеп, су ішпеген соң пышаққа ілініпті. Хайуан болса да қатты өкпелеген шығар. Өкпелеуге тұрмайтын пенденің опасыз мінезін қайдан білсін жануар?.. Ы.Дәб.

Posted in

ОПАСЫЗ ДҮНИЕ (ЖАЛҒАН)

Тұрлауы жоқ, баянсыз, аумалы-төкпелі, мағына-мәнсіз ғұмыр. ~ — Әттең, көмексіз, туысқансыз жалғыздық- ай! Шіркін опасыз дүние- ай! Көрсетпегің осы екен ғой! — деп көзінің жасы сорғалап, амалсыз кетіп барады… Шәк. ~ * Соны тек қана түнгі ұйқысыз күрсінген қамырық арасында жан сырласы Мәкенге ғана айтады. – Дүние не боп кетті!.. Опасыз дүние!.. Қандай қазаға ұшыраттың бізді?.. Осылай таусылып біткеніміз бе?! Кешегі көркем өмір, кең дүние, солғаның ба, кеткенің бе бұл-бұл ұшып, жасқа толы біздің көздер алдынан!.. – деп, сонша ширығып, шерленіп кетеді. М.Әу. ~ Бердібек қанішерден әзер құтылғандай, бір-біріне бастарын шұлғысып, «дұрыс» дейді. Опасыз дүние! Бердібекке қарсы әмірлер Келдібекті қолтықтап кеп Алтын Орда тағына отырғызды. І.Ес. ~ Темірдей саусақтар сыққан тамағынан ішін өртеген ащы өксік әрі де, бері де өте алмай алқымында тас түйін боп тұрып қалды. О, опасыз сұм жалған! Опасыз! Опасыз! Тәңірберген талықсып бара жатты. Ә.Нұрп.

Posted in

ОПАСЫ ЖОҚ

Байлауы жоқ, айнымалы, тұрақсыз д.м. ~ Күн туып ата жаудан кек алатын, Қалмақтың іске аспасын харам ойы. Сұм дүние опасы жоқ жалған екен, Бізден бұрынғы ерлерді де алған екен. Қожаберген ж. * – Мәлике менің ием сіз іздеген, Болмақ па оған оңай қайғы деген. Тұрмайды адам сөзде опасы жоқ, Бармаймын, үз күдерді енді менен. «Нұрғазарын». * Тездетіп, есіл күнім, өтіп кеттің, Сен шіркін, бізден өтіп кімге жеттің? «Мен сенен айырылмайтын!» дейтін едің, Опасы жоқ екен ғой айтқан серттің. Базар Оңдас. * Қолыма осылайша алдым қалам, Дүниеге опасы жоқ қайран қалам. Еліме сәлем жазып жіберсем де Көңілімде толып жатыр қайғы-санам. І.Жанс. * Ол содан оралмады, Өліп кетті, Байлыққа мені белден көміп кетті. Япырай, Опасы жоқ қу жалған-ай, Сұм өлім өзіме де келіп жетті. А.Асылб.

Posted in

ОПАЛЫ ТІРЛІК

Сындарлы, мағыналы, мәнді өмір д.м. * Адалдық — адамдық белгінің алғышарты. Ол жоқ жерде опалы тірлік те жоқ. О.Сәрс. * «Тіфә!.. тіфә!.. Беті аулақ кәпірдің, қыпша бел кәнизакқа аңсарым аумай, қара талқанға қақалып отырып кітап жазғаным опалы тірлік шығар» деп қиялын қайтара жинап алды. Ой түбінен ой терді. Д.Досж.

Posted in

ОПАЛАҢ ДА ТОПАЛАҢ (БАСТАЛДЫ)

Абыр-сабыр болды, әбігерге түсті. * Ау, анау күні кем еді, енді артық болды ма? Опалаң да топалаң қайта басталды. Малды басына ұрып санауды қойып, ертеден кешке дейін қосақтап қойып санайтын болды. С.Бақб.

Posted in

ОПА ШЕКТІ

Пайда көрді, қайыр тапты. ~ Сен бүйтіп аңқаусыма. Бәрін білесің, ішіңде ит өліп жатыр. Бір себептен, бұ да дұрыс. Айналасына сыр шашқаннан опа шеккен адамды әлі көргенім жоқ. Бірақ сен менен сескенбе. Дәл осы тұста қаракет жасап қалайық. Б.Тоғ. ~ Жас кезіндегі жалын атқан арманы қайда? Ақын боламын деп талпынып еді, одан ештеңе шықпады! Әдебиет сыншысы атанып, «жан-жағын жайпап» көріп еді, одан да опа шеккен жоқ. Б.Тоғ. ~ — Сондағы мақсатыңыз не? Қараңғы елді кір жуып кіндік кескен жерінен айырғанда қайда апарып опа шектіресіз? — Шекарадан өтіп, әйтеуір бір мұсылман елін паналамақ едік. Б.Тоғ.

Posted in

ОПА ТАПТЫ (КӨРДІ)

Береке тапты; қызығын көрді; дегеніне қол жеткізді. ~ Өзiң ойлашы, ақын-жазушысы, зиялысы дейтiн кісілері осындай зымияндық еткен жұрт кiмге опа көрсетедi? Қ.Шағ. ~ Опасыз дүниеден өзгелер сияқты өзінің де опа таппағанына өкіне ме? Пішту! Бұны қинаған жай басқа: бұл өз ойынан өзі қашып құтыла алмай жатыр. Ә.Нұрп. ~ – Бақытты, базарлы екен деп басқа еркектің етегінен ұстағанда, ендігі қалған өмірден опа тапқаныңды да көреміз,– дер-ау! Ә.Нұрп.. ~ Апасы жүгіріп ауыз үйден су әкелді, ернін, маңдайын жұмсақ алақанымен дымдап жатыр: « … Тілеулерің алдарында. Қолдарыңды қағар ешкім жоқ. Мыналарың не… Әдіре қалғыр ащы судан опа көрген кім бар еді. Қойсаңдаршы…» М.Сүнд.