Қайыр-шарапатын, қызығын көрмеді, береке таппады. * Дүниеде өзіңді сүймеген, өзіңе кектенген әйелден еш уақытта, ешқандай опа таппайсың. Н.Дәу. * Опасыз дүниеден өзгелер сияқты өзінің де опа таппағанына өкіне ме? Пішту! Ә.Нұрш. * Ақылға сап безбендеп, ақыры опа таппасын білген соң: – Ажырасам, еліме қайтамын! – деген. Т.Сәук. * Мұнымен ерегіскен кісі бәрібір опа таппайды. О.Сәрс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОПА ҚЫЛДЫ
Шарапты тиді; жақсылығы болды. Әйтсе де жолдасқа опа қылайық деп, Қартқожаны қаңғытып, тастап кеткіміз келмейді. Жүріңіздер, әзірше сабыр етіп, Қартқожаны тауып алайық. Ж.Айм. «Ұстараның жүзіндей төңкерілген, ой боқшылықты қу жалған-ай, күні кеше қалың елді мазақ етіп ойнаған бастықты бір күн өтпей жатып басқаның ойыншығына айналдырған қу дүние, сен кімге опа қыласың»… Ғ.Біләл.
ОПА КӨРСЕТПЕДІ (БЕРМЕДІ)
Жақсылық әкелмеді; құтын қашырды.
~ Оны да олай қалдырмаған жон. Сапарға айтып, Әлімге айтып қудыру керек. Қан майданда жүрген байына опа көрсетпеген ол қар бұл қораға опа көрсетер деймісің. Ә.Тар. ~ Сезім, шабытсыз, тек ақылмен,
жөн-жосық, парыз әуенімен ғана ашылып, мына жерде ретті, ретсіз деп есеппен жабылса, ол кімге опа бермек. Жалынсыз көңіл сандығы, кәріліктің жолдасы,- депті сонда екіншісі тұрып. М.Сүн.
ОПА ЖОҚ
Пайдасы жоқ, қайыры жоқ. ~ Арманшыл жанның бәрі де қиял мол шақта Жандарын өртеп, түсетін шығар отты ізге. Махаббат даңқын шығарар ақын болсақ та, Өмірде, мүмкін, сүюден опа жоқ бізге?! Ж.Жақ. ~ Бұлардың бәрібір илікпейтіні белгілі болды. Кетісу керек екен, осылай шекісіп кетісу керек. Ендігі мәймөңкеден бәрібір опа жоқ. Ә.Кек.
ОПА БЕРМЕДІ (БЕРМЕЙДІ)
Қайыры болмады; рахат көрсетпеді. * … кейбір кедейлер: «Бүлінген елден бүлдіргі алма деген, құдай өз талайымыздан жарылқасын; кісі малын ала алмаймыз, Дербісәліге опа бермеген мал бізге де опа бермес» деп тұрып алды. Т.Ахт. * — Сұрасам, осы Әлжанның қатыны Ақбаянда сенің не шаруаң бар? Жиырма жыл отасқан еріне опа бермегенде, саған опа береді деп жүрсің бе? І.Ес. * — Шырағым, бұл қарақалпаққа опа бермеген жер. Ата-бабан «бүлінген елден бүлдіргі алма»,-деп кетіп еді. Әр нәрсеге бір зауал. З.Шүк. * – Бұл — ұрлық-қарлықтан жиналған һарам алтын, ешкімге опа бермейді. Өстіп борық суға тастаса, сумен бірге тазарады. Т.Сәук. ~ Өз рухының үнін өз кеудесінде өшірген жан өзгеге опа бермейді. И.Сап. ~ Есімде, атам жарықтық ештеңемен айналыспай, бос сенделіп жүргенімізге ренжіді. «Құр қарап жүрген жанға опа бермейді. Бір пайдалы іспен айналыс. Ә.Ысқ.
ОҢЫНА КЕЛДІ
Әлдебір істің сәті түсті, жөні келді. . ~ — Иә, сәт! — деді Қара-батыр күбір етіп. — Иә, аруақ! Саспаңдар! — деген сосын жігіттерге дем бере сөйлеп. — Әлі әжептәуір жер. Іс оңына келер, жел қарсыдан. М.Мағ. ~ Көсемсіген қу қалмақ, Қыран Манас көкжалдың, Келіп қалды оңына. Оңы болмай неткені, Аймаңбоз оқтай жеткені, Манастың сайған найзасы, Тесіп өтіп қалмақты, Сыртынан шығып кеткені. «Манас».
ОҢЫНА АЙНАЛДЫ (БАСТЫ)
Оңға басты. ~ Бәрі де алдын ала ойластырғандай оңына айналып келе жатқан. Бүгін үкірдай аулында артық қонақ жоқ, ол өзінің күндегі дағдысынан жаңылмауға тиіс… Иә, дәл солай болды. Қ.Жұм. ~ Мінезі қырсық адамның жұмысы да қырсығады, оңына айналмайды. Ілгері басқалы тұрған ісі де ,кері айналады. Б.Боп. ~ Іс оңына басыпты. Тәжірибе дұрыс шешілген тәрізді. Бірақ, үзділдікесілді қорытынды жасау әлі ерте. С.Ғабб.
ОҢТАЙЫ КЕЛДІ
Сәті түсті. ~ Қазақы дыбыс, қазақы танымнан құтылдым. Советтік әрі халықаралық, қалай аударсаң да оңтайы келетін тамаша есім – Марат. М.Мағ. ~ Қатулы қарасұр болған жайдың бәрін нақпа-нақ айтып беріп еді, анау қақпаның арғы жағында тұрып, қатты кіжінді: — Қап, оңтайы келіп тұрған істі тындырмай! Сені мұнша сужүрек деп ойламап едім. Б.Ыб. ~ Солар алған рейске Алматыға билет сұрады. Оңтайы келейiн десе оп-оңай, кассир үш билеттi ұстата салды. Ә.Ыб. ~ Ол үлкен еліктің қайдан пайда болғанын, оның лағына қатер төнгенін алыстан сезіп, ұзақ жолмен құйындата шауып келген енесі екенін, дәу аюды алдап соңына ертіп алысқа ұзатып, оңтайы келгенде құйғыта шауып жөнеліп, тажалды қара жерге отырғызып кетуді ойлағанын жас елік қайдан білсін. Ғ.Жұм.
ОҢТАЙЛЫ ТӘСІЛ
Ұтымды әдіс. * Ол айтатын: «Жұртты алақанда ұстаудың ең оңтайлы тәсілінің бірі — атам заманнан жұрттың өз ішінен шығатын жансыздар. Сендер органда істейді екенсіңдер, әрқайсың әр жерден жансыз дайындауға міндеттісіңдер». Н.Дәут. * – Менің ойымша, бұл миды жұмысқа икемдеудің, миды жаттықтырудың бір оңтайлы тәсілі іспетті екен-ау! Қ.Бег.
ОҢТАЙЛЫ СӨЗ
Орынды уәж; орайлы пікір. * Ойлау оңай да, ойдың сөзге айналуы қиын. Өз-өзін ақтайтын оңтайлы сөз аузына түспеді. М.Қаб. ~ Әркімнің өзіне оңтайлы сөзі болады. Үйреншікті, меншіктелген. Біреулер жау қайдалаған одағай тіркеске, енді біреу екпіндісіне үйір. Ө.Кәр.
