Posted in

ШАУЫП АЛ (АЛСЫН)

Қолыңнан келгенін істе, көрелік д.м. * Әйтпесе, қойған сұрағыңды екі-үш қайталатып барып, әрең жауап беретінін қайтерсің. Тас естімей де қояды. Ал шауып ал, шамаң келсе. М.Қаб. * Батыр болсаң, оныңды майданда көрсетпедің бе? Тышқан құйрығын көріп жаралы, сенікі сол… Ал, шауып ал, маған не істейсің? М.Сүн. * Бөрібасар. Бұндай спескі жасайтын болсаңдар біз мына окобыңа бармаймыз, ел жігітін бермейді. Дауыстар. Бармаймыз, көнбейміз. Болыс пен ұлығы шауып алсын, міне бізді (болыс сырғып қысылады, Қыдышқа қарайды). М.Әуез.

Posted in

ШАУЫП АЛДЫ

Күш көрсетіп, жаулап алды. * Үкімбайдың тілін Бəйкен екі қыла алмайды кешегі пəленшекеңнің баласы, əлі де шауып аламын, жоқ қыламын десе, қолынан келеді. Ж.Айм. * Кетелер кектесіп, адайдың бір ауылын шауып алады, адам шығыны көп болды. Әлім мен байұлы бертінге шекті тату болмады. А.Кемел. * Жасақ жіберіп Байболат ауылын шауып алуға да оқталған. І.Ес.

Posted in

ШАШ- ЕТЕКТЕН ПАЙДАҒА БАТТЫ

~ — Арам болса қайтеді? Мына тұрған қаланың базарына апарып сатамын, сатамын да шаш–етектен пайдаға батамын. Кәне, мешайт етпей, әрмен тұрыңдар! М.Қаб. ~ Жылу беретін станциялар, жүз миллиондаған трактор, автомашина — бәр–бәрі тоқтаған. Реджинальд екеуміз осынау сәтті коньюктураны пайдаланып, мұнайдың әр баррелін … қазіргі бағасынан он еселеп қымбат сатамыз, сөйтіп шаш–етектен пайдаға батамыз. М.Қаб.

Posted in

ШАТАҚ ШЫҚТЫ

~ Бөкенбай бұндай сөзді бұрын айтпай, кейінірек айтпай, бүгін неге айтып отыр? Әлде бір күні күлік, бір күні бүлік болып отыратын қазақ арасында тағы да бір шатақ шыққаны ма… Б.Мом. ~ Дәл қазір бір шатақ шықса екен деп жатып кеп құдайдан тілеймін, тым болмаса еңкейіп сүйіп алса ғой, бәрі де осымен шешілер еді, жүрегімнің дүрсілі де, ширықкан жаным да жай табар еді-ау! И.Бун. ~ Шатақ шықты. Ел жиналып қалып, бізді аттан түсіріп, кәриелері: — Дәуренбек, сенікі жөнсіз, бұлар жүктерін атына артып бара жатқаны еп емес. Ақыр өзіңнен бір түйе сұраса, бермей қалғаның ұят емес пе? — деп мені жүйелеп жатыр. Б.Мом.

Posted in

ШАШ АҒАРДЫ

1. Жасы келіп, қартайды, шәу тартты. * … сонан жылдар өтер еді; шаш ағарып, жүйке жүн болар еді; жас кездегі жалын, жігер, күш-қайрат күрт кеміп, жүзі мұқалған алмастай, ешкімге, ештеңеге қажетсіз боп қалар еді … Ә.Нұрп. * . Шетел өмірін кітаптан да оқып білуге болады, оған уақыт жоқ, қалыңдығы кере қарыс томдарды оқып біткенше шаш ағарады. М.Қаб. * Шынында да, Ғалекеңді «қартайтатын» мың-сан уайым, қам-қарекеттің, тым құрғанда, ширегі ойына келіп көрмеген алаңсыз бастағы шаш ағарып қайтсін… Т.Шап. 2. Әбден қажыды, шаршады, титықтады. * Е, қайтемін. Кинодан қайтқан сайын Әйешті шыр-пыр қорғаймын деп шаш ағарды. М.Қаб.

Posted in

ШАТАҚҚА ҰРЫНДЫ

Басы бәлеге қалды; істі болды. ~ Әмірбек тыныш жүрмейді Көкімбек дегенмен бірігіп ат ұрлады деген шатаққа ұрыныпты. Тапа-тал түсте Алматыға айдалды да кетті. Б.Тоғ. ~ Оныншы сыныпты әне-міне бітіремін деп жүргенде шатаққа ұрынды, бала. Төрт жылға кесілді, бала. Ә.Тар.

Posted in

ШАШ АЛ ДЕСЕ БАС АЛДЫ

* Жігіттер де даланы жаңғырттыра сөйлеп, қарқылдап күліп келеді: «Шаш ал десе, бас алатын», барған ісін орындамай келмейтін өңшең өжет сарбаздарың емес пе? Ж.Айм. * Және атқарушы болғанда қандай, шаш ал десе бас алатын, жамандық істеуде алдына жан салмайтын, құдай алдында да, адам алдында да айылын жимайтын нағыз есірік нақұрыс еді. С.Мұр. * Оның үстіне қасымыздағы адамдар да шаш ал десе бас алып, мәселені тым асқындырып жіберді. Қ.Жұм.

Posted in

ШАТТЫҒЫ ШАЛҚЫДЫ

~ Нұрланның ашыққан асқазаны да, шалдыққан денесі де азықтанып жадырай бастады, бірақ жаны жүдеу қалпынан көп өзгерген жоқ. Оның жанын жүдетушінің бірі осы қыз. Неге екені белгісіз, осы қыз Нұрланды көрсе шаттығы шалқып сала беретінді шығарды. Ә.Әб.

Posted in

ШАТТЫҚ ҚОНДЫ

Бақытқа кенелді. * — Көйлегім бар,- деді әйелі (қабағына мұң қонды), — Бір бешпетпен жүрсің өзің, міне, қанша жыл болды… Екеуі де менен бұрын оған шаттық қонса деп, Алдыменен ол қуансын, оның көңілі толса деп, Бір-біріне сый ұсынып, бірін-бірі жақтады… М.Шах.