Posted in

ШАТАҒЫМ ЖОҚ (ҚАНША)

~ Өзге суретшілерде шатағым жоқ, менің өмірлік тәжірибем осылай үйреткен. Ә.Асқ. ~ Моральді қой. Сен – менің әйелім емессің. Қалай табасың, шатағым жоқ. Ақшамды өндіріп алсам болды. Т.Сәу. ~ Сен… сені Әшір ұнатып жүр. – Мейлі… Мейлі, мың жерден ұнатсын, онда шатағым жоқ. Мені әуелі десе Асан да ұнатады. Онда менің не жұмысым бар? М.Қаб. ~ “Махаббат” деп мауыққан өзге жұртта шатағым жоқ, үйлене ме, қоя ма – өздері білсін. Ә.Асқ. ~ Бөтеннің мүлкіне біреудің басы ауыра ма. Жау шаппақ түгілі топан су қаптасын, өз жерін өзі қорғап алсын, менің шатағым қанша, қызыңды ұрайын деп, былайғы ағайын былқ етпей шалқасынан сұлап жата берді… Т.Сәу.

Posted in

ШАРУАСЫ ШАЛҚАЙДЫ

Қиын жағдайға тап болды. ~ Хал-қадарынша екі партияның бірін беруге тырысады. Бастықты аяғаннан ұтқысы келмейді. О кісі шахматқа әкесі өлгендей жан-тәнін салады, шаруасы шалқайса, кәдімгідей қызараңдап, шатақ шығарады — шақар… М.Қаб. ~ Екі– үш күн сайын базар араламаса, басы ауыратын қатындар сияқты бұл үйреншікті осы мекеніне келіп қайтпаса, жиі– жиі ат ізін салмаса, шаруасы шалқайып қалардай көретін. К.Сег. ~ Ғажап! О, ғажап! Жезде… Кім жезде? Мен бе? Ол қалай?– деп, оң–солға бұлғақтап, шаруасы шалқая бастап еді, мен жалғыз ауыз сөзбен жөнге салдым: – Әйеште үмітің болса, дәл қазір мені Қарасуға жеткізіп тастайсың. М.Қаб. ~ Қайдан естігенін кім білсін, дәу де болса Абыралы айтқан-ау, баспадағы шаруасы шалқайған жинағын, пәтер күйін тықақтап сұрады. Ал Жапекең баяғы әп-әдемі Жапар ағай. Сөз біреу, құлақ екеу дегендей сынын бұзбай, сыртын салып, бипаз отыр. М.Қаб.

Posted in

ШАТАҚ ШЫҒАРДЫ

Дау көтерді, лаң салды. ~ Бұлар елді қынадай қырып, пәре алды. Жұртты тасқаяқтай қағыстырды. Әсіресе «ат бермеймін» деп шатақ шығарған елдің бар жақсы атын жаздыртып отырып, сыпырып алды. І.Жанс. ~ Ғ а з и з (құшақтап). Иә… кешегі сенің Рақышқа айтқан сөзің шатақ шығармайтын сөз емес қой. М.Әу. ~ Саған еремін деп қайнілерімнің аттарын атап қойдым, Гүлжиһан. Кенже бала атын атағанын естісе шатақ шығарады. Оның мінезі екі ағасының екеуінен де өзгеше, қазір көресің. Х.Ес.

Posted in

ШАРУАСЫ ШАЛҚАҚ

~ Сенің атаң, ұлым, ат баптап, ән салғаннан бөтен ештеңе тындырмаған кісі еді, ел қыдырып, жұмалап жоғалып жүрді, сонда да үйі орынында, шаруасы шалқақ-тұғын. Ж.Нәж.

Posted in

ШАРУАСЫ ШАЛҚЫДЫ

~ Бұл күнде қырықтың жуан ішін аралап, ақбөртеленіп, семіріп алған бай саудагер бүкіл түр– тұлға, сөйлеу мәнерінің өзімен– ақ шаруасы шалқып, тасы өрге домалап тұрған адамның қалпын танытады. Қ.Жұм. ~ Көрші ауданда жақсы бір досым бар еді. Шаруасы шалқып, бағы жанып тұрған. Үйленгенде ел болып тойладық. Қ.Ысқ.

Posted in

ШАРШЫ ТОП

Жиналған жұрт. * Шаршы топтың ортасына үкілі домбыраларын ұстап ақындар шыққанда, желөкпе қазақтың біразының есі кетуге айналды. О.Сәрс. * Кісі жүзін жыртпайтын Әліби мен момын шаруа Пірмән, Шірмәнда соңырағы күні шаршы топқа түсетін шама жоқ. Ә.Нұрп.

Posted in

ШАРШЫСЫНА КЕЛДІ

Кемеліне келді, жетілді, толды. * – Қалай десең де сұм неме күшейіп алды. Ой, залым, қазір шаршысына келіп тұр. Бір жағы – сауда, бір жағы – ұрлық.. Ә.Нұрп. * Соғыстан кейін есін жиып, еңсе көтере бастаған ел құрылысты шұғыл қолға алып, бірінен бірі асырмақ боп бәсекелесіп салған шипірлі ақ үйлер көбейіп еді; колхоз клуб, мектеп салып еді; теңіз шаршысына келіп тұрған сол заманда баладай әлпештеген үйлер қазір, міне… Ә.Нұрп. * Бұл жақта оған тіреліп тұрған не бар? Ағайын-тумалары аман. Аға-жеңгесінің шаруасы шаршысына кеп тұр. Ә.Нұрп.

Posted in

ШАРЫҚҚА ҚАЙРАҒАНДАЙ

Өткір. ~ Бұлар неге тым азғындап кеткен? Әйем құдайдан жатпай-тұрмай ұл сұрағанда аяғы осылай болсын деп сұрады ма? Жоқ, әрине. Ала жіпті аттамайтын адал, жігерін шарыққа қайрағандай намысшыл, тірліктің көлденең шыршуына мойымайтын қажырлы перзент сүйсем деп армандамады ма? Ә.Ыб.