Күнәсіз, пәк көріну. ~ Айтуар орнынан солбырайып түрегелді. Жағы қырланып жымиды. Нақа айдан аяғы салбырап түскен періште кейіпте. Д.Дос. ~ Шалғайдан сұлу графиняның періште кейпі көзге шалынды, мінсіз ару хор қызындай құлпырып еліктіріп, елітіп барады, алақандай аялы жанарын неге мұң торлады екен?! А.См.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ПЕРІНІҢ САЛҚЫНЫ ТИДІ
Ақылы кеміді, есінен айрылды. ~ Бұған тиген су перінің салқыны, Салқыны емес, бейне оттың жалқыны, Қол– аяғың отішінде қалқиды. Бойыңды улап, басылған екен қарқыны. Ж.Айм. ~ Қырымда Ай–Петри деген тауда елес көп көрінеді. Түсінбеген адамдар мұндай елесті дәу пері деп қорқуға, тіпті есінен танып қалуға болады. Есінен танып қалса, түсінбеген қазақ сияқты елдер дәудің, перінің салқыны тиді дейді. А.Байт. ~ Ақыл кемдігі туралы ел ішінде түрлі әңгіме бар. Біреулер жылым арқанын орап жүргенде, басына терте ағаш соққан дейді. Басқалары перінің салқыны тиген дегенге илантады. Ж.Кем.
ПЕРІ ШАЛЫҚТАП, ЖЫН ИЕКТЕДІ
Есінен ауысты, жынданды. ~ Аруақты, арқалы Біржанды “елірме есуасқа” балап, айбозым Ақанды “пері шалықтап, жын иектегенге” санап, серілік пен салдықтың құдайақы құнын көк тиынға түсірген нәкәс надандыққа не дерсің?.. И.Сап. ~ О, зәлім! Оп-оңай өле қалғың келеді, ә! Жоқ! Мен сені алдымен Жындысайға апарып, керіп тастатам. «Сал жынданды! Біржанды пері шалықтап, жын соқты!» деп ел-жұртыңды бездірем! Қырық күн аузыңа нәр тамызбай, жұқартып, үзілтіп өлтірем. С.См.
ПЕРІ ҚАҚТЫ
Ақылынан адасты. ~ Тіл-аузы байланған адамша үн-түн жоқ жатты да қойды. Әкім жаман қорықты, ауылда пері қағыпты деген ауруды жұрт жиі айтушы еді, өзінше сол ма деп ойлады. К.Қаз. ~ Қараңғылық қоюлана түскен сайын Түгелдің ойына «елсізде дию, пері болады, жалғыз жүрген адамды пері қағып кетеді» деген сияқты қайдағы– жайдағы қорқынышты әңгімелер оралып алағыза берді. Ү.Жәл.
ПЕРЗЕНТ СҮЙДІ
Балалы болды, нәресте көрді. ~ Бектөбедегі сіргелі Дәу Қалидың қызына үйленіп, содан перзент сүйіп, осы елде мүлде тұрақтап тұрып қалған. Қали атам – тегін емес, аруақты адам. Ш.Мұр. ~ О да болса ұмытылмас бір дәурен екен. Енді ойлап жатса, өзі де перзент сүйген баласының бір ғана сәтке менменшіл көңілмен аталық танытқан мақтанышты ықыласын елемепті-ау сонда. С.См.
ПЕРДЕНІ АШТЫ
Ашық әңгімеге көшті, жасырын сырын ортаға салды. * Көбінесе жай сөз сөйлестік. X. қаласының өсегі, әркімнің біз туралы сөзі, менің оқыған қыз туралы пікірім… Мұнда келгендегі бір мақсұтым… тағы сондай жанама сөздер. Аяғында пердені ашу керек дестік. Ж.Айм.
ПЕРЗЕНТ КӨРМЕДІ
Бала көтермеді. ~ Ал Нұрбике сұлуды алған Әбілқайыр дүниедегі бар арманына жеткендей болды. Тек жанындай жақсы көрген сүйікті тоқалынан перзент көрмеді. Бірақ хан оған опық жеген жоқ. І.Ес. ~ Ғұмыры бір-бірінің бетіне тіке қарап, шәлкем-шалыс келген де емес, күйіп-жанып өртеніскен де жоқ. Перзент көрмеді, бір қызығы оған онша қиналмапты да. М.Қаб. ~ Қайсысын айтайық, әлі есімде аталас бір ағамыз кіндігінен перзент көрмей, інісі бауыр етінен жаралған баласын қиып ағасына берді де, отбасымен нағашыларына көшіп кетті. Ж.Аяз. ~ Арыслан, шырағым сені тектінің тұқымы еді, перзент көрмей сорлап жүр деген соң жалғыз қарындасымды атастырған жерінен бата бұзып, тоқалдыққа беріп едім. С.Досж.
ПЕРДЕ ЖЫРТТЫ
Бүлік, шатақ шығарды. ~ Бүгінгі игі жақсыны ауылыңа жиып алып, осылайша басқа соқ! Абыройын төк! Бет жырт, уә, перде жырт! Балаға да, малшы-жалшыға да құрық бер!.. Бұза бер!— деп, қолын бір-ақ сілікті. М.Әу.
ПЕРДЕ ЖАМЫЛДЫ
Айнала күңгірттеніп, сағымға оранды, бұлыңғыр түске енді. ~ Айнала маң еңкейіп қалған кешкі күннің шатқалдарға түсірген көлеңкесімен көкшіл шұғыла мұнарға бата бастаған. Тышқан ізі түспеген сай — сайдың қойнауы елбіреген бозғылт — көк перде жамылыпты. Ж.Ахм. ~ Түрген суының төмен құлап кеткен жолында Назардың солтүстікке, ойға қарай салбыраған тұмсығында қарауытқан шұңқыр сияқтанып тағы да қалың қарағай көрінеді. Ол көк сағымға оранып, жеңіл көк жібектей перде жамылған. М.Әу.
ПЕНДЕ БОЛДЫ
Шарасыздыққа душар болды, бейшара халге түсті. ~ Көргендей жол бейнетін жүзің сарық, Тұсыма қалың топты келдіңжарып. Торға түскен тұйғындай пенде болып, Айрылған ел-жұртынан мен бір ғаріп. «Қыз Жібек».* Жетелеме теңізге сен де,желік, Жетер, жетер жүргенім пенде болып! Сен де менің аулама көңілімді Қырымды іздеп қияннан келген елік… М.Мақ. ~ — Алланың үкіміне жүрмін көніп, Зар болдым жаққан шырақ отым сөніп. Құдайым айырған соң қосағымнан, Отырмын жау қалмаққа пенде болып. «Қыз Жібек». ~ Кемшілік деген жаман екен, жіберіп алсаң, ол сол бойда иығыңа қарғып мінсе, демнің арасында пенде болып қалады екенсің! Адыра қалғыр дүние-ай десеңші!.. С.Үс.
