Тағдырдың жазғанын көнді, маңдайына бұйырған тағдырға мойынсұнды. ~ Бір күні балалардың ойнағанына бүйірім қызып, төңбекшіп ұйқым келмей, не де болса, құдайдың салғанын керермін деп, тұра сала ойынға мен де бардым. Ж.Айм. ~ Ұлтқа жақын жүрсең ұтылмайсың, айналайын, Қасымхан! Менің осы сөзімді ешқашан есіңнен шығарма. Қалғанын пешенеден көре бересің ғой. Ж.Баб. ~ Жазылар естеліктер нешелеген, Көрерміз оның бәрін пешенеден. Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе — Кешеді өлең немесе өшеді өлең! М.Мақ. ~ Санжар–екең ешқашан өрмекші болып өмір сүрмейді, жақсыны да, жаманды да пешенесінен көреді, табиғатқа тарта туған талайынан табады. Д.Дос.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ПЕШЕНЕГЕ (ПЕШЕНЕСІНЕ) ЖАЗЫЛҒАН (ЖАЗҒАНЫ)
Тағдырдың бұйыртқаны; маңдайына жазғаны. * Қол- аяғың байланып, пышақ қыл мойынға тақалғанда, туладың не,туламадың не? Мұны пешенеге жазған тағдырдың ісі деп ұғыну керек. Қ.Жұм. * Қариялар айтпақшы, Қауғабаевтың пешенесіне солай жазылса, бұл қайтпек? О.Сәрс. * – Едіге енді не десем екен дегендей ойланып тұрды да, сөзін сабақтады. – Марқұмның пешенесіне жазылған дәм-тұзы таусылған екен де. М.Мағ. * – Төрем, қаттысын – қайырып, жұмсағын – жымырып, пайда-пақырды ойлау құдай пешенеме жазған кәсiп дейсiң бе? К.Сег. * Пенденің пешенесіне қанша дарқандық, қанша сараңдық жазылған десеңші! Ш.Айт. * – Енді әркім өзінің пешенесіне жазғанын көреді ғой. Ж.Бабалық.
ПЕРУАЙЫНА АЛМАДЫ
Көңіл бөлмеді, ескермеді, мән бермеді. ~ Шіркін, талай түн қараңғысында жау жеттілеп шу көтергенмен бетпе- бет келуге жүректері дауаламай, тап берсе киіз үйге қарай безіп жоғалатын қосүрей маң төбеттердің байбаламын пәруайына алмастан қотанға кіріп кетіп, ынжық хайуанды қолтықтап алып, асықпай сайға қарай жүріп кетуші еді. К.Сег.
ПЕРІШТЕСІ ШОШЫНДЫ
Тіксінді, күнә санады. ~ Онымен қоймай арақ-шарап араласқан жын-шайтандардың дастарханына тарта бастады. Атамның жайнамазына жағаласып өскендігімнен олардан жаным түршігіп, періштем шошынды. Ж.Шәк.
ПЕРІШТЕНІҢ ОҒЫ
Көне ұғым бойынша найзағай періштенің оғы деп саналған. ~ Оқымаған адамдар найзағаймен періштелер шайтанды атады деді. Найзағай періштенің садағының оғы деп түсінеді. А.Байт. ~ Жүк тасиды, пойыздарды да сүйрейді. Сүйтіп, қазақтың періштенің оғы деп, орыс жұртының Ілиястың арбасы деп жүрген найзағайын ғылым тесік құлақ құлындай-ақ қылып, жұмысқа салып қойды. А.Байт.
ПЕРІШТЕНІҢ ҚҰЛАҒЫНА ШАЛЫНСЫН
~ Мал пұлы бұйырсын! — Періштенің құлағына шалынсын. Осылайша бір- біріне игі тілек арнасып, дабырласып бара жатады. Б.Мом. ~ Адамның аузындағы сөз періштенің құлағына шалынып, Алланың назарына ілігетіні рас шығар. Ж.Ш. ~ …көптің тілегі періштенің құлағына шалынып, жас жұбайлар тәту- тәтті өмір сүріп, кешікпей іңгәлаған нәрестенің дауысы естілсе — Елубайдың арман- мақсаты мүлтіксіз орындалар еді. Қ.Жиен.
ПЕРІШТЕНІҢ АУЗЫНАН ТҮСКЕНДЕЙ
* Өзiн қанша сендiргiсi келсе де, көңiлi құрғыр үрккен аттай осқырынып, ол ойдың аулына аяқ басар емес. Оны тiптi мың жерден сүйкiмдi, перiштенiң аузынан түскендей сұлу болса да қабылдағысы жоқ. Т.Сәу.
ПЕРІШТЕ ТҰТТЫ (САНАДЫ)
Пендешілігі жоқ, пәк адал, рухы биік тұлғаға балады. ~ Ал, Мақан ойына келгенін жасайды. Асыл періште тұтқан, адамзаттың сұңқарына балаған Нәзияң тырдай жалаңаш күйі Мақанның алдында ербең– ербең билейді? Неге билейді? Не үшін билейді? С.См. ~ Жалт етпе жалтыраққа жанарын жұмсай берсе, Періштеде не сән, не мән қалмақшы? Тегінде, бүл өзін періште санап жүрген “перуайымдардың” ойлап тапқан сандырағы болса керек. И.Сап.
ПЕРІШТЕ ҚАҚТЫ
Періштесі қорғап қалды. * – Бұл не сұмдық? Iзiмiзден шайтан аңдып жүр. Әйтпесе неге жаңағы бiз түбiнде тұрған арағайға жай түседi? – Шайтан айналдырғанмен, перiште қақты! – дедi Әзиз-Сұлтан өзiн зорлай езу тартып. Т.Сәу. * Қарындары шқан болар-ау, бірақ қорқыныш бәрін буып-түйіп тастаған секілді. Бақтарына періште қақты ма, аттылар бұл жаққа көзін салмады. Тағы да кімдерді сорлатайын деп барады екен? К.Қаз. ~ Ақ халатты абзал жандар олардың дәріден уланғанын білісімен аудандық ішкі істер бөліміне хабарлаған. Ал, таблетканы жарым-жартылай пайдаланған екі оқушыны періштелер қаққан болу керек. «ЕҚ».
ПЕРІШТЕ КӨҢІЛ
Ақ, адал, кіршіксіз пәк көңіл. * Бірақ сары қыз Палмақанның періште көңілін аяқ астынан ойрандап кетті. О.Сәрс. * Айдынды сүйген аспанды, Періште көңіл ластанды. Жасандылықтан безгенде, Жасанды көлге жас тамды. М.Мыса. ~ Әйтеуір, пендегеде, хайуанға да залалы жоқ, қайғы-мұңсыз, періште көңілмен жоспарсыз ғұмыр кешкен диуанадай Дәулет ағаны үлкендер жағының қатарға тартпайтынына кәдімгідей шамырқанамыз. Ж.Кем. ~ Бұл өмірден сыбағасын адалынан алуға пейілді періште көңілдері шындық пен әділдік әлі де болса осы алаңда, тек оны жолдағы жолбикелер бұрмалап жүр деп сенетін еді. Е.Әл. ~ Пендешілікке періште көңілмен қараған Мұқағали поэзиясының қайнар көзі- туған елі,өскен жері. Ол нені айтса да, нені жазса да туған өлкесімен үндестіреді. М.Пар.
